«Шеш не кет!»: Мөлдір Әуелбекова орамалы үшін қандай қиындыққа тап болғанын айтты

0
2 147

«Сахнаға шыққан кезде өте көп қарсылық болды»


«Шеш не кет!»: Мөлдір Әуелбекова орамалы үшін қандай қиындыққа тап болғанын айтты

Белгілі эстрада әншісі Мөлдір Әуелбекова Динара Сұлтанның «SEN SESSION» бағдарламасына қатысып, дін, орамал тақырыбында ашық сұхбат берді. Әнші орамалы үшін көптеген кедергілерден өтіп, ұдайы күресумен келе жатқанын айтты. Тіпті, сахнадан шеттетілген кездерін, мемлекеттік жұмыста жүріп, басшылығының қиын шарт қойғанын да алға тартты.


– Менің орамалым туралы пікір таластырып, дауласып жатады. Олай етпеңіздер. Мен де заманауи киінгім келеді. Мен тек қана қазақи тұрғыда киіп жүрмін. Айырмашылық сол ғана. Неге кимеске?! Мен әуретімді өзім үшін жабамын. Оны сөз қылудың қажеті жоқ. «Орамалыңды шеш» дейтіндер бар. Әркім өзі біледі. Мен біреу үшін құлшылық жасап жүрген жоқпын. Соның аражігін ажыратып алу керек.

Мені сырт келбетіммен қабылдамаңыздар. Орамалымды сөз қылмаңыздар. Бұл Алланың әмірі, менің таңдауым. Менің шығармашылығымды, өнерімді, мәдени пікірлерімді қабылдаңыз. Қалғаны менің жеке таңдауым, - деді өнер иесі сұхбат барысында.


Сонымен қатар өнер иесі орамалдың ешқандай көрсеткіш емес екенін тілге тиек етті.


«Мен де діни сауаттымын, орамал кидім, намаздамын, көп білемін деп айтпаймын. Орамал кию ешқандай көрсеткіш емес. Әсілі біз дін туралы көп нәрсе білмейміз. Оның үстіне түрлі секталар көбейіп кетті. Оның ақиқатын білуші Алла ғана. Осы орайда бір мұсылман екіншісіне «Намазға келсей, мұсылманның парызы ғой» деп айту парыз. Өйткені, ертең о дүниеде сұралады. Біздің дінімізде жеңілдік көп. Бір-бірімізге жекіп сөйлеуге, бір-бірімізді сынауға хақымыз жоқ», - дейді Мөлдір ханым.


Мөлдір Әуелбекова орамалымен алғаш сахнаға шыққан кезде, тіпті, қазірге дейін көптеген қиындықпен бетпе-бет келе жатқанын жасырмады.

– Сахнаға шыққан кезде өте көп қарсылық болды. Ашығын айтқанда, осыған дейін орамалмен сахнаға шығуға рұқсат болған жоқ. Эфирлерде «Орамалыңды шеш» дейтін әңгімелер болған. Сериалдарға шақырғанда да «Орамалыңыз қалай болар екен, сізді басты рөлге аламыз, шешесіз бе?» деді. Мен орамалымды шешпеймін, сіздің сериалыңызға түспеймін деп айттым.

Мемлекеттік қызметте 3 жыл жұмыс істедім. Сол кезде де декретке кетердің алдында «Шеш не кет!» деген шарт қойды. Мен «шешпеймін де, кетпеймін де» дедім. Алла әділ ғой, бәрін көріп тұр. Менің сенгенім Алланың әділдігі ғана болды. Нәтижесінде мен шықпадым да, шешпедім де. Сол орамалмен жұмыс істеп жүрдім. Сол орамалмен ресми түрде декретке шықтым. Сахнада да, түсірілімнен де шеттетіп тастайтын продюсерлер болды. Жақында бір қызық жағдай болды. Үлкен концерттерді ұйымдастыратын ең үлкен бастығын көріп, сөйлесіп қалдым.

–Неге біздің концерттерде жоқсыз? - деді әлгі кісі.

–Ал сіздер неге шақырмайсыздар?

–Сізді оранған, ән айтпайды деп айтады ғой.

Көрдіңіз бе, екі ортада қандай әңгіме бар. Содан 4-5 күннен кейін ол кісі мені үлкен концертке шығарып жіберді. Неге екенін білмеймін, бізде орамалды өте ауыр қабылдайды, - деп ашығын айтты әнші.