​«Иттің тамағы үшін ұрысамыз»: тараздық келіншек қайынәпкесінің қылықтарын айтып берді

0
2 166

«Бір асым ет үшін үйінен кетіп қалыпты»


​«Иттің тамағы үшін ұрысамыз»: тараздық келіншек қайынәпкесінің қылықтарын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бұрын, қыз кезімде адамның бәрін періштедей көретінмін. Тіпті келін болып түскенде де қайынжұртымды өз бауырларымнан, ата-анамнан кем көрмей, барынша көңілдерінен шығуға тырыстым. Бірақ келіннің аты бәрібір келін боп қалады екен, жалпылдап тұрсаң жағымпаздық деп қабылдайды, қабағыңды тыржитсаң көкірек керген адам боп шығасың», - дейді Ақмарал есімді тараздық келіншек.


Айтуынша, бар мәселе қайынжұртына өкпелеп келген қайынәпкесінде екен. Алты айдан бері екі баласымен төркінінде жатқан әпке екі жастың ортасына түсіп жатқан көрінеді. Отбасындағы жағдайды Ақмарал ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Өмірде бәрі керемет, әр күнің көңілді бола бермейді екен. Келін боп түскелі тәп-тәуір боп жүргенбіз. Ата-енем жақсы адамдар, кешегі күнге дейін қас-қабағыма қарап, жылы сөзін арнап, енем екеуміз құрбыларша сырласатынбыз. Бәленің бәрі қайынәпкем келген соң басталды.


Ол кісінің тұрмысқа шыққанына бес жылдан асыпты. Мен келін боп түскенде Сарыағаш жақтағы ауылдардың бірінде ата-енесімен бірге тұратын. Күйеуі әскери қызметкер еді, өзі бір мекемеде мейірбике болып істейтін.


Жаз еді, ата-енем екі кеште Сарыағашта тұратын атамның қарындасының үйіне қыдырып баратын болды. Күйеуім жұмыстан келді де, бәрі жол жүріп кетті. Сарыағаш деген Шымкенттен әжептеуір алыс қой, олар жетем дегенше қас қарайып қалыпты. Үлкен әпкенің үйіне кіріп, жездеміздің жеңгесіне көңіл айтып шыққан. Сосын «ақыры келіп қалдық қой, Айзадаларды да көре кетейік» деп аттың басын сол жаққа бұрыпты. Өздері де қызық қой, «біз бара жатырмыз» деп айтып қойса болады ғой, үн-түнсіз екі кеште кіріп барған.


Барса бәрі кешкі ас ішіп отыр екен. Ортаға алған нан палауларынан жеп, шай ішіп, әңгіме-дүкен құрып біраз отырған. Бұл уақта төркінім келді деп қуанған әпкеміз ата-енесіне айтпай қазанға ет салып қойған. «Ал, көрдік, амандықтарыңызды білдік, енді жолға шығайық» деп атамыз тұруға дайындалса, қызы «қазанға ет салып қойдым, жеп кетесіздер» деп қиылып тұрып алған. Не керек, әлгі ет түннің бір уағында піскен ғой. Ұйқылары келіп, маужырап отырған адамда тәбет болсын ба, астаумен келген тамақтан ауыз тиіпті де, біздікілер жолға шығып кетіпті.


Сол түні әпкеміздің үйінде жанжал шыққан ғой. Атасы «Мына құдалар екі кеште жайша жүр ме, ерте келмей ме, ерте келе алмаса ертең келмей ме, онысы несі? Бекерге бір қазан етті асып, ысырап қылды. Жеген де жоқ, адам үлкен тамақ саларда үйдің үлкендерінен сұрамай ма?» деп үйіндегілерге дауыс көтерген. Мұны естіген қайынәпке қойсын ба, ертеңіне сиыр саумай, мал өріске шықпай жатып екі баласын жетектеп кетіп қалады.


