"​ФОЛИЙ қышқылы – ЖҮКТІ әйелге ең қажетті ДӘРУМЕН" – дәрігер

0
5 661

Дәрігер жүктілікке қатысты құпиямен бөлісті


«Дені сау бала – дені сау анадан туылады» дейді медицина мамандары. Бірақ осыған аса мән бермейтін болашақ аналар көп-ақ. Жалпы, дүниеге келген бөбегіңіздің денсаулығы мықты, иммунитеті жақсы, белсенді болғанын қаласаңыз, жүкті кезде өте мұқият болыңыз. Дәрігерлер ұсынған кеңесті мүлтіксіз орындап, ережелерді сақтаңыз. Ендеше, жүкті әйелдерге қалай күтім жасау керектігін, нені жасап, неден бас тарту қажеттігін, қандай дәрумен ішетінін отбасылық дәрігер Гаухар Жұматқызы (суретте) айтып береді.


– Гаухар Жұматқызы, жүкті келіншектер дені сау ұрпақ әкелу үшін қандай ережелерді білуі керек?

– Иә, баланың дені сау болуы тікелей анасына байланысты. Баланың саулығы ана құрсағында жатқанда-ақ белгілі болады. Сондықтан бала жатырға біткен кезден-ақ әрбір ана өз денсаулығына баса назар аударып, жүктілікке дайындалу керек. Мейлінше инфекциялық, вирустық ауруларды жедел емдеу, зиянды әдеттерден арылуы тиіс. Дәрі-дәрмекті тек қана дәрігердің нұсқауы бойынша ішіңіз. Жеп-ішетін тамағының құнарына мән беріңіз. Стресстен сақтанып, ашу-ызаға бой бермеңіз. Таза ауада жиі серуендеп, көңіл көтеретін фильм, бағдарлама қарау керек. Спиртті ішімдіктер мен темекіден алыс болыңыз. Осы қарапайым ғана ережені сақтаған анадан дені сау бала туылады.

Осы жерде нақтылап айта кететін жайт – жүктілік мерзіміндегі тексеруден, сараптамадан міндетті түрде өтуге кеңес беремін. Бұл сіздің де, баланың да саулығы үшін маңызды.


– Жүктілік мерзіміндегі тексеру туралы нақтырақ айтып кетсеңіз.

– Жүктілік уақыты негізінен 3 кезеңге бөлінеді. Біріншісі 1-12 апта, екіншісі – 13-27 апта, ал үшіншісі 28-40 апта. Осы уақытта дәрігердің тексеруінен өтуіңіз керек.

1-12 аптада міндетті түрде мынаны жасауы тиіс.

  • Бой, салмақ өлшеп, дене массасы индексін (ДМИ) есептеу;
  • Артериялық қан қысымын өлшеу;
  • Аяқты тексеру (варикоз, ісіну);
  • Айна арқылы қынапты, жатыр мойынын қарау;
  • Сүт безін тексеру;
  • 10-14 апта аралығында УДЗ жасау;
  • Жалпы қан, зәр анализі;
  • ДМИ 25 тен жоғары болса қандағы қант мөлшерін анықтау;
  • Қан тобы, резус фактор;
  • Онкоцитологияға жағынды (мазок) алу. Көрсеткіштер болса жыныс мүшелері инфекциясына тапсыру;
  • АИТВ, мерез, гепатит В антигеніне анализ тапсыру.

Осы сараптамадан өткен соң нәтижесін білу үшін отбасылық дәрігерге немесе терапевтке барасыз.

Әсіресе, жүкті әйелдің жасы 35 тен жоғары болса, ұрықта даму ақауы, бұрын 2 түсік болса, міндетті түрде жоғарыда берілген тексеруден өтуі керек.

Ал өзіңіздің және сәбиіңіздің саулығы үшін жүктіліктің алғашқы кезеңінде үзбей фолий қышқылын ішіңіз. Күндік мөлшері – 0,4 мг.


13-27 аптада міндетті түрде мынаны жасауы тиіс.

  • Артериялық қан қысымын өлшеу;
  • Аяқтың тамырларын қарау;
  • 20 аптадан бастап жатыр биіктігін өлшеу;
  • Сараптама;
  • Ақуызды анықтау үшін зәр анализі;
  • Егер биохимиялық генетикалық маркерге анализ алынбаса, онда анализге жолдама беріледі;
  • 18-20 апта аралығындағы УДЗ;
  • Жүрек соғысын тыңдау.

