«Қай қуыста кім төбелеспей жатыр?»: Төреғали Төреәлі соққыға жыққан жігітпен татуласты

0
1 379

«Қай ер азамат шекіспей жатыр?»


«Қай қуыста кім төбелеспей жатыр?»: Төреғали Төреәлі соққыға жыққан жігітпен татуласты

Төреғали Төреәліден соққы жедім деген жігіт әншімен татуласты. Бұл туралы әншінің өзі Instagram-парақшасында айтты.

«Адамзаттың тарихы тыйым еткен жемісті жеймін деп қателесіп, артынша бірден тәубесіне келген Адам атаның тарихынан басталмай ма?
Біз де сол ашуланса да, шаттанса да, соңы немен бітерін болжай алмайтын, пайда, зиянды өлшей алмай қалатын пенденің біріміз.

Сахнадан көрген адамын періштедей пәк санайтын қазақ халқының таза пейілі ғой.
Ал, сол сахнадағы адамның пенделік кем-кетігін көрсе, қалған көңілі қатқан мұздай болатыны да баладай аңғалдығы емес пе?

Халықтың көз алдында өскен адам болғандықтан әр әрекетіміз көпшіліктің назарында болып тұр ғой.
Әйтпесе, қай ер азамат шекіспей жатыр?
Кімнің аузынан эмоцияға берілген артық сөз шықпай жатыр?
Қай қуыста кім төбелеспей жатыр?

Орыстар келіп қалды деп пәтерді қымбаттатып, қаракөз қазақтарды қуып, пайда таппақшы болған арам пиғылдар секілді осы төбелесті де іске жаратып, рейтингімізді көтеріп алайық деген ниеттілердің де аз болмай тұрғандығы да өкінішті. “Адамның күнәсін айта бермеңдер.
Күнәсін көргенмен тәубесін көрген жоқсыңдар” демекші, сіз бен біз сөз етіп жүрген біреудің айыбы Алланың алдында әлдеқашан кешіріліп кетуі мүмкін.

“Ер шекіспей, бекіспейді” деп Бекарыс бауырымызбен мәмілеге келдік.
Қарапайым адамға да, өнер адамына да ортақ республикамыздың заңымен құзырлы органдардың тексерісінен өтіп, ресми бітімге келдік. Сүрінгенде сүйеу болған, түңілгенде тіреу болған алаш жұртына көп рахмет!

Қызық болғанда, бүгін Бекарыс бауырымыздың дүниеге келген күні екен.
Ғұмырың ұзақ, өмірің берекелі болсын інім!
Бір басың екеу болып, адал жар некең болып,
Келінді анаң көріп, тойыңды әкең көріп.
Әке болып ақ әжеңе шөбере әкел беріп.
Сол тойда мен жүрейін бұйырса көкең болып!»
- деп жазды әнші.



Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлі белгісіз ер адамды ұрып тастаған делінген видео тарағаны хабарланған болатын. Кейінірек Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл іске қатысты пікір білдірген еді. Cонымен қатар, әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.

Кейіннен әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан.