Қазақстан шетелден автокөлік әкелуге шектеу қоймайды – үкімет

0
537

Үкімет шет елдерден әкелінетін "проблемалық" автокөліктерге бақылауды күшейтеді


Қазақстан шетелден автокөлік әкелуге шектеу қоймайды – үкімет

ERNUR.KZ. Қазақстан шетелден автокөлік әкелуді шектеуді жоспарлап отырған жоқ, деп жазады sputnik.kz.

Кеше бірқатар БАҚ-та жақын шет елдерден Қазақстанға автокөлік әкелуге шектеу енгізіледі деген жаңалық жарияланды. Ақпарат үкімет басшысының депутаттық сауалға берген жауабынан алынған. Премьер-министрдің баспасөз қызметі осыған қатысты түсініктеме берді.
"Бүгінгі таңда шетелдік көліктерді заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайлары жиілеп кетті. Атап айтқанда, ұрланған немесе кепілге қойылған, жалған нөмір тағылған көліктерді пайдалану фактілері анықталып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанға "проблемалық" автокөлікті әкелудің алдын алу және жалпы әкімшілендіруді жақсарту үшін Көлік құралдарын әкелу ережелері (уақытша ережелерді қоса алғанда) әзірленуде. Онда мұндай автомобильдерге бақылауды күшейту, тіпті оларды елге әкелуді шектеуді көздейтін тетіктер қарастырылады", - делінген хабарламада.
Үкімет бұл шаралар шет мемлекеттерде тіркелген, ел аумағына заңды жолмен әкелінген және заңды бұзбай пайдаланылатын автокөліктерге қолданылмайтынын атап өтті.
Премьер-министр баспасөз қызметінің ақпаратынша, былтыр басқа елдердің құқық қорғау органдарымен салыстыру қорытындысы бойынша Қазақстанға әкелінген 35 мыңнан астам автомобильдің банк тарапынан және заң бойынша шектеулері болғаны анықталды. Сонымен қатар 600-ден астам көлік елге әкелу кезінде ЕАЭО-ға мүше елдердің құқық қорғау органдарының іздестіруінде болып шықты.