​«Келінім істеген тамағымды төгіп тастайды»: түркістандық кейуана өзін асырап алатын адам іздеп отыр

0
2 818

«Жалғызымнан жылулық көрмей, шерменде боп отырмын»


​«Келінім істеген тамағымды төгіп тастайды»: түркістандық кейуана өзін асырап алатын адам іздеп отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жақсылықты білмейтін келіннен күйдім. Жалғызым деп бетіне қарап өсірген ұлым да сөзімді сөйлей алмай, әйелінің ығына жығылып отыр. Өз үйімнің қожайыны емес, күңі сияқты күн кешіп жүрмін».


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан түркістандық Мағрипа есімді оқырманымыз осылай деп шағымданып отыр. Өзін асырап алатын мейірімді жандар табылса үйінен кетуге дайын екенін айтады.


«Адам болып өмірге келгелі жарқырап, шын қуанып көрмеген адаммын. Себебі өмірім ауыр болды. Жастайымнан жетім қалып, нағашыларымның қолында өстім. Туысың болса да әке-шешеңдей мейірім берсін бе, қамкөңіл боп жетілдік. Өскен соң тігін фабрикасына жұмысқа кіріп, сонда істеп жүргенде шалыммен таныстым. Ол мені үйіне келін етіп түсірді. Бес баласымен отыз екісінде жесір қалған енеге тап болдым. Үлкен келінмін, отырсам опақ, тұрсам сопақ етті. Жетім қыз деп менсінбегені әңгімелерінен анық білініп тұратын. Бір дамылдатпай жұмсайтын. Сонда да күйеуім үшін бәріне шыдап, келген жеріме тастай бату үшін күн-түн жатпай тірлік қылдым.


Екі қыз, бір ұл таптым. Екі қыз да Астанаға оқуға кетті де, сол жақтың жігіттеріне тиіп, қалып қойды. Жалғыз ұлым келін әкелгенде бір жыртығым жамалғандай, жоғалғаным табылғандай қатты қуандым. Екі қыз жырақта жүрген соң сырласып, шүйіркелесіп шай ішетін адам келді деп ойладым. Енемнің маған көрсеткен зәбірлерінің бірін де келініме істемеймін деп ниеттендім. Бірақ кейде келінді де ширатып тұрған дұрыс екен.


Келінім келген күннен ерте жатып, кеш тұрды. "Ұйықтасын, жас қой" деп азанымен ерте тұрып сиырларды сауып қоямын. Шал ерте тұрады, таңғы асы дайын тұруы тиіс. Келінді күтпей сүтті пісіріп, кашамды әзірлеп, дастарханды жайнатып қоямын. «Келінің қайда, тұрғыз, тал түс болды» деп енем зіркілдеп отырады. «Апа, ұйықтай берсін, үйреніп қалған тірлігім ғой, әлі-ақ өзі игеріп кетеді» деп арасына түсемін...


Көп ұзамай келінім ұл тапты. Мұғалімдікті бітірген, немерем алты айға толғанда мектепке жұмысқа тұрғызып қойдым. Өзім жас күнімде күйеуге тиіп, енеме қараймын деп жақсы көретін жұмысымнан шығып қалып, арманда болғам. Келінімнің аяғын тұсаулағым келмеді. «Балағамен қараймын, жас күніңде жұмыс істе» деп батамды бергем.


Сол күннен бастап келін өзгерді. «Апа, жұмыс көп, балаларды байқауға дайындап жатырмын» деп уақытынан ерте кетіп, кеш келеді. Тіпті гәп, Құдайы тамақ береміз десек те «жұмысым бар» деп кетіп қалады. Бір үндемедім, екі үндемедім, бір күні шыдай алмай бәрін балама айтып садым. Ол да әйелінің өзгергенін сезіп жүрген бе, «неге шешеме көмектеспейсің, жұмысыңнан шық та, үйдің тірлігімен айналыс» деп әйелімен ұрысып қалды. Оның да біз білмейтін мінезі көп екен, балама қарсы шапылдап, сөз қайтарып, тоқтамай жатыр еді, балам бетіне шапалақпен тартып жіберді. Сол күні келін киім-кешегін жинап, екі баласын алып, төркініне кетті де қалды. Артынша үйге құда бала келіпті. "Балаларың қайда, шықсын бері, қарындасыма қол көтерген адамды тірі қоймаймын" деп шу шығарды. Баламда да мінез бар, «Шамаң келсе өлтір!» деп тұрып алған. Енем, шалым, көршілер жабылып жүріп әрең ажыратып алдық. Келіннің артынан кешірім сұрап, жалынып жүріп қайтып әкелдік.


Содан бері келінім мені адам орнына көрмейді. «Тұрыңыз да, ана сиырды сауыңыз!» деп есікті ашып, бұйырып кетеді. «Үйде фарш бар, бүгін кешке манты істей салыңыз» деп өзіне ұнаған тамақты айтып кетеді, екі жас тыныш болсын деп істеп қоям. Маған күші жеткен енемнің немере келінге келгенде тілі қысқарып қалды. «Бірің өліп, бірің қал» деп қоя салды, жеңе алмайтынын білді-ау.


Көп ұзамай енем де өмірден өтті. Ол кісі кеткен соң мен бір жүрген көлеңке болып қалдым. Осы күні ұмытшақтық пайда болған. Тамаққа тұз салғанымды да, салмағанымды да білмей қалам. «Бір тамақты ептей алмайсыз ба? Не мынау, жуынды сияқты!» деп кешке дейін күйбеңдеп істеген тамағымды төгіп тастай салады. «Мама, үйде отырсыз ғой, сәл мұқият болсаңызшы, Мақпалға да оңай емес, мектептің тірлігі ауыр» деп балам да әйелінің ығына жығылып, мені сыйламайтын болды.


Бірде келіннің артынан келген сырлы ыдысқа сүт пісіріп, уақтылы өшіруді ұмытып кетіппін. Түбі әжептеуір күйіп, ыдысты қырсаң да кетпейтін болып қалыпты. Келін келгенше біліндірмей жуа қояйын деп соны қырып отырғам. Сабақтан келген келінім әлгіні көрді де, «Не істегенсіз?! Бір сүтті ептеп пісірмей, тұрыңызшы былай» деп отырған жерімнен итеріп құлатты. «Алжиын дедіңіз бе, адам сырлы ыдысқа сүт пісіре ме?» деп үйді басына көтерді.


Сол сәттен бері мына үй маған тозақ сияқты көрінеді. Осы үйге келіп бір рахат көрмедім. Жастық шағым жылаумен, қарттық шағым келінге күң болумен өтіп жатыр. Тіпті немерелерімді де мейірім қанып сүйе алмаймын. Апаңа жолама деп өз бөлмесіне әкетіп қалады.


Өз үйімнен кетуге бел будым. Қыздарым «Астанаға келіңіз» деп шақырады. Ол үйге барып күйеу баланың көзіне күйік болсам қайтемін. Одан да балаларына әже іздеп жүрген жастар болса, қолына барып тұруға дайынмын. Өзіме жететін пенсиям бар, азық-түлігімді, киім-кешегімді өзім алып тұрамын. Біреуге пайдам тимесе, зиян шекпейді...»