Сапасыз жұмыс атқарған құрылыс компаниялары қара тізімге енеді – Көлгінов

0
2 747

Елорда әкімі сапаға салғырт қарайтын құрылысшылармен келісім үзілетінін айтты.


Сапасыз жұмыс атқарған құрылыс компаниялары қара тізімге енеді – Көлгінов

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жұмысына салақтық танытқан құрылыс қомпаниялары қара тізімге енгізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.


"Бүгін Есіл ауданындағы бірқатар әлеуметтік нысан құрылысымен таныстым. Жеңілдікпен берілетін баспана салу рекордын биыл да қайталау үшін, алғышарттарын былтыр-ақ дайындаған едік. Бірнеше әлеуметтік баспана ғимараты салынатын осы ауданда 2 мың оқушыға шақталған мектеп те салынып жатыр, осылайша, екі ауысымда оқитын қосымша 4 мың оқушы қамтылады.

Құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, үйлер мен оқу нысандарының сапасын ерекше назарда ұстауды тапсырдым. Салғырт құрылысшылармен келісімді үзіп, қара тізімге кіргізетін боламыз", - дейді қала әкімі.


Биыл, шамамен 10 мың - жеңілдікпен берілетін баспана тапсырамыз деп жоспарланып отыр. Салыстыру үшін: жеңілдікпен 2018 жылы - 1 100 пәтер, 2019 жылы – 2 900, ал 2020 жылы - 7 мыңнан астам әлеуметтік баспана берілген екен. Мемлекет басшысының нұсқауымен жеңілдікпен берілетін баспана құрылысын жүйелі түрде артып келеді.


"Білім ошақтарының құрылысына келетін болсақ, биыл барлығы 40 мың орынға мектептер ашамыз. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есеге, ал 2019 жылмен салыстырғанда - төрт есе көп.

Енді мектептерді габаритті етіп салуға көшпекпіз. Бұған қоса, 5-жылдық кешенді жоспарға сәйкес мемлекеттік 50 мектеп саламыз. Білім ошақтарының құрылысына жеке инвестиция да тартылып жатыр", - деді Алтай Көлгінов.