«Келініме деген кек пен реніш РАКқа шалдықтырды»: шымкенттік әйел өкінішін айтты

0
4 107

Жәмиланың үлкен сабақ болар бес жыл өмірін 5 минутта оқып шығыңыз, өкінбейсіз.


«Келініме деген кек пен реніш РАКқа шалдықтырды»: шымкенттік әйел өкінішін айтты

Ажырасқан ерлі-зайыптылардың, ене мен келіннің, жеңге мен қайынсіңлінің, құрбылардың, жора-жолдастардың, әріптестердің арасында кек сақтап, жауласып жүргендерін кездестіруге болады. Ағайынды бауырлардың, абысындардың да арасында бірнеше жылдан бері өштесіп келе жатқаны жоқ емес. Сіз ше, кімді кешіре алмай жүрсіз?

Жәмила есімді шымкенттік келіншек кекті ертерек ұмытуға, кешірімді болуға шақырады. Өйткені оның рак ауруына шалдығуына кек, жаман ойлар мен реніш себеп болыпты.



Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Ата-анадан екеу ғанамыз. Мен және інім. Әке-шешеміздің арқасында көйлегіміз көк, уайымымыз жоқ, қарнымыз тоқ боп, қиыншылық көрмей өстік.

Інім менен 8 жас кіші. Әйткенмен мен онымен құрдасымдай сырласатынмын. Қайда барсам да жанымнан тастамайтын. Тіпті киім таңдауға да інімді ертіп баратынмын. Бір-бірімізге қатты бауыр басып өстік. Тұрмысқа шыққанымда да алғашқы айларда ата-анамды емес, інімді сағынатынмын. Үйге қоңырау шалғанымда інім «Сағындық қой, қашан келесіз?» дегенде, жылап та қалғанмын.

Мен 23 жасымда тұрмысқа шыққаныммен, інім 34 жасқа дейін бойдақтық өмірді қимай жүріп қалды. Білімді, сұлу қыздардың бірнешеуімен таныстырдық, бірақ інім әрқайсысынан кемшілік тауып, үйленуге асыға қоймады. Әркімнің талғамы түрліше ғой, мейлі өзі тапсын деп қойғанбыз.

Бір күні інім үйленемін деді. Сөйлесіп жүрген қызымен таныстыратын болды. Анам қуанып жүр. Мен дастархан жасап, інімнің сұлуымен танысуға асықтым. Алайда інімнің көп қыздың ішінен таңдап, өмірлік қосағы етуге лайық деп тапқан қызы есіктен енгенде өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Орта бойлы, бидай өңді, қарапайым көп қыздың бірі. Өзін Дәмелі деп таныстырған қыз 25 жаста, колледждердің бірінде жұмыс істейді екен. Інімнен 9 жас кіші. Сөздері де, ініммен көзқарасы, тіпті сырт келбеті де үйлеспейді. Қыздың жасы 25-те болса да ой-өрісі тар, бала сияқты. Әрине, ауылдың қызы, әке-шешесі ауылда тұратын қарапайым жандар екен.

Інімнің таңдауы менің көңілімнен шықпады. Бірақ інім «Маған осындай қыз керек. Айтқанымды тыңдайды» деп, қалауынан қайтпады.

Інім үйленді. Дүркіреп тойы да өтті. Бірақ мен болжағандай-ақ келіннің түсінігі таяз боп шықты. Ініммен салғаласып, ол жұмысынан сәл кешіксе ұрыс шығарып, телефонын ақтарып мазасын қашырды. Еркек үйлене салып үйден шықпай қоймайды ғой. Оның бойдақтық өмірден отбасылық өмірге үйренуіне бірнеше ай керек. Оның үстіне інімнің достары отырыстарға әйелдерін ертеп бармайды екен. Ал келін інімнің қасынан қалғысы келмейді. Анамның айтуынша, інім мен келін күнде керіседі екен. Иә, болмашы нәрселерге бола ұрыс шығарып, жұмыстан шаршап келген інімнің миын ашытатыны да бар. Ініммен ұрысқан күні келін үй тірлігін де, тамақ та істемей, бүк түсіп жатып алатынын естігенде, зығырданым қайнайтын.

Екі жыл уақыт өтті. Келінге ақыл кірмеді. Мүмкін күйеуі өзінен көрікті, сымбатты әрі жұмысы бар жігіт болған соң қызғанатын шығар. Бірақ қызғанышты жүгендеп те үйренген жөн.

