Өскеменде мұғалімнің өліміне "кінәлі" директорға қатысты алты әкімшілік іс қозғалды

0
633

Марқұм Әсем Нұрғалиева - жұмысқа былтыр тамыз айында ғана орналасқан.


Өскеменде мұғалімнің өліміне

ERNUR.KZ. Өскеменде №5 орта мектеп директорына қатысты алты әкімшілік іс қозғалды. Оған ұжымындағы ұстаздың жазған арызы себеп болған. Шағым иесінің суреті міне мына экранда. Әсем Нұрғалиева. Өзі осыдан біраз күн бұрын ауруханада бір апта бойы ес-түссіз жатып қайтыс болды. Қазір білім ордасының басшысына қатысты марқұм Әсемнің әріптестері де шағымданып жатыр, деп хабарлайды "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

Марқұм Әсем Нұрғалиева - жұмысқа былтыр тамыз айында ғана орналасыпты. Әріптестерінің айтуынша, жұмысына тиянақты. Жауапты және еңбекқор болған. Бірақ қызметіне енді кіріскен маманды мұндағы мектеп директоры жақтырмай, қудалады дейді әріптестері.

– Қатты күйзеліске түсуі деп ойлаймын. Басшының тарапынан қудалауға түскендіктен ол өте қатты күйзелісте болды. Мен өз көзіммен көріп жүрдім Әсемді. Және де Әсем маған айтып жүретін. Үнемі айтып жүрді, - дейді мектеп педогог-психологі Маржан Қанатбекқызы.


Әріптестерінің айтуынша, марқұм қатты қиналған кезде құзырлы органдарға шағымданайық деп, неше рет талпынған екен. Бірақ өктем сөйлейтін директорды жеңе аламыз ба деген күдікпен көп жүрген. Қазір мектептің өзге де ұстаздары басшысының әрекетіне қатысты құзырлы мекемелерге шағымдануда. Алайда мектеп дирекоры мұның бәрін жоққа шығарып, жалған деп отыр.


– Ол менингиттен қайтыс болды. Қайтыс болған анықтамасында солай жазылған. Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Ешкімге қысым көрсеткен жоқпын, - деді мектеп директоры Наталья Карпова.


Әсем Нұрғалиева қайтыс болмас бұрын білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымданып барған екен. Тексерістен кейін арызында айтылған он бір түрлі шағым расталған.


– Сол мектептің ауласын тазалауға тартылған. Одан кейін жаңағы аттестациядан өтуге қарсылық көрсеткен мектеп басшысы және орынбасары. Ол да расталды. Одан кейін сайлау жұмыстарына тартылған. Ол да расталды, - дейді ШҚО Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Қамбетов.


Ал марқұмның екі баласы жетім қалды деп қайғырған ағайындары, мектеп директорын жұмыстан шығарып қана қоймай мұғалім мәртебесінен айыруды талап етуде. Қалалық білім бөліміндегілер Наталья Карпова бірінші мамырдан бастап директорлық қызметтен босатылады деді.