Қазақстандық домбырашылар Golden Time Talent байқауының жеңімпазы атанды

0
641

Түрлі санаттағы гранд-финал онлайн-форматта өтті.


Қазақстандық домбырашылар Golden Time Talent байқауының жеңімпазы атанды

ERNUR.KZ. Домбырашы Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Халықаралық Golden Time Talent фестивалінде бірінші орынға ие болды, деп жазады Tengrinews.kz.

Түрлі санаттағы гранд-финал онлайн-форматта өтті. Музыканттар Вивальдидің "Жыл мезгілдері" ("Жаз") топтамасынан туындыны өздері өңдеп ойнады. Видеоны ұлыбританиялық команда түсірген.

"Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымыз. Бүгін түнде нәтижелер жарияланды. Бізге келісімшарт ұсынылды, шекара ашылып, жағдай тұрақтанғанда концертке шығамыз", - деді Темірлан Олжабай.




Golden Time Talent ұйымдастырушылары музыканттар Америкада өткен халықаралық байқауда алтын медаль жеңгеннен кейін олардың бойынан талант көріп, шоуға шақырған.

Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүргенде танысқан. Ұжым 2017 жылы құрылған. Айта кетейік, сол кезде олар Димаш Құдайбергенмен бірге I'm a Singer байқауына Қытайға барған еді. Бүгінде музыканттар Түркия, Израиль мен Еуропа қалаларында өнер көрсетіп үлгерген.