Қазақстандықтар шетелдік көлігін тіркеу үшін барлығы 213 973 теңге төлейді

0
391

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру 23 қаңтарда басталады. Өтінішті онлайн және офлайн беруге болады.


Қазақстандықтар шетелдік көлігін тіркеу үшін барлығы 213 973 теңге төлейді

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру тәртібін түсіндірді, деп жазады sputnik.kz.

Лепеха шетелдік автокөліктерді мемлекеттік тіркеу 2023 жылғы 23 қаңтарда басталатынын атап өтті. Заңдастыруға өтінішті "электронды үкімет" порталы арқылы онлайн немесе мамандандырылған ХҚКО-ға барып офлайн беруге болады. Бұл ретте мамандандырылған ХҚКО-ларда заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайтын арнайы секторлар ұйымдастырылады.

Қандай құжаттар қажет

Шетелдік көлік иесі 4 құжат ұсынуы керек. Олар:
өтініш;
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
көліктің паспорты және (немесе) көлікті тіркеу туралы куәлік;
көлікке меншік құқығын растайтын құжат (мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік).
"Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін автокөлік мамандандырылған ХҚКО жанындағы тексеру пунктіне ұсынылады. Салыстыруды ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисті жүргізеді", - деді Лепеха орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Тексерістен өткеннен кейін ІІМ екі күнге дейінгі мерзімде көлікті заңдастыруға бола ма, жоқ па – соған қатысты шешім шығарады.

Көлік қалай тексеріледі

Бұл мерзім ішінде көліктің заңдастыруға қойылатын талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Яғни елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінгені, іздестіруде болмауы, кедендік тазартудан өтуі, соңғы тіркелген жері бойынша есептен шығару.
Көліктің елге кіру күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе Мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорлары бойынша айқындалады. Бүгінде бұл процесс толығымен автоматтандырылған және автомобильдің шекарадан өтуін есепке алу оның ВИН-коды бойынша жүргізіледі.
Сондай-ақ Шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер органдарында көлікті әкелу туралы мәліметтер болмаса (егер автомобиль Қазақстан аумағында жеткілікті ұзақ уақыт болса), автокөліктің Қазақстан Республикасы аумағына кірген күні автосақтандыру полисінің алғашқы рәсімделген күні бойынша анықталады.
Бұған қоса шетелдік автокөліктер Интерпол және ТМД базаларында тексеріледі, ал кедендік тазартудан өткені Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік базасы арқылы тексеріледі. Қазіргі таңда процесс те толық автоматтандырылған.

Көлік иесі тексеріс нәтижесі туралы қалай біледі

Лепеханың айтуынша, тексеріс сәтті өтсе, өтініш берушінің ұялы телефонына оң нәтиже және көлікті тіркеу үшін мамандандырылған ХҚКО-ға келу қажет екені туралы қысқа хабарлама жіберіледі.

Заңдастыруға қанша ақша жұмсалады

"Мамандандырылған ХҚКО-ға келген көлік иесі бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж – 4 313 теңге, сондай-ақ мемлекеттік нөмірге – 9 660 теңге алым төлейді (барлығы 213 973 теңге – Sputnik). Сосын құжаттардың түпнұсқасын ХҚКО қызметкеріне тапсырады (шетелдік техпаспорт, меншік құқығын растайтын құжат)", - деді ішкі істер министрінің орынбасары.
Тіркеу аяқталғаннан кейін автомобиль иесіне тіркеу құжаты және Қазақстан Республикасының мемлекеттік нөмір белгісі беріледі.
Осы орайда Лепеха шетелдік автокөліктерді заңдастыру біржолғы науқан екенін атап өтті.
"Шетелдік автомобильдерді заңдастыру – бір реттік акция. Бұдан былай қазақстандықтар шетелдік көлікті сатып алғаннан кейін оны Қазақстанда уақтылы тіркеу туралы талаптарды сақтауы қажет. Заңдастырудан өтпеген немесе 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген және жалпы тәртіппен тіркелмеген автокөліктер ел аумағында заңсыз пайдаланылып жүрген көлік болып саналады. Оларға құқықтық салдарлар туындайды", - деп мәлімдеді ІІМ басшысының орынбасары.