«Халықтың өзі қойды»: «Ауыл әншісі» атанған Алмас Нұрғазыұлы бір күнде хит болды

0
1 663

«Мынадай иірімді кез келген әнші айта алмайды»


«Халықтың өзі қойды»: «Ауыл әншісі» атанған Алмас Нұрғазыұлы бір күнде хит болды

Желі қолданушыларын қоңыр даусымен тәнті еткен Алмас Нұрғазыұлы бір күнде жұлдыз болып оянды. Халықтың өзі Алмасқа «Ауыл әншісі» деген ат беріп, оның гитарамен әуезді әндер орындаған видеоларын хит қылып жатыр.


Әлеуметтік желіде ауыл әншісі деп танылған Алмас Нұрғазыұлының «Ағаларым» атты жеке әні мен «Жібек сезім» әнін жақсы қабылдап жатыр.



Әсіресе гитарамен орындаған әндері жүрекке жетерлік.


Алмас Нұрғазыұлы «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болып, сұхбат берді. Ол Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде 1990 жылы дүниеге келіпті.


П.Чайковский музыкалық колледжінде оқыдым. Мамандығым – домбыра, прима. Кәсіби күйшімін. Бұрыннан ән саламын, - дейді ауыл әншісі.


Иә, Алмастың орындауындағы «Жібек сезім» әнінің видеосын жүктеп еді, бір күнде жұлдыз болып шыға келді. Бұл туралы оның өзі айтып берді.


– Республика күніне дайындыққа достармен кетіп бара жатқанбыз. Қызық оқиға болды өзі. Жолда өзіміз «Айқаракөз» әнін айттық. Өнердегі досым Оралбек Тұрысбек бізді артымыздан түсіріп отырыпты. Оны біз байқамағанбыз. Содан салып жіберген. Ертесіне көп қаралым жинапты, - дейді ағынан жарылған ауыл әншісі.


Алмас гитарадан бөлек, домбыра мен фортепианода ойнай алады екен.


Байқап отырсақ, нағыз кәсіби деңгейдегі әншілерден кем айтпайды.


Ән қоржынында әзірге көп ән жоқ. «Ағаларым» әні – алғашқы туындысы.


Сахналық дайын тұрған атпен өнерін әрі қарай жалғастырмақ. Өнердегі ақын, сазгер достарымен ақылдасып, жеке ән қоржынын толтыру ойында бар екен. Ауыл әншісі деген атты халықтың өзі қойып беріпті. Қойшы бала деген атпен танылған Айдос Кәден де ауылында қойын бағып, әнін салып жүрген жерінен жұлдыз болып кетті емес пе?!


«Кез келген әнге иірім қосу, түрлендіру кімнен үйренгенсіз?» деген журналистің сауалына Алмас: «Мен тегі әрлеймін деп ойламадым, шыны керек. Мен оқымадым, қалай айтқым келеді, солай айтамын», - деп жауап берді.