Вакцинадан қайтыс болды делінген дәрігерге қатысты тексеру жұмыстары аяқталды

0
543

Комиссия қорытындысы жарияланды.


Вакцинадан қайтыс болды делінген дәрігерге қатысты тексеру жұмыстары аяқталды

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Алматыда вакцинадан қайтыс болды делінген медициналық қызметкерге қатысты тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Сәуір айының басында Алматыдағы медицина қызметкерінің вакцинациядан кейін көз жұмғаны жайлы хабар тарады.

Вице-министр Ажар Ғинияттың айтуынша, қайтыс болған әйел жүрек ауруы бойынша диспансерлік есепте болған және уақытылы тексерілмеген.

«Қайтыс болған әйел біздің әріптесіміз, қалалық перзентханада жұмыс істеген. Комиссия бұл оқиғаға қатысты тексеруді аяқтады. Оның созылмалы аурулары болған, жүрек ауруы бойынша диспансерлік есепте тұрған. Бірақ тұрақты түрде тексерілмеген, тиісті дәрілер қабылдамаған. Сот-медициналық тексерудің, комиссия шығарған нақты шешімнің нәтижесіне сәйкес, дәл сол вакцина ол адамда вирусемия туғызуы мүмкін емес. Ол адамда созылмалы ауру болған және сол аурудан қайтыс болған. Вакцинаның өлімге қатысы анықталмады», - деді Ажар Ғиният.

Еске сала кетейік, 7 сәуірде әлеуметтік желіде Алматыдағы №4 перзентхана қызметкерінің вакцинациядан кейін көз жұмғаны жайлы хабар тарады.

Сондай-ақ 6 мамырда 42 жастағы алматылықтың вакцинаның ІІ компонентін алған соң қайтыс болғаны жайлы ақпарат тарады.