Екеуін де түсінуге тырыстым. Алайда әпкелік ақылымды айтпасам, әке-шешем күннен-күнге мүжіліп бара жатқан еді. Інімді үйге шақырып сөйлестім. Ол «Әке-шешемнің жалғыз ұлы болғандықтан, олармен бір шаңырақ астына сыйып тұра алатын, көпбалалы ана болудан қашпайтын, күйеуімен жағаласып отырыстарда жүрмейтін әйел болады деп, ауылдан шыққан, көп нәрседен хабары жоқ қызға үйленген едім. Бірақ мен достарыммен қыдырған күні ол да құрбыларымен кездесуге кетеді. Қырсық. Мінезі түсініксіз. Сәл қаттырақ айтсам, төркініне жүгіре жөнеледі. Күнде екеуміз ұрысамыз, әке-шешемнен де ұят болды. Кеш болмай тұрғанда ажырасайын ба?» деді. Ит пен мысық сияқты керісіе бергеннен, бір-бірін түсіне алмаса ажырасып кеткені дұрыс-ақ. Бірақ олай дей алмадым. «Өзің ойланып шешерсің» дедім де қойдым.

Оқиға былай болған. Інім достарымен кездесіп, түн ортасында келіпті. Дәмелі «Қайда жүрсің?» деп ұрыс шығарыпты. Әкемді де, анамды да тыңдамай, айқайласып ұрысқан. Сосын әдетінше «Кетем» деп жиналған. Інімнің де мінезі бар, ол ашуланып «Кетсең кет. Бірақ түнде емес, ертең өзім таксиге салып жіберем» деген. Келін тыңдамай үйден шығып кеткен. Інім тоқтатып, көлігіне салып төркініне апарып тастамақшы болыпты. Жолда да келіншегі ұрысын доғармаған шығар, әлде інім ашумен жылдамдықты асырып жіберді ме, тайғақ жолда көлігін меңгере алмай қалған. Жол жиегіне шығып кетіп, көлігі ылдиға қарай сырғып, үш рет аударылған. Інім оқиға болған жерде жан тапсырыпты, ал келінге түк те болмаған.

Жанымнан артық көретін інімнің өліміне сенгім келмей, бірнеше ай мең-зең күйде жүрдім. Ал ұрпағын жалғастырар жалғыз ұлынан айырылудың әке-шешеме қаншалықты қиын болғаны айтпасам да түсінікті шығар.

Әке-шешемнің мұңлы жүзін көрген сайын, інімнің өмірден ерте өткенін ойлап жаным азаптанғанда «Неге сен тірі қалдың? Неге менің інім өлді?» деп, жылайтынмын. Бұл сөзді оның өзіне де талай рет айттым. Жетісіне, қырқына келгенде кіргізбей қойдым.

Бір жыл інімді жоқтап жүрдім. Бір күні құрбымның жұмысына бардым. Сол колледжден Дәмеліні көріп қалдым. Көңілді. Сұрастырсам, ол сол жерде жұмыс істейді. Шыттай киініп алған. Інім қара жердің астында, ал бұл көңілді ғой деп, көңілім бұзылды.

Құрбыма өтініш айтып жүріп, Дәмеліні жұмысынан шығартып жібердім. Ары қарай оның қиналғанын көргім келіп, тұрағын анықтап, өмірін аңдуды бастадым. Жолы болғыш екен, екі аптадан соң балабақшалардың біріне орналасып алғанын естідім.

Уақыт өте берді, ал мен Дәмеліні балабақшадан қуудың жолдарын іздедім, жоспар құрдым. Баласын апарып жүрген бір әйелмен танысып, оған ақы төлеп, Дәмелінің үстінен шағым жаздырдым. Ол жерден де жұмыстан шықты.

Қайда барсын, кафеге даяшы боп тұрды. Құрбыларымды ертіп, Дәмелі жұмыс істейтін кафеге бардым. Оны админитраторына жаман көрсету үшін барымды салдым.

Не керек, бес жыл бойы мен Дәмелінің өмірін аңдып, алыстым. Қалада жүргізбедім, тыныштық бермедім. Ақыры ол ауылына кетіп қалды. Бірақ ол кетсе де, менің өшпенділігім ешқайда кетпеді. Оның ауылда не істеп жүргенін білгім келіп, күнімен ойланам. Қалаға қайтып келген болса ше, оны қалай білуге болады? Кімнен сұрауым керек? Осылай өзіме өзім сұрақ қойып, ойланып жүретін болдым. Дәмелінің жай-күйін біле алмай ашуланғанда балаларыма ұрысып, күйеуіммен керісіп қалатын болдым. Қит еткенге ашуланамын. Менің жүйкемнің жұқарғанын байқаған қайын әпкем бір күні үйге келгенде «Кекті ұмыт, кешір оны. Не істесең де інің қайта тіріліп келмейді. Өз өміріңді сүрсейші. Кімге айналып бара жатырсың?» деді. Онымен де ұрысып қалдым.

