«Өскемендегі зауытта жарылыс болды»: ШҚО экологтары тексеру жүргізді

0
1 229

Әлеуметтік желіде Өскемендегі Объездное шоссе көшесінде орналасқан құрылысқа қажетті OSB-тақта шығаратын зауытта жарылыс болғаны жайлы ақпарат тарады.


«Өскемендегі зауытта жарылыс болды»: ШҚО экологтары тексеру жүргізді

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының экологтары әлеуметтік желіде Өскемендегі зауытта жарылыс болғаны жайлы тараған ақпаратқа қатысты тексеру жүргізді, деп жазады ҚазАқпарат.

Кеше әлеуметтік желіде Өскемендегі Объездное шоссе көшесінде орналасқан құрылысқа қажетті OSB-тақта шығаратын зауытта жарылыс болғаны жайлы ақпарат тарады. Онда зауыттағы реактор жарылып, соның салдарынан формалин, фенол сияқты химиялық заттар ауаға тарағаны жазылған.

Осыған орай ШҚО Экология департаментінің мамандары мен қалалық табиғат қорғау полициясының қызметкерлері зауытқа тексеру жүргізді.

«Тексеру барысында реактордың жарылуы туралы ақпарат расталмады. Цехта жылу алмастырғышты қатып қалған смоладан тазарту бойынша жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған суреттегі цехтан шығып жатқан түтін - КВ-500 қазандығындағы бу.

АНК-4 газ анализатормен жүргізілген аспаптық өлшеулер нәтижесіне сәйкес, жұмыс алаңында және цехқа іргелес аумақта формальдегид, фенол, күкірт, азот оксидтері, фторид сутегі және гидрохлорид бойынша мөлшер шекті рұқсат етілген концентрациядан асқан жоқ», - делінген ақпаратта.