«Кабинетте қағазға «көміліп» отыра алмадым»: Ақбота Керімбекова шенеуніктіктен не үшін кеткенін айтты

0
1 899

«Ол жұмыстың меніңкі емес екенін түсіндім»


«Кабинетте қағазға «көміліп» отыра алмадым»: Ақбота Керімбекова шенеуніктіктен не үшін кеткенін айтты

Отандық танымал әнші Ақбота Керімбекованың сахнада жүргеніне 25 жыл. Ширек ғасырлық мерейлі датасына орай өнер иесі 2 желтоқсанда Республика сарайында ән кешін бергелі жатыр. Есеп беру кешіне әншінің анасы мен ұлы, сондай-ақ, Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Айгүл Иманбаева, Гүлнұр Оразымбетова сынды әріптестері қатысатыны белгілі болды. Осы орайда көпшіліктің «Қос жүректі әнші неге бірге дуэт орындамайды?» деген тілегі ескеріліпті. Ақбота Керімбекова мен Мейрамбек Беспаев алғаш рет дуэт орындамақ. Концерт жанды дауыста өтеді. Әнші өнеріндегі осы және өзге де жаңалықтарды «1001 түн» бағдарламасында айтып берді.


– 2021 жылы Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардыңыз. Қазір шенеуніксіз бе, жоқ па?

– Мені жұмысқа шақырды. Сол кезде мораторий болғандықтан уақытша келісімшартпен жұмысқа қабылдады. Мемлекеттік тест тапсырдым. Өттім. Мемлекеттік қызметкерлер үшін ол да үлкен абырой екен ғой. Көбісі өнер адамдары өте алмайды деп ойлады ғой. Қанша дегенмен намыс бар, ойдағыдай тапсырып шықтым. 6 ай істедім де, ары қарай өзімнің қалауым болмады. Халықтың қошаметімен сахнада еркін жүріп, ешкімге бағынбаған адамға бір кабинетте қамалып отыру деген ауырлау болды.


– Сіз сонша бас тартатындай қандай жағдай болды?

– Еркіндік жоқ.


– Жоғарыдағы басшылар ұрысты ма, есеп сұрады ма?

– Жоқ, ондай ешнәрсе болған жоқ. Шығармашылығыма кедергі жасады. Той-жиын, концертке емін-еркін бара алмайсың. Күнде таңертең 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін қағазға «көміліп» отырасың. Ол жұмыстың меніңкі емес екенін түсіндім. Оданша тыныш әнімді айтып жүре берейін деген ниет болды. Мемлекеттік тесттен өткен соң басшылық заңды түрде жұмыс ұсынды. Бірақ, мен бас тарттым.


– Концертіңізге демеуші бар ма?

– Шынымды айтсам, демеуші жоқ. Қазақ әншілері әйтеуір жинап, теріп, тырысамыз. Бір қынжылтатыны, Ресей әншілерінің концертінде 50-150 мың теңгеге билет алып, зал лық толы отырады. Біздің әншілерге келген кезде «Неге билеті қымбат?» дегенде жүрегім ауырады. Өзіміздің қазақ қой. Қарызданып, қауғаланып жасайды. Халық оның бәрін біле бермейді. Концертіме билет бағасы 5-20 мың теңге. Біреулер «10 мың теңгеге оданша балама тамақ алмаймын ба» деп жазып жатады. Шынында да жүрегің ауырады. Ал орыс әншілері келсе, 150 мың теңгеге билет алады да, біздің 5-10 мыңдық концертімізді қомсынады.


– Бір концерттің шығыны қанша?

– Республика сарайын бір күнге жалға алу құны – 3,5 млн. теңге. Сахнаны 10 млн-ға безендіреміз.


– Мемлекеттен қандай қолдау сұрайсыз?

– Қазақ әншілеріне тым болмағанда жалға алу құнын түсіріп берсе... Отандық әншілерге қолдау керек, - деді Ақбота Керімбекова.