Петропавлда журналист жұмысына кедергі келтірген күзетші сотталды

0
707

Оқиға 2021 жылы пандемия кезінде тіркелген еді.


Петропавлда журналист жұмысына кедергі келтірген күзетші сотталды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында «Хабар» арнасының түсіру тобына күш қолданғандардың ісіне сот нүкте қойды. Осыдан бір жарым жыл бұрын Петропавлдағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде БАҚ өкілдерімен күзетшілер арасында дау туындаған еді. Сол кезде қауіпсіздік қызметінің басшысы тілшілердің қызметіне кедергі келтіріп, ғимараттың ішінен күштеп шығарып тастауға бұйрық берген болатын. Бүгін өңірде осы азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға 2021 жылы пандемия кезінде тіркелген еді. «Хабар» арнасы Петропавл қаласындағы қосынының түсіру тобы материал жасамақ болып, шахардағы ең ірі ойын-сауық орталығына барды. Бірақ ондағы күзетшілер журналистердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеді. Артынша тіпті БАҚ өкілдерін ғимараттан күштеп шығарып жіберді.

БАҚ өкілдері бірден оқиға орнына полиция шақыртқан. «Артынша ҚР ҚК 158-бабы, 2-бөлігі яғни «Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда ол бес мәрте жабылып, алты рет ашылды. Осылайша сағызша созылған іске нүкте қойылды.

«Сұлтан Нәбиоллаұлы Сағандықов қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Және оған бір жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Алайда 2021 жылғы 7 желтоқсандағы «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңның негізінде сот оны бұл жазадан босатты», - деді үкім шығарған Петропавл қалалық сотының судьясы Әсем Джаналина.

Осылайша «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистердің құқығы заңмен қорғалды.

«Соттың шешімімен толықтай келісеміз. Себебі біз тек заң аясында жұмыс істедік. Ал бұл шешім БАҚ өкілдеріне күш көрсеткен азаматтарға сабақ болады деген сенімдеміз», - дейді агенттіктің телеоператоры ТӨлеген Иманов.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Сондықтан екінші тарап алдағы он бес күнде аппелацияға шағым бере алады.