Қазақстанда әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға 15 мың теңге төленеді

0
628

2021 жылғы 30 сәуірде Президент Туристік қызмет туралы заңға түзетулерге қол қойды, онда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы көзделген.


Қазақстанда әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға 15 мың теңге төленеді

ERNUR.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Айдос Сәкенов туристерді көбірек тарту үшін қандай шаралар жасалатынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«2021 жылғы 30 сәуірде Президент Туристік қызмет туралы заңға түзетулерге қол қойды, онда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы көзделген. Қазір Kids go free – балалардың турпакет аясында тегін ұшуы бағдарламасын бастау туралы ақпарат жүріп жатыр. Одан басқа, санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауды субсидиялау; автобустарды сатып алу кезіндегі шығындарды өтеу бастамасы бар. Яғни, туроператор, турагент немесе гид автобус сатып ала алады және инвестициялық шығындардың 25%-ын мемлекет өтейді. Туристік қызмет нысандарын – қонақ үйлерді, хостелдерді, кэмпингтерді және басқа да нысандарды салу кезінде мемлекет инвестициялық шығындардың 10%-ын өтейді. Жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде инвестициялық шығындарды субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Жол бойындағы сервис – кез келген туристің демалысының ажырамас бөлігі», - деді Айдос Сәкенов Нұр-Сұлтанда өткен жиналыста тілшілерге берген сұхбатында.

Комитет төрағасы атап өткендей, шетелдік туристерді тарту бойынша да шаралар қарастырылған.

«Шаралар аясында әрбір шетелдік турист үшін туроператорларға 15 мың теңге төлейтін боламыз. 2022 жылдан бастап халықаралық тәжірибе бойынша bed tax нормасы күшіне енді. Биыл 0% мөлшерлеме белгіленген, кейіннен ол қағидаларда бекітілген әдістемеге сәйкес, әртараптандырылады. Бұл шаралардың барлығы ішкі-сыртқы туризмін дамытуға, азаматтарымызды ел ішінде демалуға ынталандыруға бағытталған. 1 қаңтардан бастап барлық нормалар күшіне енді», - деді Айдос Сәкенов.

Сонымен бірге, тау шаңғысы курорттарын қолдау шаралары да іске қосылды. Комитет төрағасының айтуынша, жабдықтар мен техникалар сатып алу, атап айтқанда қар генераторлары, аспалы жолдар, ратрактардың 25%-ы субсидияланады.