​Балаңызды ТҰМАУДАН сақтайтын СЕГІЗ әдіс

0
8 991

БАЛА САУЛЫҒЫ - кез келген АТА-АНАНЫ ойландырады.


​Балаңызды ТҰМАУДАН сақтайтын СЕГІЗ әдіс

фото: wallbox.ru

Күз айында балалардың көпшілігі суықтап, тұмауратып ауыратыны бар. Баланы тұмаудан қорғау үшін ең алдымен оның иммунитетін нығайту керек. Иммунитеті жоғары ағза – кез келген аурумен күресе алады. Ол үшін тамақтану мәзіріне мұқият болыңыз. Құрамы дәрумен мен минералды заттарға бай тағамдарды беріңіз. Оған қоса мына кеңестерді де кәдеңізге жаратыңыз.


1. ТАМАҚТАНУ МӘЗІРІНЕ МҰҚИЯТ БОЛЫҢЫЗ

Құрамы жасұныққа (көктер, көкөністер, жаңғақ, дақылдар), ақуыз, омега-3 майлы қышқылы, кальций мен темір элементі бар тағамдарды тамақтану мәзіріне қосыңыз. Сонымен қатар мезгілдік көкөністерді, жеміс-жидектерді, кептірілген жемістерді, сүт тағамдарын үзбеуге тырысыңыз. Бұл тағамдар бала ағзасын қажетті дәруменмен қамтиды, иммундық жүйені нығайтады әрі ішектің жұмысын жақсартады.

фото: childrensacademyfishhawk.com


2. ТАЗА АУАДА КӨБІРЕК ТЫНЫСТАУЫНА МҮМКІНДІК ЖАСАҢЫЗ

Ауа-райы қандай болса да таза ауаға шығуға кедергі жасамаңыз. Қолайсыз ауа-райының өзі баланың иммунитетін қалыптастыруға септігін тигізеді. Көпшілік ата-аналар күн салқын кезде мұздай ауа жұтып қояды деп, баланы сыртқа шығармайды. Бұл өте қате түсінік екенін ескертеміз.

Салқын ауа – ағзаны ауруға қарсы күресуге шыңдайтын қарапайым әрі нәтижелі қадам.


3. ТОЯ ТАМАҚТАНДЫРМАҢЫЗ

Міндетті түрде таңғы асқа жұмыртқа немесе ботқа жегізіңіз. Ешқашан баланы мәжбүрлеп тамақтандыруға болмайды. Әсіресе, жас аналар ұсатасың деп баланың күлше жеуіне тыйым салып жатады. Дастархан басында тойып тамақ жеуін қатаң түрде тапсырады. Негізінде ағзасы мықты болу үшін бала тым тойып тамақ жемеуі керек. Аз-аздан бірақ жиі тамақтанған баланың асқазаны, ішегі қалыпты жұмыс істейді әрі иммундық жүйесі нығаяды. Тамақты оңай әрі жеңіл қорытқан бала шымыр келетінін ұмытпаңыз.


4. БАЛАНЫҢ КИІМІНЕ НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ

Сыртқа шығатын кезде баланы тоңып қалмасын деп оны орай берудің қажеті шамалы. Тым қалың киінген бала терлеп, денесі мұздайды. Салдарынан бала ауырып қалуы ықтимал. Ойын баласы бір жерде отырмайтынын жақсы білесіз. Олар ересектерге қарағанда 2-3 есе көп қозғалады. Аулаға шыққанда немесе саябаққа барғанда баланың қозғалысына ыңғайлы киім кигізгеніңіз жөн. Мейлінше баланың тоңып қалмауын немесе терлемеуін қадағалаңыз.


5. ТАЗАЛЫҚ САҚТАУДЫ ҮЙРЕТІҢІЗ

Сырттан келгенде, әжетханадан шыққанда, тамақтануға отырудан алдын қолын сабындап жуу керектігін ескертіңіз. Күніне 3 мезгіл тұз сумен мұрын, ауыз қуысын шайып тұрғанның зияны жоқ. Мұны ересектер де жасауы тиіс.

Есіңізде болсын, кез келген жұқпалы аурудың 80 пайызы қолдан жұғатынын жадыңызда сақтаңыз.

фото: old.mgazeta.by


6. УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА ДАҒДЫЛАНДЫРЫҢЫЗ

Бала уақытын тиімді жұмсап үйренсе, ол жағымды әдетке айналады. Ең алдымен баланың ұйқыға жату уақытын реттеңіз. Олар үлкендерге қарағанда көбірек тынығуы тиіс. Ұйқы – баланың жүйкесін тыныштандырады, көңіл-күйінің көтеріңкі болуына септігін тигізеді, миын тынықтырады, ойлау қабілетін арттырады. Сонымен қатар, иммунитетін көтереді.


7. ДЕНЕСІН ШЫҢДАУ КЕРЕКТІГІН ЕСКЕРТІҢІЗ

Балабақша жасына жеткен кез келген бала жасынай сай дене жаттығуларын жасауы тиіс. Таңертең ұйқыдан тұрғанда 10 рет отырып-тұру, қолын беліне қойып, басын айналдыру сынды жеңіл жаттығу баланың денесін шыңдайды. Шыныққан, шымыр баланың иммунитеті қалыпты болады.

Жаттығу жасау – күн ұзақ партада отыратын мектеп оқушыларына аса қажет екенін ұмытпаңыздар.


8. БАЛАМЕН СЫРЛАСЫҢЫЗ

Бұл баланың өзіне деген сенімділігін арттырады. Араңыздағы қарым-қатынасты жақсартады, жанын жылытады. Көңіл-күйі көтеріліп, жаны тынышталады. Алаңдаулы баланың ісі оңға баспайтыны өздеріңізге мәлім. Артында қорғаны, сенімді сырласы барын сезініп өскен баланың саулығы да мықты болады. Дені сау баланың болашағы жарқын болатынына күмәніңіз болмасын!



Аударған: Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ

дереккөз: ihappymama.ru


Тағы оқыңыз:


Қаназдықтан ҮШ күнде құтқаратын "СУПЕР" әдіс


ҮШ қасық МАЙ – ЗОБ ауруын емдейді