Қазақы ит тұқымдарын сақтау және молайту үшін 1,4 млрд теңге жұмсалады

0
605

Бүгінде еліміздің көптеген өңірлерінде қазақы ит тұқымдарының толық жойылу қаупі бар.


Қазақы ит тұқымдарын сақтау және молайту үшін 1,4 млрд теңге жұмсалады

ERNUR.KZ. Елімізде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша заң жобасы әзірленді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Әмірхан Рахымжанов баяндады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Бүгінде қазақ ит тұқымдарының генофондының нашарлау үрдісінен бөлек, еліміздің көптеген өңірлерінде тұқымның толық жойылу қаупі бар. Оның себебі Қазақ ит тұқымдарының генофондының жай-күйін бағалау, олардың генетикалық бейінін жасау бойынша ғылыми зерттеулердің болмауы, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың болмауымен байланысты болып отыр.

«Осы проблемалық мәселелерді шешу үшін заң жобасында қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленеді, уәкілетті органның құзыреті бекітіледі», - деді Мәжіліс депутаты Әмірхан Рахымжанов.

Заң жобасымен қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары бекітіледі:

  • қазақтың ит тұқымдарының сақталуын қамтамасыз ету;
  • қазақ ит тұқымдарының тазалығын сақтау.
  • Қазақтың ит тұқымдарын сақтау мен өсімін молайтуды қамтамасыз ету жүйесіне мыналар кіреді:
  • аумақтық бөлімшелері бар оның ведомствосын қоса алғанда, уәкілетті орган;
  • қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдар;
  • қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығы;
  • қазақ тұқымды иттерді өсірумен айналысатын жеке және заңды тұлғалар.

Сонымен қатар, заң жобасы кинологиялық қызмет ұғымдарын, қазақ тұқымды иттің шығу тегі туралы куәлікті, бірыңғай асыл тұқымды кітапты, қазақ ит тұқымдары мен Ұлттық аңшылық стандартын айқындайды.

«Мемлекеттік қолдау қазақтың ит тұқымдарын, оның ішінде Ұлттық орталықты сақтау және өсімін молайту саласындағы қызметті қаржыландыру жолымен жүзеге асырылады. Осы салада жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктер осы бағыттағы қызметті ілгерілетуге Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алады. Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдары жүзеге асыратын қазақ ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласындағы ғылыми зерттеулер жөніндегі норма көзделген. Ғылыми ұйымдар уәкілетті органмен, ұлттық орталықпен, сондай-ақ кинологиялық қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту саласында мемлекеттік ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірлеуді жүзеге асырады», - деді Әмірхан Рахымжанов.

Заң жобасының нормаларын іске асыру үшін 1,4 млрд теңге қажет. Бұл сома 2022 жылғы 18 қазанда Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қолдау тапты.