​«Көршімнің етін ұрлады»: Шымкенттік ана келінін төркініне өзі апарып тастаған

0
9 731

Бірақ ұрлық жасады деп жас отбасын ажырастырып жіберу дұрыс па?


​«Көршімнің етін ұрлады»: Шымкенттік ана келінін төркініне өзі апарып тастаған

Шымкенттік ана өзінің әрекетіне өкінбейтінін және басқаларға сабақ болсын деп басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген еді.

«Үш жыл шыдадым. Үш жыл бойы алыстым ұрлығымен. Адам болмады. Қанында болса, ертең немерелеріме өтеді. Әулетімнің тектілігін олай бұза алмаймын. Ұлым да шаршады, соңында құданың алдына апарып тапсыруыма тура келді. Көршімнің жаюлы тұрған етін ұрлап, бізге асып берген соң не дейін?!», - деп күйінген ана келінінің біршама қылықтарын тізіп айтып шықты.


- Мұны не үшін айтып отырмын? Ұрлық дегеннің тым жаман әдет екенін және қолының сұғанағы бар жаннан мейлінше аулақ болуды ескерткім келеді. Мұны бала тәрбиелеп отырған ата-аналар да оқысын, тоқысын. Сұғанақтық, ұрлық деген баланың бойына жастайынан бітеді. Оған әлдене себеп болады, бір жағдайлар соған итермелейді. Сондықтан балаға мұқият болу керек, - деп алдымен ақылын да айтып өтті.


Бес бірдей келін түсірген шымкенттік ананың кенже ұлының таңдағаны өкінішке орай, өзінің айтуынша, шашау жатқанды іліп ала кететін жан болып шығыпты.

- Біреудің ала жібін аттап көрмеген, тауып алған бір сабақ жіптің өзін иесіне қайтарып беретін мен үшін, балаларым үшін кіші келін тосыннан түскен апаттай болды. Ә дегеннен үйде әшекей бұйымдар жоғала бастады. Бұрын-соңды ондай болмаған соң соңынан келген адамнан күдіктену орынды жағдай. Бірақ күдіктенсем де келінімді ондайға қимадым.


Алдыңғы ұл мен келін әлі бөлек шыға қоймаған кез еді. Екі кештің ортасында екеуінің даусы шықты. Үлкен келіннің айтуынша, кішісін ұрлық үстінде ұстаған. Ол мойындағысы келмеді. Күдігім тағы күшейді. Басқаларға білдірмей екеуін тез бастым, ұлдарыма айтуға тыйым салдым.

Үйдегі ұрлық онымен тоқтамады. Қыдырып келген сіңлімнің сөмкесінен әжептеуір ақша жоғалды. Бір аптадай қонақтаған оның қайтар кезде кібіжіктеп бірдеңе айта алмай тұрғанын байқадым. Сөйтсем, сөмкесіндегі 70 мың теңгесінің жартысы жоқ болыпты. «Бірдеңеге жұмсап қойған шығарсың, қайда кетеді?» деп бой бермедім. Бауырым ғой, менің жағдайымды түсінген ол үндемей кетті. Масқара болдым.

Содан кейін де бірнеше рет үйге келген қонақтарының ақшасы, қымбат бұйымы жоғалған соң туыс-жегжаттың арасына жаманатымыз жайыла бастады. Содан кейін кіші келінге қатал бола бастадым. Өзім ұстап алмаған соң бірдеңе дей де алмаймын. Ұлым да бірдеңені сезді ме, араларында жанжал шыға бастады. Басқа ұлдарым келіндермен көзімше әй деспеуші еді, бұлардың жайы белгілі болды.


Бір күні екеуі кеткен отырыстарынан ертерек оралды. Қақпадан кіргеннен келін жылап, бала айғай сала бастады. Жүгіріп шыққан біз ұзын-ырғасынан түсінгеніміз, келін қонаққа барған үйдегі бөтеннің киімінің қалтасын қарап тұрған жерінен басқа біреу көріп қойған секілді. Келін мойындамайды, ұл мойындата алмай жаны күйіп барады. Абыройы айрандай төгілген соң қандай жігіт шыдасын ондайға?! Әзер жарастырдық. Келінге біраз ақыл айттым, ештеңеге мұқтаж еместігін астарлап түсіндіргендей болдым. «Ұрлық жасағаныңды қой» деп қалай айтамын, ұсталмаған соң?!


Ең масқарасы көршінің жаюлы тұрған етін ұрлағаны болды. Бәрін қойып енді ет ұрлағаны шектен шықты. Масқара болғанда сол, келінім сыртқа қойған бейнекамераға түсіп қалған. Бір күн бұрын төркінінен келген. Ертеңіне мұздатқышта мол боп тұрған етті көрсетіп құдағидың «сыбаға беріп жібергенін» айтты.

Оны сол күні қазанға салып асып, кешке құда-құдағиға алғысымызды айта отырып алдымызға ала бергенде көрші әйел келді. Сыртқа шығуымды өтінген оның айтқанын естігенде құлап қалайын дедім. Үйіне қарай ертіп барып, экраннан келінімнің жаюлы тұрған етті ұрлап жатқанын көргенде жерге кірердей болдым-ау. Масқара-ай, не бетімді айтайын?!


Үйге келген соң келінді асқан етімен, киім-кешегімен жинастырып, төркініне өзім апарып тастадым. Әлгі ұрлаған сәтін телефонға жазып алғанмын. Құда-құдағидың алдында жүзімді ашып алдым. Баламды да ертіп алғанмын. Ол да мен білмеген бірнеше оқиғаны сабырмен айтып берді. Біреудің қымбат телефонын ұрлап әкеліп, оны әрең дегенде иесіне қайтартыпты. Онысын мен білмеймін. Бәрін тәптіштеп айтып, бұдан кейін шыдай алмайтынымызды айттық. Келін мойындаудың орнына бақырып-шақырып, анасы екеуі қарғыс жаудырып кетті.


Тек құда ғана «Қайтейін, кеш білдім ғой мұндайын... Тәрбиеде осалдық жібердім, тұрмысқа шыққан соң қояр деп едім... Құдағи, Сізге өкпем жоқ. Орынды айтып отырғаныңыз...» деп кірерге тесік таппай қалды. Дардай азаматтың еңсесін түсіргеніме өзім ұялып кеттім.


Бірақ мен де әулетімді, ұлымның ұрпағын ойлауым керек. Үш жылға жетпей берекесі кеткен баламды құтқардым деп ойлаймын. Содан кейін де құрсағына бала бітпеген болар... Құдайдың көзі тура болсын, қазір ұлым екінші рет үйленудің қамын жасап жүр, адалынан жолықса екен деп тілеймін, - деп аяқтады әңгімесін шымкенттік ана.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Жеті шелпек тарату күнә дейді»: түркістандық ана баласының қылығынан шаршағанын айтты


«Келінім бойдақ жігітке тиіп алды»: Шымкенттік ана қазақтың салтын дұрыс орындамағанына өкінеді