«56 жасымда күйеу балама тұрмысқа шықтым»: Үш рет некелі болған әйел тағдырын айтып берді

0
5 129

Үш рет тұрмысқа шыққан бір әйелдің өмірі.


«56 жасымда күйеу балама тұрмысқа шықтым»: Үш рет некелі болған әйел тағдырын айтып берді

«Құдай барлық нәрсені жұп-жұбымен жаратқандықтан адам қай жаста да жанында қосағынын болғанын қалайды. Бұл табиғаттың заңдылығы. Адам шығарған заңға қарсы келгенімізбен, табиғат-ананың заңы алдында дәрменсізбіз...»


Осылай деп әңгімесін бастаған Қалдықыз үш рет некелі болған. Ол бұны тағдырдың жазуы дейді. Балалары ержеткен шақта тұрмысқа шығуды ойламаған әйел өмірін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.

«Мен үш рет босаға аттағанымды мақтаныш етпеймін. Балалар қарсы болмаса, серік болар адам табылып жатса әйел зейнет жасында болса да бұны ұятқа санамағаны дұрыс екенін айтқым келеді.

Бірінші күйеуіммен сезім қосқанымен, ақымақтықпен ажырасып кеттім. Екеуміз де сұңғақ бойлы, сымбатты едік. Екеуміз де ең бірінші сыртқы келбетімізге ғашық болғанбыз. Сырт көз кейде ағалы-қарындас деп шатасатын. Өйткені қатты ұқсайтынбыз. Дегенмен көркіміз жарасқанмен мінезіміз үйлеспеді. Ұрыса бердік. Ата-енем бізді ақылға шақырудың орнына ұрыс отын одан сайын көсей түсуші еді. Ол кезде жасым небәрі 19-да еді. Студентпін. Ол мені, мен оны қызғандым. Құрбыларыммен қыдырсам енем ұрсады, ал күйеуім достарымен сайран құрып жүрсе мен керісемін. Болмашыны боратып жіберетінбіз. Ақыры ажырасып тындық. Сондықтан мен 18-20 жасты тұрмысқа шығуға ерте деген болар едім.

Екінші рет 24 жасымда мен сыртына емес, жан-дүниесіне ғашық боп, ақылмен отбасылық өмірге қадам бастым. Оның бойы менен 3-4 см аласа болса да, біздің сөзіміз, жанымыз жарасымды еді. Әңгімеміз таусылмайтын. Ол да ажырасқан, отбасының бағасын біледі. Өмірден алған сабағымыз көп болғандықтан шығар, ұрыспайтынбыз. Әрине ыдыс-аяқ сылдырлап тұрды, бірақ мен мұндайда ұрыс-керісті өршітпеуді, сыйластық пен сүйіспеншілікке сызат түсірмеуді ойлайтынмын. Сонда да кейде ашуым келсе өзімді тоқтата алмай қалатынмын. Ал ол «Қазір артық ауыз сөйлеп қойып, бір-бірімізді ренжітіп алуымыз мүмкін. Сенің ашуың басылғаннан соң келем» деп үйден шығып кететін. Расында да ол келгенде мен ашудың күшімен үйді тазалап, кір жуып шаршап жататынмын.


Мен онымен бақытты едім. Түсінігі мол, жаны таза адам еді. Бірақ отандасқанымызға он жыл толғанда күйеуімді әлдебіреулер өлтіріп кетті. Екі баламмен зар жылап қалдым.

Фото: img.freepik.com

Күйеуім түнделетіп қаладан қайтып келе жатқанда екі жолаушы тоқтатқан. Ауданға дейін жеткізіп салмақшы болған. Бірақ олар күйеуімді өлтіріп, көлігін айдап кеткен. Денесі трасса шетіндегі қалың ағаштың арасынан табылған соң көлік іздестірілді. Нөмірін өзгерткенімен, қылмыскерлер ұсталды...

34 жаста осылай мен жесір қалдым. Қазір бұл жаста кейбір қыздар әлі бойдақ жүрсе, ал мен екі рет жұбымды жоғалтып үлгерген едім. Жыладым, жоқтадым, бірақ өлген адам қайтып тірілмеді. Бір жылдан соң балаларым үшін өткеннің есігін жауып, алға жылжуға өзімді мәжбүрледім. Еңсемді тіктеп, бойыма күш қуатымды жинап жұмыс істедім. Шынымдай айтсам, мен қайтадан тұрмысқа шығуды ойламадым. Екі ұлым ержетті. Жоғары оқуға түсірдім.

Уақыт өз ырғағымен сырғып жатты. Бір күні сіңлімнің қайтыс болғаны туралы хабар жетті. Көрші ауданда болғандықтан үйге жиі келіп тұратын. Соңғы көргенімде сап-сау жүрген еді. Ол дәрігердің сауатсыздығынан қаза тапты.

Сіңлім босанғаннан соң дұрыс күтінбеді ме екен, тістерінің біразы өздігінен босап түсіп қалған болатын. Қызы өсіп, өзі есін жинаған соң көркіне көңіл бөлмек боп тіс дәрігеріне барған. Дәрігер алдымен қызыиекті емдеу керектігін айтыпты. Жас маман оның антибиотиктерге аллергиясы бар екенін тексермей бір дәріні еккен. Дәрі кері реакция берген, «жедел жәрдем» кешіккен, сіңлім көз жұмған.