Егер сараптама нәтижесі дұрыс болмаса немесе мына жайсыздықтар мазаласа:

  • Жыныс жолдарынан қан бөлінсе;
  • Қынаптан көп мөлшерде сұйық байқалса;
  • Бастың қатты ауруы, көз алдыңызда "майда жұлдызшалар", ұсақ нүктелер пайда болса;
  • Аяқ пен беттің ісінуі;
  • Дене температурасының 38 С жоғары болуы;
  • Зәр шығару кезіндегі қатты қышу, ашыту, ауырсыну;
  • Жатқан кезде де іштің ауырсынуы басылмаса;
  • Сағатына 4- тен артық толғақ қысса;
  • Ішіңізге абайсызда соққы тисе;
  • 6 айлық жүктілік кезінде балаңыз 12 сағат бойы 10 реттен кем қозғалса, онда міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.


28-40 аптада міндетті түрде мынаны жасауы тиіс.

  • Дене массасы индексі қайта есептеледі;
  • Артериялық қан қысымын өлшеу;
  • Аяқты тексеру;
  • Жүрек соғысын тыңдау;
  • Жатыр биіктігін өлшеу;
  • Қажетті анализ алу;
  • Мерез, АИТВ сараптама жасату;
  • Ақуызды анықтауға зәр тапсыру қажет.


– Жүктілік кезінде дәрумен ішу керек пе? Нақты қандай дәрумен қабылдау керектігін айтып өтсеңіз...

– Әрине, құрсақ көтерген анаға дәрумен ішу керек. Себебі, барлық аналар құнарлы, минерал мен дәруменге бай тағамдарды үзбей қолдана бермейді. Сондықтан сараптама нәтижесіне қарай дәрігерлер арнайы дәруменді тағайындайды. Одан бөлек, жүктілік кезінде фолий қышқылы, йод, темір, кальций міндетті түрде қабылдау ұсынылады.

Дәруменді сатып алудан алдын оның құрамына қарау керек. Сізге қажетті дәрумен мен минералдар тәуліктік дозадан аспау керек, ал асқан жағдайда жатырдағы ұрыққа токсикалық әсер етуі мүмкін. Дәрумендердің тәуліктік мөлшері:

  • А дәрумені – 700-770 мкг
  • С дәрумені – 80-85 мг
  • Д дәрумені – 600-1200 ме
  • Е дәрумені – 15 мг
  • В1, В2 дәрумені – 1,4 мг
  • Ниацин (В3) – 18 мг
  • Пиридоксин (В6) – 2 мг
  • Фолий қышқылы – 400-800 мкг
  • В12 дәрумені – 5-6 мкг
  • Мырыш – 8 мг
  • Темір – 27 мг
  • Кальций – 1000-1300 мг
  • Йод – 150-250 мкг

Енді осы дәрумендердің құрамына назар аударыңыз.

«Витрум ПРЕНАТАЛ» – В, С, Е, А дәрумендері мөлшерден көп, ал темір қалыпты. Бұл дәрумен мүлдем тамақ ішпейтін әйелдерге болады.

«Элевит пронаталь» – құрамында ең қажетті элемент йод жоқ. Есесіне С, А дәруменінің мөлшері жоғары, темір қалыпты, БАД емес.

«Фемибион» – құрамында басқа поливитаминмен салыстырғанда фолий қышқылы бар, бірақ С, биотин дозасы жоғары. Темір мен кальций жоқ.

«Прегнотон Мама» – дәрумендер дозасы тәуліктік мөлшерден аспаған. Омега 3 бар. Темір жоқ. БАД болып табылады.

Ең дұрысы фолий қышқылы, Д дәрумені, темір мен кальций элементінің мөлшерін қалыпты ұстау керек.


– Гаухар Жұматқызы, маңызды ақпарат үшін үлкен рахмет!


иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Сізде КЛИМАКСТЫҢ белгілері БАР ма?


АНЕМИЯ қаншалықты ҚАУІПТІ?


ТҰМАУДАН тез ЖАЗЫЛУДЫҢ жолы қандай?