Вирус жұқтыру көрсеткіші алдағы уақытта артады – Тоғжанов

0
637

Соңғы тәулікте вирус жұқтырған 9 700 науқас анықталды.


Вирус жұқтыру көрсеткіші алдағы уақытта артады – Тоғжанов

ERNUR.KZ. Соңғы күндері Қазақстанның барлық өңірінде эпидемиялық ахуал күрт нашарлады. Соңғы айда коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 20 есе өсті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте ғана 9 700 жағдай тіркелген. Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл облыс қызыл аймақта орналасқан. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды және Атырау облыстарында вирус жұқтырғандар саны артқан. Егер желтоқсан айының соңында стационарларда жатқандар саны 3 мың адам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 7 мыңнан асқан.

«Біз короновирус зардабынан екі жылда 18 326 адамнан айрылдық. Бейбіт күнде арамыздағы ардақтыларымызды жоғалттық. Қаталдау естілсе де айтайын – көп жағдайда осыған өзіміз кінәліміз.Тығылып қонаққа бару, ресторанның артқы есігінен кіріп той жасау, масқа тағуды қажет деп санамау, санитарлық талаптарды қабыл көрмеу сияқты әрекеттеріміздің кесірінен қаншама адам қайтыс болып кетті. Қазіргі «омикрон» штамы тез таралуымен қоймай, жас талғамайтындығымен қауіпті. Қалыптасқан иммунитетті сақтап қалудың бірден-бір жолы – ревакцинация. Сондықтан вакцина алып үлгермеген әрбір қазақстандық тез арада екпе қабылдауы керек. Вакцина алғанына 6 ай өткен азаматтар – ревакцинациялануы қажет», - дейді Тоғжанов.

Белгілі болғандай, вакцина қоры жеткілікті. Шамамен 5 млн доза, оның ішінде вакцинациялауға 2,8 млн доза («Спутник V», «QazVac», Sinopharm, Pfizer) және ревакцинациялауға 2,2 млн доза («QazVac», Sinopharm, Pfizer) берілген. Ел өңірлері де 23,8 млн-нан астам вакцина дозасымен қамтамасыз етілген.