«Енді қайталанбайды»: «Ирина Кайратовна» кешірім сұрады

0
1 592

«Ішімдіктің кесірінен болды»


«Енді қайталанбайды»: «Ирина Кайратовна» кешірім сұрады

Концерт кезіндегі бейәдеп әрекеттері үшін сынға қалған "Ирина Кайратовна" мен Shizaға қатысты Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдірді. Мемлекеттік хатшы Алматы қаласындағы концерт кезінде болған оқиға қазір қоғамда қызу талқыланып жатқанын және туды аяқасты етуге жол бермеу керектігін айтты, - деп хабарлады Іnbusiness.kz сайты.

"Біздің білуімізше, концертті "NS group" ЖШС ұйымдастырған. Shiza лақап атын иеленген азаматтың Мемлекеттік туға қатысты әрекеті жіті тексеріліп, оқиғаның мән-жайы анықталуы қажет. Концертте ішімдік ішілгендіктен, мұндай әрекетке жол берілген деп ойлаймын. Жастар осы бір келеңсіз оқиғадан сабақ алып, қарапайым мәдениет пен этикетті меңгеруі қажет. Сонымен қатар мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастырушылар да жауапкершілікті сезінуі керек. Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын-алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Өйткені, заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын", деп жазды ол фейсбук парақшасында.

Ерлан Қарин пост жариялағаннан соң, артынша "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов те жұртшылықтан кешірім сұраған видеосын жария етті. Әнші сахна кезінде ішімдік ішкенін мойындап, оқиғаның сабақ болғанын айтады.

"Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Барша қазақстандықтар, менің есімім Азамат Маркленов. Соңғы жағдай бойынша тоқталғым келеді. Өз басым баршаңыздан, қазақстандықтардан үлкен кешірім сұрағым келеді. Өзімді сахнада мәдениетсіз ұстағаным үшін, ішімдік ішкенім үшін. Мойындаймын, менен кеткен үлкен қателік. Бұл – мен үшін үлкен сабақ. Ендігіде қайталанбайды деп уәде беремін. Өйткені біздің концертімізіге жасөсіпірімдер, ата-аналарымен бүлдіршіндер келеді", - деді ол.

Оның айтуынша Shiza туды көрерменге естелік ретінде бергісі келген. Алайда ішімдік ішіп алған себепті, әрекеті керісінше шыққан.

"Сонымен бірге өзімнің әріптесім, досым, концертке қонақ ретінде шақырылған Shiza-ның атынан кешірім сұраймын. Туды көрерменге естелік болып қалсын деген оймен берген еді. Ішімдік кесірінен деп ойлаймын", - деді әнші инстаграм парақшасында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 25 мамырда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында "Ирина Кайратовна" мен Shiza-ның концерті өтті. Концерт уағында топ мүшелері Қазақстанның мемлекеттік рәмізі – туға құрметсіздік танытып, сахнада балағат сөздер айтып, бейәдеп қылықтар көрсеткен. Әлеуметтік желі қолданушылары "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынға алып, заң жүзінде шара қолдануын талап еткен еді.