Таңғы шайымызды ішіп отырсақ, әпкеміз келіп тұр. Түнімен жылағаны білініп тұр, бет-аузы ісіп кетіпті. «Сіздерді сыйламаған, бір асым етін қызғанған адамдармен ендігәрі тұра алмаймын» деді. «Қызым, атаңның сөзін түсінбей қалғансың ғой, біздікі де дұрыс болмады, алдын ала айтып қоюымыз керек еді, бекер әбіржіттік» деп атам қызын сабырға шақырмақ болған. Бірақ еркетай әпке айтқанынан қайтпады.


Үйге келгелі менің сорым болды. Бөлмемізге қалаған уақытында баса-көктеп кіріп келе береді. Сұрайтыны – қуаттағыш, наушник, ине-жіп. Болмағыр дүние үшін күйеуімнен де, менен де қымсынбайды. «Бұлар жастар ғой, бөлмесіне кіріп барғаным ыңғайсыз болар» деген ой жоқ. «Мына шайың тым ащы, басқасын демде», «Неге мұндай тамақ істедің, мен жемеймін, жұмыртқа қуырып бер» деп кесірленіп отырып алады.


Өзімнің аяғым ауыр, симфизит деген ауру жабысқан, отырсам тұруым, жүруім қиын, үй шаруасын әрең игеріп жүрсем, әпкетайым келіп «мына үйдің пердесін жу, кірлеп кетіпті», «не жатыс сенікі, тұр, кілемдерді қағайық» деп бір минут дамылдатпайды. «Әй, өз заңыңды үйіңе барып құра бер, келінге тыныштық берсейші» деп енем бір-екі мәрте айтқан, оны елеген де жоқ.


Жездемнен обал, апта сайын біздің үйге келіп, екі баласын иіскеп кетеді. «Қайтайық, ашуың басылған шығар» деп әпкемізге үміттене қарайды. Онысы «бөлек шыққанда ғана барамын» деп шарт қойып отыр. Жездем үйінің жалғыз ұлы, екі әпкесі тұрмыста, қарындасы басқа қалада тұрады. Кемпір-шалды тастап кетсе ел-жұртқа масқара болмай ма? Бірақ оны уайымдап отырған әпке жоқ. Ата-енесінен ала алмаған өшін менен алғысы келгендей, күйеуім екеуміздің арамызға от салып жүр.


Өткен аптада енемнің гәбін өткіздік. Таң атпай дастарханға дайындық жасап, түн ортасына дейін тау боп үйілген ыдыс-аяқты жуып, төсегіме әрең жеткем. Түнге қарай иттің тамағын апаруды ұмытып кетіппін. «Не мынау, анда ит аш жатыр, сен жатырсың байыңның қойнында, апарып құя салу қиын ба, қиын болса айтпайсың ба» деп таңертең бөлмемізге жетіп келіпті. Қолында жуынды құйылған ыдыс бар. Осы кезде шыдай алмадым, екі ай еркелігін көтеріп, әр сөзін ішке жұта бергем.

«Бөлмемізге баса-көктеп кіріп келуге ұялмайсыз ба? Сіздікі не еркелік? Қызсыз ба, сыйыңызды кетірмей жүргеніңіз дұрыс. Ата-енеңізді жамандай бересіз, мен де сіз секілді бір үйдің жалғыз келінімін, ініңізді алып, бөлек кетсем жақсы көрер ме едіңіз...» деп жиналып қалған өкпемді төгіп салдым. «Аузыңды жап, әпкеме сөйлеме» деп күйеуім маған қарсы шықты. Әйтеуір атам мен енемнің түсінігі бар екен, «Қызым, қайтатын уақытың болды, есің барда еліңді тап. Біздің үйдің тәртібін өзіміз реттеп аламыз» деп, жездемізді шақырып, жетектетіп жіберді.


Әпкем ақыры айтқанын істетіп, барғасын бір аптадан соң бөлек шықты. Бірақ екеуміздің арамызда салқындық пайда болды. «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген рас екен...»