««Дастарханға тимеңіз, орнына қойыңыз»: келінінен көңілі қалған әйел өкпе-ренішін жайып салды

0
3 362

«Ойбай, маған керек, тағы неңіз бар беретін» деп көрпе-жастығыма шейін алып кететін...


««Дастарханға тимеңіз, орнына қойыңыз»: келінінен көңілі қалған әйел өкпе-ренішін жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасым алпысқа таяды. Азды-көпті Құдайдың көрсеткен өмірін сүрдік. Бір басыма тауқыметті үйіп-төгіп берсе де налымадым, біреуге алақан жаймадым. Күйеуі бар, балалары тіреп тұрғандар қайта менің өміріме қызығатын. Той-томалаққа да солардан кем қалмай сый-сияпат жасауға тырысатынмын. Әсіресе бауырларым үшін шығарға жаным бөлек еді. Бірақ қазір жалғыз інім мен келінімнен көңілім қалды», - дейді Қалдыгүл есімді алматылық ана.


Бір қызымен жастайынан жесір қалған оқырманымыз ешкімге айта алмаған өкпе-ренішін ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісті.


«Айналаңдағы таныс-тамырға айта алмайтын сыр болады. Оларға айтсаң өсекке қаласың, табалайтындар да табылады. Сол себепті мені ешкім танымайтын адамдарға ақтарылып, ақыл-кеңесін сұрауды жөн көрдім.


Тағдыр мені әйел бақытынан ерте айырды. Ана бақытына да әрең жеттім. Бірінен кейін бірі туылған екі ұлым апыл-тапыл жүре бастағанда шетінеп, шерлі етті. Бұл сынаққа күйеуім екеуміз сабырмен шыдап, қиындықты бірге жеңдік. Оқытылып, үлкен молдаларға дем салдырып жүріп қызымыз дүниеге келді. Жоғым түгелденгендей, жоғалғаным табылғандай бақытты ғұмыр кешіп жатыр едім, бірақ қызым беске толғанда күйеуім жол апатына ұшырап, оқиға орнында тіл тартпай кете барды.


Біз бұл уақта ата-енемізбен бірге тұратынбыз. Күйеуімнің қазасына алты ай толғанда қалада жұмыс істеп, пәтер жалдап жүрген қайынағамыз көшіп келді де, қызымыз екеумізді мәдениетті түрде «қуып шықты». Сендерге қаладан үй әпереміз, әзірге мына үйге кіре тұрыңдар деп ауыл шетінен ескілеу бір үйді сатып әперіп, отырғызып қойды. Далада қалмағаныма, қызымды жетектеп бауырларымның босағасына бармағаныма қуанып, бәріне разы болдым.


Ол заман теңгенің ауысып, елдің айлықтарын айлап-жылдап ала алмайтын кезі еді. Мен де мектептен қысқартуға ұшырап, айлықсыз қалғанда «екі қолға - бір күрек» деген ұранмен нан жауып, оны ауылдағы базарға шығарып сата бастадым. Мен жапқан нанға елдер таласып қалатын. Бірте-бірте табысымызға табыс қосылып, қызымыз екеуміздің бетімізге қан жүгіре бастады. Тиыннан теңге құрап жүріп нан сататын орыныма қаладан тәттілер әкеп қостым. Оны біраз жылда үлкейтіп, кішігірім дүкен аштым. Қысқасы, ауылда тұрсақ та жағдайымыз басқалардан жақсы болды.


Соның арқасында мен бауырларымның бәріне қарастым. Інім мен келінім қалада пәтер жалдап тұратын. «Әпке, қалада газ жоқ, балалар тамақтан қиналып жатыр, сіздің үйде екі-үш апта болсыншы» деп әкеп тастайды, сол кезде кішкентайы небәрі бір жарым жаста. Қазанға тамақ істеп, түнімен қызының сүтін беріп, шомылдырып қарап берем. Кетерде қолдарына ақша, қызымнан қалған бірталай киім-кешекті артып жіберем. «Мына пердені ілмеймін, керек пе» деп келініме айтсам, «ойбай, маған керек, тағы неңіз бар беретін» деп көрпе-жастығыма шейін алып кететін. Міндетсінгенім емес, қолымнан келгенше жалғыз інімнің үй боп кетуіне қолымнан келгеннің бәрін жасадым.


