«Талантты адамдар көп теперіш көреді»: Бекжан Тұрыс әнші Наркенжені аяқтан шалғандарға сөз арнады

0
2 840

«Қайта ғажап үнді қарындасымызды көтеріңдер!»


«Талантты адамдар көп теперіш көреді»: Бекжан Тұрыс әнші Наркенжені аяқтан шалғандарға сөз арнады

Бұған дейін дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаеваның Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы тарапынан бағаланбай жатқаны туралы жазған болатынбыз. Ұжымның Италия мемлекетіне іссапарына баратындардың тізіміне енбегеніне әнші қыз қатты қапаланғанын айтқан едік. Наркенже инстаграм парақшасында атақты актер Бекжан Тұрыспен тікелей эфирде сұхбат құрып, шындық іздеді.


«Мен бұл ақиқатты біраздан бері іздеймін. Бұрын менің ешкімім жоқ-тұғын. Бір Аллаға сыйынып жүре беретінмін. Қазір, құдайға шүкір, ауқымым үлкен. Халқым, жақындарым, жанашырларым бар. Сіздер «Не үшін кеш шықтың?» деп сұрайсыздар ғой. Мен осындай шалыстардан кеш шықтым. «Италияға өзіңіз де барып келесіз ғой» деп бір кісі жазып жіберіпті. Мәселе онда емес. Мәселе менің жұмыс орным менің еңбегімді бағалағанын қалаймын. Егер сол шетелге тек консерватория бітірген байқаулардың әншілері кетіп бара жатса түсінер едім. Бірақ, мендегі іштегі өкініш, 2003 жылдан бері осындай көп тауқымет көріп келе жатырмын. Үлкен сахнадан қия берсе, қия берсе, осындай шалыстар бола берсе, мен қалай шығамын?


Президентіміз «Әділетті Қазақстан» құру үшін тек жоғары жақты айтпаған шығар, әркім өз жұмыс орнында әділетті болуы керек шығар деп ойлаймын. 2019 жылы Республика сарайында алғашқы концертімді бір Алланың және өзіңіздің қолдауыңызбен берген болатынмын, аға. Ол кезде де көптеген кедергілер, аяқтан шалушылық болса да өткізіп шығып едік. Мен үшін мынандай тарихи сәттен сызып тастағаны қынжылтып тұр.


Бұл көре алмаушылық па, әлде мен түсінбейтін басқа бірнәрселер бар ма?» - деді Бекжан Тұрысқа қарата.



– Жалпы біз өмір сүріп жатқан қоғамда әділетті ойыншыққа, адамды қуыршаққа айналдырғанбыз. Сол үшін де Президентіміз Әділетті Қазақстанды жасайық деп айтқан шығар. Өйткені, әділетсіздік көп. Кейде өнерде әділ сынның әлсіз тартқан тұстарының куәсі болып жүрмін. Қажытай Ілиясов ағамыздың: «Өнердің жауы іштарлық, жаны құштарлық» дейтін сөзі бар. Сенің өнерге қаншалықты құштар болып келгеніңді өз басым жақсы білемін. Ең алғаш концертіңді өткіземін дегенде жүргізуге еш ойланбастан бірден келістім. Өйткені, қазақтың құндағында туып, тал бесігінде тербелген төл өнерін арқалап жүрген қазақтың ғажайып әнші қызына келісімімді бердім. Өнер шабыт талғайды. Жел беріп, демегенді ұнатады. Қазақтың қызы қадам басып жатқанда неге қолдамасқа деп өзім барып батамды берген едім.


Өнер болғаннан кейін, қазір, шыны керек, білімді саудаға, өнерді қалжаға айналдырып алдық. Абай атам «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп айтқан. Біз өнерді жұтатып жатырмыз. Осындай аяқтан шалушылық, әділетсіздіктердің кесірінен. Мен бұның қалай болғанын, басында кімдер тұрғанын білмеймін. Мен сондай адамдарды түсінбеймін. Керісінше қазақтың осындай ғажап үні бар екен деп көрсету керек қой.


Саған әділетсіздік танытып, аяғыңнан шалып жатқанын түсінбедім. Мен сол адамдарға бұлай жасамаңдар деп айтқан болар едім. Қайта көтеріңдер. Талантты адамдар көп теперіш көреді. Сен әлі жассың, мойыма! Біз қазір өзіміздің өнерімізді өгейсітіп алып жүрміз. Ал сен сол қазақтың өнерін «күпі кигізіп, өзіне қайтарып» жүрсің. Сіздер Наркенжені сақтасаңыздар – қазақтың әнін сақтайсыздар. Сен көңіліңді түсірме, алар асуларың әлі алда.


Шындық жеңеді. Шындықтың кешігіп жететінін ұмытпа. Шындықтың бары рас. Біз өмір сүріп жатқан қоғам шындықты онша ұната бермейді. Сондықтан, үмітіңді үзбе. Шындықтың, ақиқаттың бары рас. Ешқашан еңсеңді түсірме! Ән сүйетін қауым, қазақтың төл өнерін жақсы көретін адамның бәрі Наркенженің жағында деп ойлаймын, - деп Бекжан Тұрыс әнші қарындасына қолдауын көрсетті.


Сонымен қатар Наркенже Серікбаеваның продюсері Жасұлан Базарбаев та пікірін білдірді.



«Біздің Қазақстаннан шетелдерге іссапарға дәстүрлі әншілерді көбірек жіберген дұрыс деп ойлаймын. Біз Наркенже екеуміз 2019 жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Бірақ, ол әлі күнге Алматыға қоныс аудармады. Себебі, сол филармонияда жұмыс істейтіндіктен.

Италияға баратындардың тізіміне Наркенжені кіргізу керек деп есептеймін. Өйткені, ол барған шетелдік гастрольдерде қазақтың қара домбырасын дәріптеп, жүрген жерін рухтандырып жүреді», - деді продюсері Жасұлан Базарбаев.