Тоқаев Қазақстан әйелдерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

0
1 371

Мемлекет басшысы егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын айтты.


Тоқаев Қазақстан әйелдерін 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев нәзік жандарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

"Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әйелдер қауымы – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Әр адамның өміріндегі қуанышты әрі жарқын сәттердің көп болуына сіздер мол үлес қосып келесіздер. Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады.

Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы.

Сіздердің шығармашылық және кәсіби біліктіліктеріңізді арттыру үшін барлық жағдай жасалуда. Алдағы уақытта талантты да талапты әйелдер қоғамдық-саяси өмірдің түрлі саласында зор жетістікке жететініне сенемін.

Сіздерге мықты денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!", - делінген құттықтауда.

Айта кетейік, биыл Халықаралық әйелдер күніне орай жоспарланған салтанатты жиын мен мерекелік концерт өтпейді. Қазақстан президенті әлемде коронавирустың таралуына байланысты осындай шешім қабылдады.