Көрінгенмен болмашыға ұрысып шыға келетін, ашуымды ауыздықтай алмайтын боп қалдым. Шынымды айтсам мен келіннен кек алсам, ата-анам қайғыдан арыла ма деп ойлағанмын. Інімнің ерте өмірден өткеніне өкінішім басылар дедім. Бір жыл көшеден де, қайда барсам да Дәмеліні көзбен адақтап іздейтінмін. Шыдай алмай, ақыры оны ауылына іздеп бардым. Бір ай бұрын әкесі ауыр науқастан көз жұмыпты. Анасы әкесінің қазасын көтере алмай ауруханаға түсіпті. Көңіл айтудың орнына мен оған «Жақын адамнан айырылудың қандай азап екенін құдай саған түсіндіріпті ғой. Інімнен айырылғанда мен де осылай азаптандым. Енді анаң өлсе, сонда нағыз азапты білесің» дедім. Дәмелі жылап қалды. Әкесінің өлімі, жұмыссыздық оны кәдімгідей жүдетіп жіберіпті. Абыржып кеткен. «Ініңіздің өлімі жазмыш қой. Кешіріңіз. Ол маған үйленді, бірақ басқа қызбен кездесіп жүрді. Мен оны қатты жақсы көргендіктен қызғандым, ұрыс шығардым. Кінәлі шығармын мүмкін, өкінемін» деп, ағыл-тегіл жылап жатқанда орнымнан тұрып кетіп қалдым.

Бұрын Дәмеліні осындай күйде көрсем, ол алдымда отырып жыласа, еңіресе рахаттанам деп ойлаушы едім. Жоқ, керісінше мен оны аядым. Әлде інімнен де қателік болғанын білген соң, келінді кешірдім бе білмеймін. Жылдар бойы менімен өмір сүрген өшпенділігім қалаға жеткенше өшіп қалғандай. Келінді кешірдім. Анығырақ айтқанда, оны да, о дүниедегі інімді де бұрынғыдай күн сайын ойлай бермейтін болдым. Қателігімді түсініп, кекті де, ренішті де ұмытып, өз өмірімді сүрейінші деп ойлап едім...

Бірде орнымнан тұра бергенде есімнен таңып құладым. Бұл кейін тағы да қайталанды. Тексерілдім. Дәрігер онкологиялық ісік бар екенін айтқанда, жылап жібердім. Күйеуім сенбестен, басқа да медицина мекемелеріне апарды, диагноз расталды.

Неден пайда болатынын сұрап едім, дәрігер бірнеше себебін айтты. Оның ішінде негізгі себептер – ұзақ уақыт қайғыру, уайымға салыну екен. «Барлық ауру – жүйкеден басталады ғой. Уайымға салына бермеңіз» деп шығарып салды.

Бір жылда екі рет химиотерапия алдым. Әлсізбін, көп күтім қажет. Әлі де ем алып жатырмын. Ауруым түбегейлі емделмеген соң, онкологиялық аурулар туралы, оның пайда болу себептері жайлы ізденіп жүрмін. Көп кітап оқыдым, зерттеулерді ақтардым. Бәрінің айтары «Рак ауруына кектену, өкпе-ренішті ұмытпау, өшпенділік, жазғыру, жан күйзелісі, әлдекімді немесе әлдеңені кешіре алмау себеп болады». Ал бір кітапта «Кек, өкпе-реніш, уайым, күйзеліс – ағзадағы дерттердің тыңайтқышы» делінген.

Мен ауруды өзім тілеп алғаныма көзім анық жетті. Аурудан өмірім қысқарып бара жатқандай қорқам. Келініме жамандық тілеумен, оны аңдумен өткен қайран уақыттарым-ай. Сол уақытымды балаларыма, отбасыма арнасам болмас па еді?.. Өкінемін. Ұзақ өмір сүргім келеді. Әр күн, әр сағат қымбат, оны қазір тек өзіме, отбасыма арнап жүрмін. Бірақ қанша жыл, неше күн өмірім қалғанын білмеймін...»

(Иллюстрациялық фотолар ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Жаңғақты «ӨЛУГЕ жақындағанға» емес, КӨП ЖАСАҒАН қарияға еккізеді»

«Қайын атамды күйдіріп қойдым»: Оңтүстіктің келіні не себепті халат кимейтінін айтты