Оңтүстік өңір су тапшылығына ұшырап, диқаншылар зардап шегуі мүмкін

0
899

Бұл тығырықтан шығудың жолын табу үшін Қазақстан Ташкентпен келіссөз жүргізіп жатыр.


Оңтүстік өңір су тапшылығына ұшырап, диқаншылар зардап шегуі мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанның оңтүстігінде су тапшылығы болуы мүмкін. Оның зардабын жергілікті шаруалар шегуі ғажап емес. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі осындай болжамымен бөлісті, деп хабарлайды "Хабар 24".

Бұл тығырықтан шығудың жолын табу үшін Мағзұм Мырзағалиев Ташкентте Өзбекстанның Су шаруашылығы ведомствасының басшысымен кездесіп, Қазақстанға су жеткізу мәселесін талқылады. Дәлірек айтқанда, тараптар «Достық» мемлекетаралық арнасы арқылы Шардара су қоймасын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жолдарын қарады. Бұл су Түркістан облысының қажеттілігіне жұмсалады. Алайда ала шапанды ағайын еліміздің суармалы жерлері үшін қанша көлемде су жіберетіні әзірге белгісіз. Дегенмен өзбектер Әндіжан бөгенінен Сырдария өзеніне жыл сайын 500 млн текше метр су жіберіп отырғанын айта кету керек.

– Жылына 2 рет өзбек тарапымен кездесіп, нақты су көлемдерін анықтаймыз. Дегенмен бізге бұдан басқа екі ел арасындағы үкіметаралық құжат керек. Себебі бұл өте күрделі мәселе. Бұл тек судың көлемдері ғана емес, екі ел арасындағы суды реттейтін тетік болу керек, - дейді ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.