«Екі бөлмелі пәтер алу үшін баламнан жүкті болған»: түркістандық ана баласының бассыздығына күйініп отыр

0
1 595

«Үш әйел алу пешенесіне жазылған ба деймін...»


«Екі бөлмелі пәтер алу үшін баламнан жүкті болған»: түркістандық ана баласының бассыздығына күйініп отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» дегендей, төрт баламның ішіндегі Даниярым өзгеше болды. Үрім-бұтағымызда қатынқұмарлық жоқ еді, бұған ондай пәлекеттің қайдан жұққанын білмеймін, күйдіріп отыр», - дейді Ақжарқын есімді түркістандық ана.


Баласының отбасы үшін алаңдайтын оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне ешкімге айтпаған жан сырымен бөлісті.


«Күйеуім екеуміз төрт бала, бір қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдік. Бәрін оқытып, жоғары білім әпердік. Үлкенім қазір құқық қорғау саласында, үлкен шенді қызметкер. Одан кейінгі балам Шымкент-Түркістан бағытында адам тасиды. Одан кейінгісі жеке кәсіпкер. Осы балам ғой жанымды ауыртып отырған.


Данияр университетті бітірер-бітірмес келіншек әкелді. «Мама, мен мына қызды сүйем, күйем, онсыз өмір сүре алмаймын» деп ай-шайға қарамай алып қашып келгесін басына ақ орамалын салып, түсіріп алдық. Ол да баламмен жасты, енді ғана университет бітірген қыз екен. Құдалығын өткізіп, тойын жасап, екеуінің жарасып кетуіне бар жағдай жасадым. Бірақ жақсылықты түсінетін адам бар, түсінбейтін де адам бар екен. Ауылдық жерде тұрамыз, жер үйде таң ерте атады ғой. Таңнан тұрып екі сиырды сауып, сүтін пісіріп, балама шайын беріп, ыдысты жуып болғанда керіліп келінім тұрады, ұйқысынан. Бір-екі ай үндемедім. Бір күні жаймен түсіндіріп айттым. «Мақұл» деді де, баяғы әуеніне басып жүре берді.


Үйге қонақ шақырып қойғанбыз, «таңертеңнен бауырсақ пісіріп, самсаның қамырын дайындаймыз, ертерек тұр» деп ескерткем. Тауық шақырып, тал түс болса да келіннен хабар жоқ. Күте-күте ашуым шықты. Бөлмесіне барып, «сен өзі адамсың ба, үйге бір қора адам шақырып қойдық. Кішкене ойланып, тірлікке шықсаң қайтеді, тәрбиесіз» деп сөйлегем. «Сен кімді тәрбиесіз деп тұрсың?! Шық бөлмемнен!» деп кеудемнен итеріп жіберсін. Баламмен жасты адамнан көрген қорлығым өтіп кетті. Тап сол сәтте үйден қуып шықтым. «Балама мына келін қалатын болса, мына үйден мен кетемін» деп шарт қойдым. Ол менің шешіміме қарсы келмеді.


Бір жылдан кейін екінші мәрте үйленді. «Мама, бұл Маржан сияқты емес, инабатты, ибалы қыз» деп таныстырды. Бұл келінім расында да жақсы адам боп шықты. Бір жыл қолымызда тұрып, кейін бөлек шықты. Сұп-сұлу, өзіме ұқсаған қыз туып берді. Қазір бір мектепте мұғалім боп істейді. Үйленгендеріне жеті жыл болды, бір қыздан кейін құрсақ көтермеді. Балам екеуінің бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр. Сап-саусыңдар деп қайтарады. Балам «жасым қырыққа таяп қалды, менімен жастылардың алды сүндет той жасап, көпбалалы әке атанып отыр» деп ішіндегі дертін айтып қалатын.


«Әй, шүкір ет! Бір тырнаққа зар боп отырған адам қаншама. Құдай қыз берді ғой, мейірімі түссе тағы да берер» деп келінге де, балама да басу айтып келдім. Бірақ соңғы уақытта екеуінің арасы жақсы болмай жүр. Жиі ұрысып қалатынын байқаймын.


Бір күні «Ата, апа, маған рұқсат беріңіздер, мен Айсезімді алып кетемін» деп келінім келіпті. Әңгімесінен түсінгенім, Данияр бір дүкенінде сатушы боп істейтін қызбен байланысыпты. Бір қызы бар, күйеуінен ажырасқан келіншек екен. «Данияр, сенен маған ештеңе керек емес, тек бір бала туып алсам болды. Мемлекеттік бағдарламамен үй алғалы жатырмын, екі балам болса екі бөлмелі пәтер алатын едім. Маған көмектес» десе, менің сорлы балам келісе салыпты.


«Апа, мен оның сатқындығына қалай шыдаймын? Сыртымнан жүріс жасап, бір әйелді жүкті етіп отыр. Онымен енді бір үйде қалай тұрам» деп жылағанда, келінімді қалай жұбатарымды білмей қалдым.


Балам «мен әйеліммен ажыраспаймын, бірақ анау қыздан да бас тартпаймын» деп отыр. Онысы екі айдан кейін босанады екен. Мына жағдайды естігелі бері шалым екеумізден маза кетті. Құдалардың бетіне қалай қарарымызды, не уәж айтарымызды білмей отырмыз. Ауыл-аймақ естісе, масқара ғой. Бір жаман атымыз шықпаған әулет едік. Баламыз күйдіріп отыр.


Құдайым перзенттен қыспағанда келінім мен баламның басына бұндай сынақ келмес пе еді, әлде үш әйел алу баламның пешенесіне жазылып қойған ба екен. Қандай шешім қабылдарымды, келінімді қалай жұбатарымды білмей отырмын...»