​Голливудта жүлдегер болған домбырашы Естайдың ұрпағы болып шықты

0
1 578

Әлемдік шоу-бизнестің астанасы Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері бақ сынасқан болатын.


​Голливудта жүлдегер болған домбырашы Естайдың ұрпағы болып шықты

ERNUR.KZ.АҚШ-тың World Champions Olympic байқауына қатысып, өз номинациясы бойынша алтын медальға ие болған «Бастау» домбырашылар тобының мүшесі ақын, сазгер Естай Беркімбайұлының ұрпағы болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлемдік шоу-бизнестің астанасы Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері бақ сынасқан болатын. Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып, алтын медальды олжалады. Байқау жүлдегері атанған «Бастау» дуэтінің құрамында екі жігіт бар – Ернат Наурыз және Темірлан Олжабай.

Журналист, Естайдың шөбересі Фархат Әміреновтың айтуынша, Темірлан – павлодарлық ақын, әнші, композитор, атақты "Қорлан" әнінің авторы Естай Беркімбайұлының ұрпағы. «Менің атам Қыздарбек Әміренов – Естайдың інісі, - дейді журналист. – Темірлан – Қыздарбек ата мен Танкеш әженің үлкен қызының немересі. Темірланның атасының аты – Олжабай Арал. Ол – Екібастұз ауданының ең бірінші әкімі болған».

22 жастағы Темірланның анасы Арманның айтуынша, ол домбыра тартуды 5 жасынан бастап қолға алған. Қазір талантты жігіт Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3-курсында оқиды.

Айта кету керек, биыл Павлодарда ақын, әнші-композитор, Қазақстан композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі, еңбегі сіңген өнер қайраткері Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы аталып өтті.