Күйеуі екеуі көп жыл перзентті бола алмай, ана болу бақытына 40 жасында әрең жеткен еді. Сол қызының қызығын көре алмай кетті. Күйеуі менің сыныптасым, екеуінің отбасы құруына өзім мұрындық болып едім. Күйеу баламның егіліп жылағанын көргенде қалай жұбатарымды білмей әлек болдым.

Бір жылдың ішінде күйеу балам 9 жасар қызымен абыржып кетті. Әйелі жоқ үй белгілі емес пе, еркектің әйелсіз күні қараң. Қызын бір күні әкесі соңғы кезде демалыс күндері ішетінді шығарғанын айтты. Достарын үйіне ертіп келіп, кейде таңға дейін сыра ішеді екен. Бұны естігенде шыдап тұра алмадым, сіңлімнің қызын өз қолыма алып кеттім. Ал күйеу балама «Тағдырлас әйел жолығып жатса үйлен. Ішімдігіңді қоймайынша қызың сенімен бірге тұрмайды» дедім.

52 жастағы еркектің тамағын істеп беретін, киімін жуатын, «тәйт» деп отыратын әйел керек-ақ. Қыз балаға ана керек. Оған әйел іздестірдім. Бірақ күйеу балам қызының рұқсатынсыз үйленбейтінін айтып, үйге жиі келе берді. Қызы әлі жас емес пе, ол да әкесінің басқаға үйленгенін қаламады. Осылай ол екі ауданның ортасын жол етті.

Екі ұлым да қалада болғандықтан, күйеу балам келгенде бұзылған шәйнекті жөндетемін, сынған әйнекті қақтырамын. Оқымағаны болмаса қолынан барлық іс келеді. Оның үстіне өте балажан, қызын жақсы көреді. Бір кемшілігі – әйелі қаза болғалы ішетіндігі еді. Ал күнде мас боп жүретін әкемен қызын жалғыз қалдыра алмаймын. Сондықтан қызын жібермедім. Бірде ол ішіндегі қызуымен үйге келіп, «Бізді айыруға сенің құқың жоқ» деп, менімен ұрысты. Сонда қызы «Бүгіннен бастап ішімдікті татып алғаныңызды көрсем, мені көрмейсіз. Тіпті әке деп атамаймын» деп жылап қалды. Сол күннен кейін оның ішкенін, мас боп жүргенін көрмедім.

Күйеу балам түзелді, сөзінде тұрды. Алайда бұл уақытта маған бауыр басып қалған сіңлімнің қызы ауылына барғысы келмеді.

Қызына жиі келеді. Әкесіз өскен ұлдарым демалысқа келгенде жезделеп соның қасынан шықпайды. Ақыл сұрайды, сатып алған киімдерін көрсетіп кеңеседі. Сіңлімнің күйеуі болғандықтан балаларым кішкентайынан танып, көріп өскен. Әңгімелері жарасады, бөтенсінбейді.

Ұлдар үйленді. Тойда әкенің орны ойсырап тұрды. Бірақ «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» демекші, бәрі «Ана да, әке де болған...» деп, маған ақ тілектерін жаудырып жатты. Тойдың ертеңіне Азат «Анасы бар баланың жетімдігі байқалмайды екен, ал әкесі болғанымен анасы жоқ қыздыкі жаман көрінсе керек. Құдаласарда, қыз тұрмысқа шығарда әке мен ананың аты да, заты да сұралады екен ғой. Үйленгім-ақ келеді, бірақ алғаным қызыма өгейлігін көрсете ме деп қорқам...» деп күрсінді. Сол кезде маған астарлап сезімін жеткізбек болды ма, түсінбедім.

Ол бір күні маған «Екеуміз үйленсек қайтеді, сөзіміз жарасатын сияқты ғой» деді. Әзілі шығар деп күлдім. Сыныптасым әрі құрдасым болғандықтан көп әзілдесетінбіз. Бірақ дастархан басында отырған ұлдарым мен қызы Азатты қоштай жөнелді. Екі ұлым «Мама, келісіміңді бер» десе, Сымбат «Мен қарсы емеспін» деді. Тақырыпты басқа арнаға бұрып жібердім. Бірақ сол күннен кейін көзіміз түйісіп қалса, ол үйге келсе бұрынғыдай емін-еркін сөйлей алмайтын болдым, басқаша күй кешетін сияқтымын...

Ол тағы да маған ұсыныс жасады. Бұл уақытта ұлдар жұмыс бабымен қалада тұрып жатқан еді. Қыз тұрмысқа шығып кетсе жалғыз қалам ғой. Оның үстіне күйеу баламды басқа әйел жүнжітіп жіберіп, ол тағы да ішімдікке салынса қыздың тұрмысына зияны тимей ме деп ойладым. Бөтен емес, балаларымыз да біздің бірге болғанымызды қалады. Келістім.

Содан бері талай жыл уақыт өтті. Біз әлі біргеміз. Немерелеріміздің қызығына тоймай, өміріміз өтіп жатыр»


Біреу өмірінің ортасына дейін бақытты болса, біреу қарттық шақта бақытқа кенеледі. Дегенмен не нәрсенің де баянды болғанына не жетсін шіркін?!


Ұқсас оқиғалар:


«Досым көп дегендерге сенбеймін»: алматылық азамат себебін айтты

Күйеуі жоқтарды көп кемсітетін еді»: алматылық әйел неге астамшылық жасауға болмайтынын айтты