«Алтын комплект үшін өзі келіп жабысты»: қостанайлық бойжеткен өзіне өгей әкесінің жала жапқанын айтып берді

0
4 421

«Жүрем десем басқа әйел құрып қалды ма?» деп сөзден сытылып кетті...»


«Алтын комплект үшін өзі келіп жабысты»: қостанайлық бойжеткен өзіне өгей әкесінің жала жапқанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген сөз бар ғой. Дәл сол сияқты өгей әке де бәрібір өгейлігін жасайды екен. Есімді білгелі әкем деп келген адам мені зорламақшы болды», - деп мәлімдеді Диана (өз өтініші бойынша аты өзгерлітді) деген бойжеткен.


Университеттің екінші курс студенті осы жағдайдан кейін анасымен ренжісіп, бет көрместей боп кеткенін айтады. Оқиғаның қалай, неден басталғанын ERNUR.KZ тілшісіне жайып салды.


«Мамам туған әкеммен мен екі жасқа толар-толмас ажырасқан екен. Сол себепті мен туған әкемнің кім екенін білмеймін, ол да қызым бар еді деп іздемеді. Мен де ол туралы жарытып ештеңе сұрамадым. Себебі туған әкемнің орнын өгей әкем баса білді. Мамам екеуі мен бірінші сыныпқа барған жылы үйленген. Яғни есімді білгелі С. ағаны өз әкемдей көрдім. Ол кісі де маған түрлі ойыншықтар әперіп, демалыс күндері саябақтарға апарып қыдыртатын. Арқасына отырғызып, ат болып шабатын. Бір сөзбен айтқанда, мені төбесіне көтеріп өсірді. Мамам кейін бір ұл тапты, бірақ С. аға одан гөрі мені көбірек еркелетті. «Қызым» дегенде еріп сала беруші едім...


Бәленің бәрі мен мектеп бітірген жылы басталды. Қолыма аттестатты алған күні анам түнгі ауысымға кетті де (ол әуежайдың қонақүйінде істейтін), үйде кішкентай інім, С. аға, үшеуміз қалдық. Кешкісін торт, шампан әкепті. «Сен енді бойжеттің, мектеп бітіргеніңді атап өтейік» деп шампан құйды. Бұған дейін ішіп көрмегем, «болмайды» деп бас тартып ем, «болады, мен рұқсат беріп тұрмын ғой, бұл кәдімгі сусын» деп қояр да қоймай ұрттатты. Өзі аздап қызып алған сияқты ма, әңгімені гулетіп, түннің бір уағына дейін дастархан басына отырғызып қойды.

Бұл уақта інім ұйықтап қалған. «Аға, мен де демаламын, сіз болсаңыз дастарханды жинайын» деп орнымнан тұрып ем, С. аға қарсы алдыма келді де, белімнен қысып құшақтап, ерніме жабысып қалды. «Мұныңыз не?!» деп жылап жібердім. «Кешір, кешір, бәрі мастықтың кесірі ғой. Мені шайтан түртті. Өтінем, кешірші, тек жыламашы, қызым» деп өлердегі сөзін айтып, тұрып алды. «Диана, мұндай жағдай қайталанбайды, мамаңа айта көрме, дұрыс түсінбей қалады» дегесін, бәрін жылы жауып қоя салдым. Бірақ сол жағдайдан кейін мен ағаның көзіне түспеуге тырыстым. Ол да маған біртүрлі қарайтын сияқты, ұрлық істеп қойған адамдай қысылып жүретін болдым.


Мамам түнгі ауысымға кеткен күндері бөлмемнің есігін ішінен кілттеп алатын әдет пайда болды. Бұрын бір-бірімізден сыр жасырмаушы едік, түннің бір уағына дейін комедия көріп, попкорн жеп, мектептегі қызықтарымды айтып, әңгіме-дүкен құрушы едік. Әлгі жағдайдан кейін бәрі жайына қалды. Арада уақыт өте келе бәрін ұмытып, баз-баяғы қалыпқа түсе бастадық.

Бір күні кешкі мезгілде С. аға «Келіңдер, бәріміз кино көреміз» деп холға шақырды. Үйде мамам болғасын еш уайымсыз қатарларына қосылдым. Бір уақта мамам «ертең анализ тапсыруға барамын, ертерек демалайын» деп бөлмесіне кіріп кетті. Інім де фильм басталмай жатып ұйқыға кеткен. Мен киноның қызығына түсіп, беріліп кетіппін. Бір қарасам С. аға диванның арт жағынан келіп, екі қолымен мойнымды, кеудемді сипалап жатыр.

