«Өгей әкем үшінші әйелім бол деп ұсыныс жасады»: алматылық бойжеткен білікті заңгерлерден кеңес сұрап отыр

0
5 010

«Өзінің ойы орындалмаған соң, кенже ұлын араға салып отыр»


«Өгей әкем үшінші әйелім бол деп ұсыныс жасады»: алматылық бойжеткен білікті заңгерлерден кеңес сұрап отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ағасынан зорлық көрді, туысы арын таптады» деген оқиғаларды оқысам жүрегім зырқ ете қалады. Күндердің күнінде менің де басыма осындай жағдай түсе ме деп қорқамын. Себебі әкемнің есі ауыса бастаған сияқты. Маған «бір болайық» деп ұсыныс жасап жұр», - дейді Аида есімді алматылық бойжеткен.


Аиданы ата-анасы кішкентай кезінде асырап алған екен. Күні кешеге дейін бұл жағдайдан бейхабар болып келіпті. Бар шындық анасының қазасынан кейін айтылған. Болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Менің балалық шағым өте жақсы өтті. Әкем мен анамның ерке, сүйікті қызы болдым. Үйде менен басқа бала жоқ, әкемнің бірінші отбасынан екі ұлы бар, бірақ олар есейіп кеткен. Сондықтан ата-анам мені барынша еркелетіп, айтқанымды заң көрді.


Анамның химиялық тазалау орны, киім сататын дүкендер желісі болатын. Әкем соның есеп-қисабын жүргізіп, керек-жарағын жеткізіп берумен айналысатын. Екеуі өмір бойы тату-тәтті тұрды деп айта алмаймын, кішкентай кезімде анам әкеме көп ренжитін. Кейде әкем екі-үш күндеп үйге қонбай, кетіп қалатын.


Қазір ойлап отырсам, анам күйеуін оның бірінші отбасынан қызғанған сияқты, әлде бірлесіп істеп жүрген бизнесінде әкем қателік жіберіп, көп шығынға батты ма екен. Әйтеуір анам «еркекке сенбе, екі босағаңа сен» дегенді көп айтатын. Сол себепті демалу дегенді білмеді, таңның атысы, кештің батысы дүкендерді шарлап, сатушылардың жұмысын өзі қадағалап, тауарын түгелдеп беріп, шаршап жүретін.


Мен есейе келе анаммен көп сырластым. Ол маған ересек адам деп қарады. Сырын жасырмай айтып беретін. «Біз сені асырап алғанбыз. Мен бала көтере алмадым. Әкеңнің бұрынғы отбасынан екі перзенті болған соң, менің туған-тумағаным оны аса қызықтырмайтын. Сол себепті біз бала асырап алуға бел будық» деп маған бәрін сабырмен, ақылмен түсіндіріп берді. Анамның ашықтығына, асырап алса да бар мейірін төгіп өсіргеніне риза болдым.


Мектеп бітірген соң Түркияға оқуға түскім келді. Ата-анам оған қарсы болған жоқ. Өз күшіммен тест тапсырып, қалаған университетке грантқа түсіп кеттім. Ол жақта үш жыл тұрдым. Өкінішке қарай оқуымды Түркияда аяқтай алмадым. Мен төртінші курсқа өтетін жылы ковид шығып, анам қатты науқастанып қалды. Жазғы каникулға келгем, анамның қызуы көтеріліп, үшінші қабаттағы пәтерімізге көтерілгенде ентігіп, ауа жетпей, қатты ауырды. Өзінің демікпесі бар-тұғын. Асқынып кетпей тұрғанда ауруханаға жатқызайық деп әкем екеуміз таныс дәрігермен кеңесіп, апарып орналастырып келдік. Үш күн телефон арқылы сөйлесіп, артынан ас-суын апарып тұрғам. Төрінші күні дәрігерлер анамның реанимацияға түсіп қалғанын айтты. Ол жақта телефон ұстауға тыйым салған екен. Сол бойы мен анашымды көре алмадым. Жансақтау бөлімінен жансыз денесі шықты. Ковидтің кесірінен астмасы асқынып, беті бері қарамапты.


Анам жазғы демалысқа келгенде бірдеңені сезгендей ерекше боп жүрді. «Түріктің елін көрдің, құмарың қанған шығар. Енді оқуыңды елге ауыстыр да, дүкеннің жұмысын өзің басқар. Тауарды қалай алу керегін, қалай сатуды титтейіңнен көріп өстің ғой, осы бастан бизнесті басқаруды үйрене бер» деп екі-үш рет айтқан. Анам қайтқан соң сол өтініші бойынша оқуымды ауыстырдым. Анам сол жылы көктемде үш дүкені мен үйімізді менің атыма жаздырып қойған екен. Химиялық тазалау орнынан түсетін табыстың тең жартысы да маған тиесілі бопты. Осыны естігенде әкемнің бүкіл болмысы өзгеріп сала берді.


«Сен біздің асырап алған қызымызсың. Қалайша Райхан бүкіл дүниені бөтен біреуге беріп кете салды» деп нотариустың көзінше қырғын салған. Кейін бұл жағдайға көндіккендей кейіп танытып жүрді. Ал қазір ол маған қол жүгіртуде.


Бір күні жұмыстан кейін сыныптас құрбыларыммен караоке-барға барып, түнге дейін көңіл көтердік. Үйге кеш келдім, есікті өз кілтіммен ашып, бөлмеме кіріп, жатып қалғам. Бір кезде әкем кіріп келіп, жаныма жайғасты. Бала күнімдегідей шашымнан сипап, маңдайымнан сүйді. Әке мейірімін сезінгендей көзімді жұмып жатқам, бір кезде ернімнен сүйіп, көрпемді аша бастады. Сол сәтте оны итеріп жібердім. «Неменеге бұлданасың, мен жалғызбын, саған да жігіт керек. Бірге болайық, Райханның ісін бірге жалғастырайық» деп неше түрлі сөздер айтты. Ішіп алған екен. Түн ішінде үйден шығып, дүкенге кетіп қалдым. Ертеңіне полицияға арыз жазуға барып едім, ондағылар «сізді зорлаған жоқ, құр сөзге бола жауапқа тарта алмаймыз» деп қабылдамай қойды.


Қазір мен өз үйімнен кетуге мәжбүр болып отырмын. Әкем деп келген адам дүние үшін маған зорлықпен үйленіп алмақшы. Дүкенге де қайта-қайта келіп, кешірім сұрап, үйге қайтуымды өтініп жүр. Бірақ мен онымен енді бірге тұра алмаймын. Тіпті түріне қараудың өзі жиіркенішті. Маған өзінің шамасы жетпейтінін білген соң бірінші некесінен туған кіші ұлын жіберіп жатыр. Онысы «мен сені ұнатып қалдым» деп қыр соңымнан қалмай жүр. Әкелі-балалы екеуінің ойлағаны дүние боп тұр. Бұл адамдардан қалай құтыларымды білмеймін. Маған мықты заңгер, адвокаттардың кеңесі керек еді...»