​«Әке-шешем көршінің тамағын ішіп жүр»: қызылордалық келіншек жеңгесіне қапаланып отыр

0
5 505

«Жеңгем көршіге ақша төлеп тамақ әзірлеткізеді екен...»


​«Әке-шешем көршінің тамағын ішіп жүр»: қызылордалық келіншек жеңгесіне қапаланып отыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өткенде бір тойға бардық. Сонда асаба «Балаң арам болса, бола берсін, бәрінен де келінім адал болсын деп тілеңіз» деп еді той иесіне. Сол жерде отырып ойланып қалдым, расында да, бала ата-анасынан безіп ешқайда кетпейді, келіннің жақсы болуы аса маңызды. Себебі қартайған ата-ененің бабын жасап, батасын алса, одан жаман болмайды. Ал, керісінше, қарғыс арқалап отырса ше, ондай келіннің ертеңі не болмақ?» - дейді қызылордалық Назым.


Шымкентте туып, көрші облысқа келін болған оқырманымыз төркініндегі жағдайды ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісті. Жеңгесінің кейбір қылықтары қазіргі жас келіндерге ой салса екен дейді.


«Төрт ағама еркелеп өскен бір түйір қызбын. Өмір бойы сіңлім болса деп армандап келдім. Ең үлкен ағам үйленіп, үйге айдай сұлу Айсұлу жеңгемді әкелгенде бала күнгі арманым орындалғандай қуандым. Жеңгем өте жақсы боп шықты. Тілі майда, іші-бауырыңа кіріп кетердей, тірлігінен де мін таппайсың. Жап-жас болса да дастарханды гүлдендіріп, жоқтан бар жасайтын, қолы майлы боп шықты. Бірақ ағамның жұмысы Арқалық қаласына ауысты да, олар көп ұзамай сол жаққа көшіп кетті.


Екінші ағам университет бітіргелі ауылға келмей, қалаға бойын үйретіп қойған-тұғын, сол себепті үйлене сала еншісін алып кетті. Ол кезде мен енді бойжетіп, мектеп бітірген қыз едім. Студент боп аға-жеңгеммен бірге екі жыл тұрдым. Обалы не керек, екінші жеңгем де тәуір.


Үшінші ағам да әскери қызметті таңдап, қазіргі таңда батыс өңірде тұрады. Сол жақтың қызына үйленген. Жылына бір көрсек, соған мәзбіз. Өз арбаларын өздері сүйреп, үй боп кеткеніне шүкір дестік.


Жалпы, қара шаңырақта қалатын бала кішкентайынан белгілі болады екен ғой. Төртінші, өзіммен тетелес ағам титтейінен малға жақын болды. Бау-бақшаны күтіп-баптағанда да көрген жұрт таңдай қағып кететін. «Асқартайым келіншек әкелсе, қолымды жылы суға малып, балаларымның үйін кезек-кезек аралап, қыдырамын» деп анашым жиі армандайтын. Өйткені жас күнінде бейнетті көп көрді. Бір емес, екі ененің бабын жасап, сақырлаған төрт балаға, әкемізге екі мезгіл тамақ пісіріп, күнара тандырға нан жауып дегендей, сол замандағы ауыл әйелдерінің бейнетін ол да көрген.


Кіші баласы келін әкелгенде басқасын қайдам, анам ерекше қуанды. «Жас қой, білмегенін үйретейін» деп келіннің алдына түсіп, үйреніп қалған тірлігін істеп кете беретін. Ол кезде мен тұрмысқа шықпағанмын, «мама, келін бар ғой, керек болса өзі-ақ үйреніп алады, демалыңызшы» деп айта-айта, ақырында өзім Қызылордадан бір-ақ шықтым.


