"Кемшіл тұстары қайта қаралады": Министр БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау туралы сұраққа жауап берді

0
319

2010 жылға дейін ҰБТ сыртқы бағалау жүйесі ретінде қолданып келді.


ERNUR.KZ. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Нартай Аралбайұлын Youtube арнасына сұхбат беріп, білім жүйесіндегі өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғады. Оның сөзінше, БЖБ мен ТЖБ алып тасталмаса да кейбір кемшіл тұстары қайта қаралады, деп жазады stan.kz.

Нартай Аралбайұлы БЖБ және ТЖБ-ны алып тастау туралы ұсыныс үш жылдан бері айтылып жүргенін айтып, алдағы уақытта “БЖБ мен ТЖБ ны алып тастауға бола ма” деп сұрады. Министрдің сөзінше, бүгінде бағалау жүйесі туралы екіжақты пікір айтылып жүр.

“Бүгінде бір жақты пікір жоқ. Әртүрлі пікірлер бар. Дей тұрғанмен мамандармен, мұғалімдердің көпшілігімен ақылдасқанда бұл жүйені қолдау, әлі де жақсарту мәселесі көп айтылады. Ал “алып тастау керек” деген секілді үлкен ұсыныстар келіп жатқан жоқ. Жалпы бізде сыртқы бағалау және ішкі бағалау деген жүйе болады. Беріп жатқан білімнің қаншалықты жетістікке жетіп, нәтиже беріп жатқанын бағалау керек. Бүгінде сыртқы бағалау жүйесін құруды қатты қолға алып жатырмыз. Бұған дейін кенже қалған салалардың бірі болған екен. Өзіміздің отандық бағалау жүйесін қалыптастыруда 2022 жылы оқушылардың білім жетістігіне мониторинг жүргізу жүйесі қолға алынды. Биыл екінші рет жұмыс жүргізелейін деп отыр. Егер барлығы жақсы болатын болса, өзіміздің сыртқы бағалау жүйесі пайда болады. Себебі, біз беріп жатқан білімнің қандай деңгейде екенін білуіміз керек. Тек қана оқытып жатырмыз деген жеткіліксіз”, – дейді министр.

Оның сөзінше, 2010 жылға дейін ҰБТ сыртқы бағалау жүйесі ретінде қолданып келді. Дегенмен ҰБТ оқушы білімінің толыққанды көрсеткіші емес екені туралы күмәнді сөздер болған.

“Сондықтан да мектептегі бағалау жүйесінің өзінің орны болуы керек. Бүгінде шетелдік әріптестеріміз ақылдасқанда біздің осы негізгі жүйемізге қызуғушылық танытып отыр. Мысалы, Өзбекстан, Қырғызстан мамандары келіп кетті. Сол себепті біз бар дүниені жоғалтып алмағанымыз жөн. Оны жаңғыртып, кемшіл тұстары болса шыңдау мәселесін үнемі қолға алып отырғанымыз дұрыс деп ойлаймын. БЖБ мен ТЖБ мәселесі қайта қаралса да, оны алып тастайды деген сөз емес. Қандай да бір тетіктері қайта қарастырылуы мүмкін. Ол мұғалімнің оқушыны шынайы бағалануына мүмкіндік туғызуы керек. Бұл жерде біз кемшіл тұстарын анықтап, орнына келтіргеніміз жөн. Сонда мүмкін ол жүйе бәріне түсінікті және ыңғайлы болады”, – дейді ол.