"Көп сөйлеуден қорықтым": Балғынбек Имашев неге "Дикий Арманға" барғысы келді?

0
4 407

Ол жақында ғана өзінің екпе салуға қарсы екенін жазған еді.


"Екпе салуға қарсымын, осы үшін "Халық жауы" жасарсыңдар" деп бір ақтарылған Балғынбек Имашевтың әлеуметтік желіде белсенділігі азайып қалып еді. Айтыскер оның себебін Рамазан айымен түсіндірді. Қазір көп сөйлемей, оның есесіне Құдайға жалбарынып жүрген ақын төмендегідей ойын әлеуметтік желіге жазыпты.
БАЛҒЫНБЕК ИМАШЕВ: "Әссәләмуғәләйкум, мұхтарам жамағат, қадірлі қауым! Жұма берекелі болсын! Көзді ашып жұмғанша, Рамазанның үшінші жұмасы келіп қалды. Зымыраған уақыт! Желден жүйрік жылдар, жалынан сипатпай жүйткіп барады.
Көптен бері пост жазбай кеттім. Біріншіден, оразада көп сөйлеуден қорықтым. Өйткені, көп сөйлеген адам қателеседі. Ал біз жақсылап тұрып ниеттеніп, шынайы тәубе жасасақ қателік, айып, күнә атаулы кешірілетін ұлы айдың тәрбиесінде отырмыз.
Әйтпесе, жер туралы да, жердің көркі болған "гүл" туралы да, оны жұлғандарға салынған айып "пұл" туралы да, вакцинаны мәжбүрлеп жатқан "дүр" туралы да, құдайдан қорықпайтын "құл" туралы да айтарымыз жоқ емес еді. Эмоциямызды да, реакциямызды да, позициямызды да көрсетіп құр шаршамай Құдіретті Жаббар Хаққа жалбарынып жатырмыз.
"Дикий Арман" бауырым былтыр карантинде халыққа парацетамол жетпей жатқанда, "қазағым аман болсын" деп вагон-вагон дәрі-дәрмек жіберіп, шынайы харекетпен жұртына қамқор болып еді. Биыл Рамазанда да мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратып жатқанына куә болдық. "Айдың Нұры" қайырымдылық қоры қанша отбасына баспаналы болуға қол ұшын созып жатыр.
Алла разы болсын!
Халқы қырылып жатқанда парацетамол мен масканы тегін тарату былай тұрсын, дәрі тапшылығын қолдан жасап, бағаны шектен тыс шарықтатқандар "елдің саулығы үшін" вакцинаны тегін салып жатқаны, оны мәжбүрлеп, салмағандарға дискриминация жасап, түрлі-түске бөліп, шектеулер қойып жатқаны қатты алаңдатады. Бұл не қылған "жанашырлық"? Қандай екпе шығарса да, мутацияға ұшыраған вирусқа ем болмасы айдан анық ақиқат болса, бұл не тыраштану? Неге бүкіл әлемдегі "БАҚ" бір ауыздан екпені жарыса жарнамалап жатыр?
Ертең екпеге қарсы шыққаным үшін "халық жауы" атанып жатсам таңғалмаңыздар.
Жұма күні қол жайып сұрайтыным: Қазағым аман болсын! Қазақтың батыр ұлдары мен қайсар қыздары аман болсын!
Ия, Алла Тағалам, сенің әр құлыңа қиянат жасаған залымдардың жазасын өзің бер! Сең Ұлықсың! Сенен басқа Тәңір жоқ! Сен бізге жеткіліктісің!
P.S. Айтпақшы, ертең, менің подрушкам, "Дикая Кобрамның" бір жасқа қартаятын күні. Стамбулға барып Айнұрды құттықтап, Арманның қолын қысып, ел алғысын жеткізіп, бата беріп келсем бе екен?".


Айтыскердің бұл жазбадағы ойын қолдап, "екпе салдырмау үшін амалын табайық" деп түрлі тәсілдер ұсынып жатқандар баршылық екен. Десе де кейбірі оның "Дикий Арман" туралы неге айтқанын түсінбей, астамын іздеп жатыр.