Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

0
1 029

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар белсенді дамып келеді.


Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Қазақстан Президенті болып қайта сайлануымен құттықтағаны және ізгі тілегі үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жоғары баға берді.

Ең алдымен, Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына қайта сайлануыма орай жеке құттықтағаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Шын мәнінде, алғашқы шетелдік сапарым осы елге, Ресей Федерациясына жасалып отыр. Мұның терең, саяси мәні зор. Әлбетте, бұл сапардың белгілі бір символдық мәні бар. Екінші жағынан, бұл қалыпты жағдай, өйткені мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық туралы әңгіме өрбіп отыр. Биыл біз дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толғанын атап өттік. Бүгін осы тарихи датаға арналған Декларацияға қол қоямыз – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстар белсенді дамып келеді.

Қазақстан үшін Ресей Федерациясы негізгі стратегиялық серіктес мемлекет болады және солай болып қала береді. Бізді түрлі саладағы терең қарым-қатынастар байланыстырады. Сіз Өңіраралық ынтымақтастық форумының кезекті отырысын меңзедіңіз. Бұл жолы ол Орынборда өтіп жатыр. Біздің одан әрі ілгерілуімізге елеулі негіз бар. Біздің елдеріміз арасындағы сауда көлемі пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан 24,5 миллиард долларға жетті. Ресей капиталының біздің елімізге бағытталуына қатысты үлкен жоспарымыз бар. Мен Мемлекет басшысы ретінде және біздің Үкіметіміз өзара тиімді шарттар негізінде Ресей капиталы Қазақстанда тұрақты жұмыс істеуі үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейіне көңіліміз толады деуге негіз бар. Сонымен қатар алға ұмтылу керек, дәл осы мақсатпен мен осында арнайы сапармен келдім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин Мемлекет басшысын сайлаудағы сенімді жеңісімен және Президент қызметіне кірісуімен тағы да құттықтады.

Ең алдымен, Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен ілтипат білдіремін. Ол Қазақстан Президенті болып қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми сапарын Ресейге жасады. Мен оны сайлаудағы сенімді жеңісімен тағы да құттықтағым келеді және елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі ауқымды өзгерістерге қатысты барлық жоспарын жүзеге асыруда сәттілік тілеймін, – деді Ресей басшысы.

Ресей Президенті сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстардың жоғары деңгейі мен ерекше сипатын атап өтті.

Әрине, Қазақстан Президентімен жиі кездесіп тұрамыз, жақында ғана жүздескен болатынбыз. Біз әрқашан әр кездесуімізде өзекті мәселелерді талқылаймыз. Ең алдымен, экономика мәселесін көтереміз. Өйткені бұл – біздің барлық саладағы табыстарымыздың негізі. Біз оны жоғары бағалаймыз. Жаңа ғана тұрақты түрде өтетін Өңіраралық форумға қатыстық. Онда да біздің әріптестер айтарлықтай нақты нәтижелерге қол жеткізетініне сенімдімін, себебі сауданың дені шекаралас аймақтар арқылы өтеді. Адамдар бір-бірімен араласады, бір-бірінің мүмкіндіктерін жақсы біледі. Біз қазір 2021 жылы тауар айналымының өскенін атап өттік. 2022 жылы да тұрақты артып келеді. Сондай-ақ дәстүрлі бағыттарда, жоғары технологиялық салаларда жұмыс істеп жатырмыз, бұл болашақ үшін өте маңызды, – деді Владимир Путин.

Қазақстан мен Ресей президенттері дәстүрлі түрде өзара сенім мен конструктивті негізде екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту жолдарын айқындады. Өнеркәсіптік қатынастар мен көлік-логистика саласындағы экономикалық іс-әрекеттерді күшейту басты міндет болып қала береді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойды.