​«Көрші келіншекті өз төсегімнен ұстадым»: алматылық әйел күйеуінің көңілдесін ауылдан қуып шыққан

0
7 302

«Бүкіл ауыл біледі екен сырын...»


​«Көрші келіншекті өз төсегімнен ұстадым»: алматылық әйел күйеуінің көңілдесін ауылдан қуып шыққан

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бұл өмірде ең жақыным деп сыйлап, құрметтеп келген адамның асыңды ішіп, көрпеңді тіліп кеткенінен ауыр нәрсе жоқ екен. Мені өзімнің көздей көршім сатып кетті. Сіңлімдей көріп, бауырыма басып, өзімнің қымбат-қымбат киімдерімді беріп жүрсем, ол менің күйеуіме көз салып, ақыры тұзағына түсіріпті», - дейді Ақбөпе есімді алматылық әйел.


Көршісінен көңілі қалған оқырманымыз болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Әйел байғұстың басына бар тауқыметті үйіп-төгіп бере салған ғой. Танымайтын ортаға келін боп түсесің, сол әулеттің отымен кіріп, күлімен шығып, ұрпағын көбейтіп, ене, күйеу дегендердің қас-қабағын бағып, ысығы мен суығына қатар шыдап, «енді бәрі қалпына келді ғой, бақытты ғұмыр кешетін шығармын» дегенде тағы бір сынақ алдыңнан шығады. Меніңше, мұндай нәубет әйелдердің көпшілігінде кездескен шығар. Біреуі айықпас дертке шалдығып жатады, біреуінің күйеуі орта жолда бақилық болады, енді бірінің күйеуі менікі сияқты, өзге қатындарға көз тігіп, құтырынып шығады.


Біздің отбасымызға да сұр жылан түсіп, айрандай ұйып отырған отбасымның шырқын бұзды. Жасым елуге таяған шақта, келін алып, немере сүйетін жасқа жеткенде көрші әйел ту сыртымнан пышақ ұрды. Бірақ мен жылап-сықтап, «пешенеме жазғаны осы екен» деп қарап отырмадым. Екеуінің де сазайын беріп, күллі әлемге масқара еттім.


Біз ауылға осыдан үш жыл бұрын көшіп келдік. Бұған дейін қала орталығында, төрт бөлмелі пәтерде тұрғанбыз. Балалар есейіп, жер алып, өз күштерімен еңселі, екі қабатты етіп үй тұрғызды. Қаладан шеттеу демесең, ауасы таза, жанға жайлы жер екен. Үйренісіп кеттік. Таңертеңнен кешке дейін бәріміз қызметтеміз. Біраз уақытқа дейін айналамыздағы көршілерді танымай жүрдік. Кейін отбасымызбен ақылдасып, көршілерге бір шәугім шай берейік дедік. Сонда бір үй ары тұрған Ботагөз деген келіншек бәрінен ертерек келіп, қолғабыс еткен. Маған «әпке» деп бірден іш тарта сөйлеп, туысымдай араласып кетті.


«Жұмыс істемеймін, бұрынғы күйеуіммен ажырасып, бір баламмен қазіргі күйеуіме шыққам. Одан бір қыз таптым. Бірақ күйеуім қызғаншақ боп шықты. Тырп еткізбейді. Таңертеңнен кешке дейін үйде, балаларға қарап отырам. Шынымды айтсам, ішім пысып кетеді. Сіздер көшіп келгенде дұрыс адамдар боп шықса болар еді, араласатын деп іштей тілеп едім» деп мен сұрамай жатып сырын ақтарып салды. Оның ақкөңіл, адамды жатырқамайтынына қуандым. Қайдан білейін, ішінде үйдей бәле барын...


Қызметте болғасын қонақ күтерде қиналып қалатынымыз рас. «Жасап қой» деп бұйыратын келін жоқ, қыздар тұрмыста. Сосын әлгі Ботагөзге бір рет өтініш білдірдім. «Айналайын, сіңлім, қолың бос болса маған көмектесе аласың ба, кешке үйге құрдастарымыз келетін еді. Бір-екі сағат ертерек барып, қазанға ет салып қойшы, кешке күйеуіңмен бірге біздің үйден ас ішіңдер» деп едім, бір сөзге келген жоқ. «Болды, қатырам бәрін» деп кірісіп кетті. Үйге келсем дастарханым жаюлы, қазаным асулы. Қолынан келмейтіні жоқ екен, бірталай нәрсені пісіріп-түсіріп үлгеріпті. «Ойбай-ау, мынаған керек заттарды қайдан алдың?» деп күлдім. «Осы үйдегі ағаға айтып едім, бәрін жеткізіп берді» деп қайран қалдырды. Өмірі пакет көтермейтін кербез күйеуім осылайша үй шаруасына икемделе бастапты. «Қартаяйын деген ғой» деп онысын жақсылыққа жорып қоям.


Бұрын ол қонақ күткенді онша жақтыра бермейтін. Жер үйге келгелі апта сайын қонақ күткісі келетінін айтады. «Жер үйіміз кең ғой, күтейік» деп белсенеді. «Қолың тимесе көршіге айт, тиын-тебенін беріп қоямыз» деп қосатынын қайтерсің...


Сонымен мен екі жыл бұлардың лас тірлігінен хабарсыз жүре беріппін. Бір күні ауызашар беретін болдық. Тағы да жұмыстамын, сұранған едім, басшымыз жібермей қойды. Содан көрші сіңліме өтініш білдірдім. «Уайымдамаңыз, қолым бос, бәрін қатырып қоям» дегенге сеніп, барлық керек-жарағын бір күн бұрын жеткізіп бердік. Ертеңіне жұмыстан ертерек қайттым. Ауа райынан ба, әлде ауыз бекіткеннен бе, түсткен кейін мазам кетті. Қан қысымым түсіп кетіпті. Менің бозарған түрімнен қорықты ма, үйге қайтарды.


Мені кешкі алтыда бір-ақ келеді деп ойласа керек. Үйге ешкімге айтпай, таксилетіп жетіп барсам, күйеуім мен көрші Ботагөз төсекте, аймаласып жатыр. Мені көріп үйден мыңмен зытып шықты. Ұстап үлгере алмадым. Ауызашар жайына қалған, шақырған кісілердің бәріне «ауырып қалдым» деп отмен жасадым. Сол күні үйдің іші азан-қазан болды. «Мен емес, өзі, есі ауысып қалғандай жабысып, бас салды» деп сорлы байым ақталып әлек. Бірақ олардың бұл тірлігі бұрыннан басталғанын ішім сезіп тұр. Себебі байым Ботагөз келеді дегеннен қутыңдап, қонақ күтуге құмартып кететін.


Ертеңіне үйіне іздеп барып, күйеуіне болған жағдайды жасырмай айтып бердім. Сосын көршілердің чатына суретін салып тұрып, оның арсыз қылығын айтып бердім. «Ойбай, сіз енді білдіңіз бе? Бұл орайы келсе бақуат еркекті ақшаға сындырып жүретін әйел ғой» деп бір-екі әйел жекеме жазып жіберіпті. Сөйтсем оның мұндай тірлігінен көршілердің біразы хабардар екен.


Әрине, жолдасымнан да бар ғой. Көрінген адам көзін сүзсе, артынан еріп кете бергені дұрыс емес. Оны да екінші жоламайтындай етіп ұрыстым. «Не десең де жазықтымын, шабам десең, міне, басым, кесем десең, міне, тілім» деп аяғыма жығылды.


Күйеуімнен қалған арсыз ұялмастан «сен ауру екенсің, бүкіл ауылды шулаттың» деп жазып жіберіпті. «Мені ауру қылған сенсің! Сондықтан тыныш жатқан жыланның құйрығын басқың келмесе, мына ауылдан қараңды батыр» деп жазып жібердім. Менің мінезімнің қандай екенін байқағалы жоқ болды. Күйеуі де ажырасуға арыз беріпті.


Ханымдар, осындай жағдайды бастарыңа бермесін. Ал бола қалған жағдайда, «Бір Алла жазасын берер» деп отыра бермей ондайлардың көзіне көк шыбын үймелету керек...."