Жат жұрттық болғасын ауылға көп бара бермеймін. Жылына екі рет барып, бір аптадан жатып қайтамын. Барған сайын көңілім құлазып, жүрегім тілім-тілім болып кетеді. Жеңгемнің қылығы ғой сол. Келдің-ау, кеттің-ау демейді, ауылдағы балабақшаға әдіскер боп кіріп алған, таңмен таласа кетеді, кеш батқанда, ыдыс жуатын уақытта кіріп келеді. Оның бар тірлігі – ыдыс жуу. Әйтпесе үш ұл, бір қызы бар. Олардың кірі де, тамағы да, қорадағы малды сауып, айран-сүтті жайғастырудың бәрі сол баяғы анашымның мойнында. Жасы жетпіске жетсе де салпақтап кіріп-шығып жүре береді. Шаршадым дегенді білмейді, жаны сірі. «Сізге осы керек пе, бір уақ демалып отырсаңызшы» деймін.


Сол анашым жақында айықпас дертке шалдықты. Балаларын өсіріп, үйлі-жайлы етіп, енді қызығын көрер шағында өз басымен әуре боп кетті. Миға сары су жиналыпты, ота жасауға келмейді екен. Ағаларым Астанаға дейін апарып, тексертті. «Көнесіздер, басқалай амал жоқ» депті. Үш жылдан бері тәп-тәуір жүрген, биыл ұмытшақтық пайда болды. Кейде жанындағы адамды танымай қалады, қолындағы затын қайда қойғанын білмейді. Бір айтқан әңгімесін бірер минуттан кейін қайтадан айтып отыра береді.


Мұның бәрін көріп жүрген әкем бір күні ағам мен жеңгеме «Мына шешелерің бұрынғыдай емес, газды өшіргенін білмей қалады, артынан бәрін тексере беріп шаршадым. Тамағы анау, бірде тұз салуды, бірде май құюды ұмытып жүр. Оны жалғыз қалдыру қауіпті. Сондықтан келін, айналайын, жұмысыңды тоқтатып, үйдің шаруасын өз қолыңа ал. Төрт баланың ас-суын қамдау да оңай тірлік емес» деп айтса, жеңгем шапылдап, ұрысып кетіпті.

«Басқа келіндеріңіз қалада, тырнақтарын бояп, сыланып жүр, менің олардан қай жерім кем? Мен де жас кезімде жұмыс істеп, ұжыммен араласып, тәжірибе жинағым келеді. Төрт балам өз күндерін өзі көреді, мен жұмыстан шықпаймын» деп кесіп айтыпты. Ағамның сөзін де тыңдамапты. Бірдеңе болса «төрт баламды алам да, төркініме кетем» деп қорқытатын көрінеді.


Бір балабақшаның әдіскері болғасын сол жерде няня боп істейтін көрші апаның келініне ақша беріп тамақ істеткізуді бастапты. Оған ай сайын отыз мың теңге ақша, азық-түлік әпереді екен. Онысы өз балаларына істеген тамақтан бір табағын құйып, менің әке-шешеме әкеп беретін көрінеді. Ондай тамақ жылытпа болмағанда не болды? Асқазаны ауыратын әкемнен де обал, бабы болмай жатыр.

«Назтай, ауылға барсам үй суық, мереке күні болса да келін жоқ, қайынаға мен абысын борщ ішіп отыр, онысы сылдыр су. Дереу қазан асып, қамырын жайып, ыстық-ыстық сорпа ішкізіп кеттім» деп ағайын жеңгем ватсаппен хат жазыпты. Сөзінің соңын «мұндай келінді кәпірге де тілемеймін» деп аяқтаған. Әбден жылап алдым. Ауылға қадірлі, әулетке сыйлы әке-шешем азып-тозып барады. Бөлек кеткендер де қара шаңыраққа келіп тұруға ыңғай білдірмей отыр.


«Бір ана он баланы жалғыз өзі бағып, өсіре алады, бірақ он бала бір ананы баға алмайды» деген сөздің мәнін енді ұқтым. Шымкент жақта тұрсам өз қолыма алар едім, үй-жайын тастап мұнда келмейтіні белгілі. Сөз ұқпайтын, обал-сауаптан қорықпайтын жеңгеме қатты қапа болдым...»