Қостанай облысында балалар арасында қызамық ауруы кең таралуда

0
536

Тоғыз айда 97 кішкентай науқасқа осындай диагноз қойылды.


Қостанай облысында балалар арасында қызамық ауруы кең таралуда

ERNUR.KZ. Қостанай облысында балалар қызамық, яғни скарлатина инфекциясымен жиі ауыра бастады. Өткен жылмен салыстырғанда ауру деңгейі жеті есе өсті, деп жазады stan.kz.

Тоғыз айда 97 кішкентай науқасқа осындай диагноз қойылды. Қала тұрғындары мұның тұмаудан басқаша екенін айтады.

“Тұмауға тән емес белгілер бар. Тіл мен денеге бөртпелер шығып, үш-төрт күн дене қызуы көтеріледі”, – Қостанай қалалық балалар ауруханасының қабылдау бөлмесінде отырған аналардың бірі.

Қостанай облысында өткен жылмен салыстырғанда балалар скарлатинамен жеті есеге жиі ауыра бастады. Бұл ауруды күлгін безгегі деп те атайды, өйткені денеге және тілге бөртпелер шығып, тамақ ісіп, буын ауруы байқалады. Сонымен қатар, маңдай мен бет қызарып тұрады да, мұрын айналасы бозарады.

“Біздің елімізде скарлатина ауруы үш жылдан жеті жылға дейінгі циклдік сипатқа ие. Облыста сырқаттану көрсеткіші 11,1%-ға тең. Бұл көрсеткіші жалпы Қазақстан бойынша сырқаттану көрсеткішінен үш есе төмен”, – деді Қостанай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.

Мұндай диагнозы бар балалар ауруханаға сирек түсетінін атап өтті. Негізінен, скарлатина үйде учаскелік дәрігердің бақылауымен емделеді. Бірақ ауру уақытылы емделмеген жағдайда қауіпті.

“Көбісі, әсіресе 12-13 жастан асқан балалар, бұған назар аудармай, мұны ЖРВИ деп ойлап балалары ауырып жүре береді. Ауру асқынса, жүрекке — миокардитке, бүйрекке әсер етеді. Ауруы пиелонефритке айналғандар да бар”, – деді Қостанай облыстық балалар ауруханасының инфекциялық блогының меңгерушісі Саят Башеев.

Скарлатинаға қарсы вакцинация жоқ және ол қызылша сияқты ауа тамшылары арқылы жұғады. Сондықтан инфекциядан сақ болу үшін гигиенаны сақтап, жақсы тамақтану керек, иммунитетті нығайтып, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға тырысқан жөн.