Президент: Сарбазды граната жарылысынан құтқарған полковник марапатталады

0
959

Полковник Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жас жауынгерді граната жарылысынан құтқарып, өзі жарақат алып қалған.


Президент: Сарбазды граната жарылысынан құтқарған полковник марапатталады

Алматы облысында жас сарбазды граната жарылысынан құтқарып қалған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі орденмен марапатталады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«ҰҚК Шекара қызметінің полковнигі С.Смицких ерлік жасады. Ол Алматыдағы оқу-жаттығу кезінде жас жауынгерді граната жарылысынан құтқарып, өзі жарақат алып қалды. Орденмен марапатталатын болады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, төтенше оқиға, кеше 19 маусым күні Алматы облысында орналасқан 2027 әскери бөлімінде болды.

Сарбаздар «Ұрыстық қол гранатасын окоптан, бір орыннан лақтыру» тақырыбы бойынша оқу-жаттығу өткізіп жатқан. Жас жауынгерлердің бірі сасқалақтап, шығыршығын суырып қойған қолындағы гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Осыны байқап үлгерген сабақ жетекшісі, 2027 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Сергей Смицких көз ілеспес жылдамдықпен окоп түбіндегі гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып жіберген. Ал өзі сарбазды жерге құлатып, бүкіл денесімен оны жаба, үстіне құлаған.