«Сізде ұят бар ма, не мынау?» деп айқайлап жіберіп едім, аузымды қолымен жапты да, сыбырлап кешірім сұрады. «Ойбай, мамаң есітіп қоймасын, киноға беріліп кетіп, сені мамаң екен деп қалдым» деп ақталды. Оның бұл айтқанын өтірік екенін түсінсем де үнсіз қалдым. «Соңғысы осы болсын! Екінші маған жоламаңыз!» деп зілмен айттым да, бөлмеме келіп әбден жыладым.


Таңертең тұрсам екі көзім гүп боп ісіп кеткен, менің түрімді анализ тапсыруға кеткен мамам көрмеді. Құрбыларымның бәрі «не болды?» деп сұраумен болды. Оларға «жай» дегеннен өзге ештеңе айтпадым. «Мәлік аға бұл қылығын қояр. Сондықтан қазірше анама айтпай тұра-тұрайын» деп шештім.


Бір күні мамам «осы сен ағаңмен бұрынғыдай қалжыңдасып, ойнамайтын болыпсың, тыныштық па» деп сұрады. Тілімнің ұшында тұрған оқиғаны айтайын дедім де, тістеп қалдым. «Мама, мен бойжеттім ғой, енді олай ойнаған ұят шығар» деп құтылдым. «Е, менің қызымның ақылы бар ғой, дұрыс» деп мамам мәз боп қалды.


Осыдан кейін С. аға алты айдай маған тиіспеді. «Өз қателігін түсінген шығар» деп қуанып жүргем. Бірақ олай болмай шықты. Жаңа жылдың қарсаңы еді, группалас қыздар боп караокеге бардық. Мамам «ағаң алып қайтады, местоположение таста» деп қоймады. Түннің бір уағы боп қалған, С. аға келіп, машинасына отырдым.

«Мынау саған, жаңа жылыңмен» деп маған әдемі, бренд иіссу сыйлады. «Қажет емес, рахмет» деп кері қайтарып едім, «Қолымды қайтармашы, шын көңілден беріп тұрмын, арамызда өкпе-реніш қалмасын. Ал мынаны мамаңа алдым» деп алтын комплект көрсетті. Иіссуын алып, телефон шұқылап отырғам. Жүріп келе жатқан көлік кенет жол шетіне тоқтады. Рульде отырған өгей әкем дереу мені құшақтап, бас салып сүйе бастады. Бұл жолы алдыңғыдай емес, қолы белімнен төмен түсіп, шалбарымды шешуге әрекеттеніп жатыр. Қанша арпалысқанымызды білмеймін, әйтеуір біраз уақыт аймалап, сүюмен болды. Жылап, жалынып жүріп әзер тоқтаттым.

Құдай оңдап маған кесірін тигізбеді. Бірақ осы әрекетінің өзі менің шыдамымды таусыған еді. «Мен енді қарап қалмаймын, бәрін мамама айтам» дедім де, түн жарымында көлігінен түсіп, таксимен үйге қайттым.


Ертеңіне С. аға жұмысына ерте кетіпті. Болған жағдайды мамама оңаша отырып айтып едім, «мүмкін емес» деп сенбеді. Түсте үйге келген өгей әкемді мамам сұрақтың астына алып еді, «Ойбай, қызым деп бауырыма басып жүрген балапан өсіп кетіпті. Саған алған комплектіге көзі түсіп, «маған да әперші осындай алтын» деп мойныма өзі асылды. Бұған дейін де маған қырындап, тиісіп жүрген. Сенің көңіліңе келмесін деп үндемеп едім. Әйтпесе барам десем басқа қатын құрып қалыпты ма?» деп бар бәлені маған жаба салды. Мамам оның сөзіне имандай сеніп, «Иә, қыдырам дегенге басқа қыз-қырқын жетеді, өзің көзіңді сүзгенсің» деп маған бас салсын.


Басқа емес, туған анамның менің сөзіме сенбегеніне қорланып кеттім. Алғаш рет туған әкеме деген сағыныштң өксігі тамағыма тіреліп, үйден киім-кешегімді жинадым да, кетіп қалдым. Қазір группалас қыздардың пәтерінде тұрып жатырмын. Анама деген ренішім басылар емес. Өзім деп сенген екі адам мені осылайша сатып, оп-оңай ысырып тастай салды...»