​«Екі комплект алтынымды ломбардқа өткізді»: енесінің көрсеқызарлығынан шаршаған келін көпшіліктен кеңес сұрады

0
2 444

«Үйдің іші дәрі-дәрмекке толды, бірақ енемнің көзі тоймайды»


​«Екі комплект алтынымды ломбардқа өткізді»: енесінің көрсеқызарлығынан шаршаған келін көпшіліктен кеңес сұрады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Үйдің берекесін де, мерекесін де кіргізетін – әйел. «Мал таппайтын еркек жоқ, құрарын айт...» демекші, тапқан табысты орнымен жұмсап, үйдің бірін екі етіп отырса, ондай әйелге рахмет айту керек. Ал менің енем ондай адам болмай шықты. Кішкентай қыз сияқты, көрінгенге қызыққыш, ақшаны судай шашып, болмашыға жаратып тастай береді», - дейді Жәния есімді келіншек.


Жақында ғана бір әулетке келін боп түскен оқырманымыз өзі куә болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Жап-жас болып енесін жамандап отыр» деп мені сөгетіндер табылар. Бірақ мен ол кісінің атын атап, түсін түстеп отырған жоқпын. Болған оқиғаны көпшілікпен бөліссем, басқа кісілерге де ой салар, бәлкім.


Тамыз айында тұрмысқа шыққаныма бір жыл толады. Қалада, ата-енем, қайным, қайынсіңлім, бәріміз бірге тұрамыз. Үйде енем ғана жұмыс істемейді. Ал мен жақында декреттік демалысқа шықтым. Демалысқа шыққалы енемнің қандай адам екенін аңдап, таңғалып жүрмін.


Жақында бір құдашамның үйіне қонаққа бардық. Ауызашар берген. Үйі кірсе шыққысыз, іші-сыртын дүние-мүлікке толтырып қойыпты. Құдашам сөз сөйлегенде «Осының бәрі енемнің арқасы, берекемізді кіргізіп отыр. Үш қызыма не кигізем демеймін, бәрін өзі әкеп береді» деп енесін мақтады. Таяуда ғана үш жүз мыңға су жаңа, заманауи ыдыстар әперіпті. Қызығып, қызғанып қайттым.


Менің енем де жап-жас, былтыр алпысқа толды. Бірақ соңғы он жылда еш жерде жұмыс істемеген. Екі баласы, күйеуі істейді, ақшаны ай сайын шашау шығармай енеме әкеп ұстатады. Бірақ енем үйге кіретін 500 мың теңгені болмашы дүниелерге жаратып жібере салады.


Таңертеңнен кешке дейін телефоннан көз алмай отырады екен. Бұрын жұмыста жүріп байқамаппын. Азанда көзін аша сала телефонын алып әжетханаға кіріп кетеді. Содан ол жерден айқайлап шығара алмаймыз. Дастархан басында да бір қолында қасық, екіншісінде телефон, «инстаграмдағы» бүкіл блогердің сторисін қарап, жалықпай отыра береді.


Әлеуметтік желінің негізгі табыс көзі жарнама емес пе, блогерлер «мынау керемет дәрі» десе, бітті, тап сол сәтте әлгі дәріге тапсырыс беріп, алдырып алады. Желілік маркетинг деген енемнен қалған. Бәріне кіріп, ең азы 30 мыңнан ақша салып шықты. Тауарын алады, обалы не керек, бір-екі апта ішеді. Бірақ бір күні «мынау маған жақпады» деп қыздарына, көршілерге тарқатып жібере салады. «Апа, жарнаманың бәріне сене бермесеңізші» деп айтып көргем. Өз дегенінен қайтпайтын адамға қанша айтсаң да бәрібір екен.


Осы қыста астау жобасы деген бірдеңеге қатысты. «Қарашы, бес мың салсаң, тегін астау береді екен» деп мақтанды. Үйдегілердің бәріне «осыдан қарап тұрыңдар, мен астау алам» деп мақтанды. Бірақ ол үшін артыңнан бірнеше адам тіркеу керек. Енемнің қызыл тіліне ешкім сене қоймады, артынан адам кіргізе алмағасын кім оның бес мыңын қайтарып берсін? Күйді, кетті. «Астауың не болды?» деп атам күнде сұрайды. «Болады, аламын» деп алдап жүрді де, бір күні қаладан астау сатып әкеліп, үйдегілерді алдай салды. Ол астау да оңай ақша емес екен, әрқайсысын 20 мыңнан алғада, 80 мыңдай ақша кетті. Үйде менің артымнан келген екі астау бар-тұғын, қос-қостан алғаннан кімге пайда, кімге зиян десеңізші...


Енем бір күні бір желілік маркетингке кіріп, алаяқтардың құрбаны болды. Құрбысының құрбысы үгіттеп, кіргізген екен, «Артыңнан адам таба алмасаң, бірден бес адамның атынан ақша құйып жібер, сонда айлыққа шығасың» деп құлақтан «тепкен». Енем соған сеніп, үйге кіретін табысты түгелімен салып жібере салған. Арасында айдың ортасында төлейтін кредиттің ақшасы да бар еді. Үйде үлкен жанжал болды. Әшейінде онша-мұншаға ашулана қоймайтын атам қатты көтерілді. «Ертең анау әйелден ақшаны қайтарып әкеліп, орнына қоймасаң, әңгіме басқаша болады» деп айқайлаған. Бірақ төленген ақшаны кім қайтарып бере қойсын, орнына бір пакет дәрі-дәрмек алып алған. «Енді қайттім» деп енем уайымдап отырған.


Ертеңіне мен дәрігерге көрінем деп кетіп қалғам. Келсем шифонерде тұрған екі алтын комплектімді рұқсатсыз алып, ломбардқа өткізіп жіберіпті. «Ренжіме, мен ала тұрдым. Қайтем енді, атаңа ақшасын тауып бермесем құлаққа тыныштық жоқ. Алтыныңды жаймен ай сайын құйып отырып әперем» деп тұр.

Қатты ашуландым. Төркінім, ата-анам, бауырларым таққан алтындар еді. «Апа, неге рұқсат сұрамайсыз, ол менің алтындарым ғой. Ломбард дегенге бір жоласаң, қайта алуың қиын ғой, қайтіп әпересіз оны, жұмыс істемейсіз» деп алғаш рет қарсы сөйледім. «Неге осы көрінген компанияға кіре бересіз, осы уаққа дейін бір машинаның ақшасы кетіп қалды ғой» деп айттым.

«Әй, біз саған қанша алтынның құнын төлеп, сатып алғанымызды білесің бе? Не болды сонша, сары теміріңді қызғанып?! Тірі тұрсам әперем...» деп ренжіп қалды. Содан бері менімен сөйлеспейді, сәлем салсам жауап бермейді.


Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс, ойларыңызды айтыңыздаршы. Енем сап-сау, ауырып, шыдатпай жатқан жері жоқ. Сонда да көрінген дәріні удай ақшаға ала береді. Сосын емші, тәуіп жағалағыш. Үйдің керегіне жұмсайтын қаржыны қайдағы біреулерге беріп, берекені қашырып жүр. Ененің мұндай әдетін қайтіп қойдыруға болады?»