Бірер жылда олар ауылдан үй соғып, сүндет той жасады. Екі әпкем «біз тай апара жатырмыз» десе, мен де солардан қалмайын деп әйел басыммен базардан тай іздеп, тоғызымды жасап, артынып-тартынып бардым. Менің орнымда басқа біреу болса «тіреп тұрған байым жоқ, балам жоқ, маған кім өкпелейді» деп барын апарар еді. Қысқасы, інімнің мерейін көтеріп, мәртебесін асыру үшін ештеңеден аянбадым.


Қазір мен қалада тұрамын. Қызымды бөтеннің қолына қаратпайын деп сол күйі тұрмысқа шықпадым. Қызым қалаға оқуға түскен жылы ауылдағы үйді сатып, өзімнің жинаған ақшамды қосып, пәтер алғам. «Үй әперем» деген қайынағадан сол күйі қайыр болмады. Мейлі ғой, оларға өкпем жоқ.


Қалаға келгесін баяғыдай жағдай болмай қалды. Сауда жасайтын ақша жоқ, бәрін үйге жаратқам. Оның үстіне жас күніңдегі күш-қуат та жылдар өте кемиді екен. Қан қысымы деген бәле айналдырып, жиі жатып қалам. Әйтеуір қызым жаныма жалау боп, шырылдап жүреді. Оқуымен қоса жұмыс істеп, күнімізді көрдік.


Осыдан екі жыл бұрын қызымды ұзататын болдым. «Күйеу – күл астында» дегендей, бұрқ етіп шыға келді. Тыпырлап қалдым. Той жасап, ұзата қоятындай артық ақшам жоқ. «Ойбай, Айнұрға құда келіп жатыр, не істеймін» деп інім мен келініме бардым.

Ондағы ойым мынау еді: інімнің қолынан ремонт жасау келеді, құда келер болса үйімді бір реттестіріп алайын, обои жапсырып берсе дегем ғой. Ойымды ініме айтып едім, «Менің қазір қолым бос емес, заказ алып қойғам. Ал егер клиенттен көп төлейм десең, оларға отказ беріп, сенің үйіңді істеп берейін» деді. Мына сөзді естігенде түрім бұзылып кетсе керек, артынша «Әзіл ғой, ренжіме, шынымен қазір қолым бос емес. Құдалығыңды күзге қалдыр, қолым босаса арасында барып жапсырып берейін» деп жуып-шайғандай болды.

«Құдалығыңызды біз де күтейік, үй тұр, бізден не көмек» деп елпілдейтін шығар деп келінге қарасам, ол да үнсіз. Ішім әлем-жәлем боп кері қайттым.


Қайта достарым бар екен, солар көп жәрдемдесті. Бірі келіп үйімді жөндеді, екіншісі құдағиға тағатын алтынымды әперді. Төрт құрбым төрт жағыма шығысып, тойымды дүркіретіп өткізіп берді. Қазір алтындай үш немерем бар, бақытты әже боп отырмын.


Айтайын дегенім мынау, жақында әлгі інім келін алып, құдалық шақырды. Бауыры боп барып, әнімізді айтып, қонақтарды күтістік. Қызым үш баласымен үйіме қыдырып келген еді. Өзі енді босанған, емізулі, соған тойдан сарқыт апарайын деп пакетке дастарханнан анау-мынау салып жатсам, баяғы мен құйрығын жуып қараған інімнің кішкентай қызы «Әпше, тимеңіз, шығарып қойыңыз орнына. Кешке Бағдәулеттің достары келеді, соларға дастархан жасаймыз» деп дікеңдеп тұр. Аузым ашылып, не айтарымды білмей қалдым да, қолымдағыны пакетімен қоса үстелдің үстіне қойып, шығып кеттім. Сөйткен келінім «әпше, мынаны алыңыз» деп бір пакетке қызылша салат салып, алып шығыпты. Ызамның келгені-ай, пейліне бәле көрінген шығар бұлардың. «Өзің же, қызылшаң өзіңе бұйырсын» дедім де, кетіп қалдым.


Негізі о бастан дастарханға қол созатын әдетім жоқ, жалғыз өзім тұрам, бекерге ысырап болады деп алмайтынмын. Осы жолы немерелерім есіктен кірсем қолыма қарайды ғой деп тәттіге қол созып едім, масқара боп қалдым. Сіңлімдікі мейлі, келініме не жоқ, баяғы еңбегімді, бергенімді есіне алып, «қыз ғой» деп қуанта салса несі кетті.


Сол күннен кейін төркінге аяқ баспадым. Баяғыда күнара телефон соғып, жағдайларын сұрап тұрушы едім, қазір сөйлескім де келмей қалды. «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деген рас екен».