Енді некесіз туған балалар мен қараусыз қалған қариялар да алимент талап ете алады

0
1 652

Елімізде балаларынан алимент ала алмай жүрген қарттардың саны 800-ден асып жығылады.


Енді некесіз туған балалар мен қараусыз қалған қариялар да алимент талап ете алады

ERNUR.KZ. Отбасы кодексіндегі өзгерістер ерлерді біраз материалдық тығырыққа тіремек. Бұдан былай ер азаматтар алиментті некесіз туған балаларына ғана емес, олардың аналарына да төлеуге міндеттеледі, деп жазады Almaty.tv.

«Неке мен отбасы жөніндегі» Кодекске биылдан бастап енгізілген өзгертулердің арқасында әйелдер босанғаннан кейінгі ем-домына қажетті қаражатты баланың әкесінен талап етуге құқылы. Мұндай қағида заңда бұрын-соңды болмаған. Алайда, әйелдер бұл төлемақыны заңсыз күйеулерінен тек белгілі жағдайда талап етуге құқылы.

«Күрделі босану, ұзақ уақытқа дейін сауығу мен дәрі-дәрмекке көп шығындалу сияқты жағдайларда ақшасын өндіріп алуы заңмен қарастырылған. Өзгерістер 1 сәуірден бастап күшіне енді. Осыған сәйкес, қалыпты босану кезінде – босануға дейін 70 және босанудан кейін 56 күн, ал күрделі босануда – босануға дейін 70 және босанудан кейін 70 күн ішінде алимент талап ете алады. Бұл үшін перзентханадан барлық құжаттар, дәрі-дәрмекке кеткен шығынды растайтын чектер қажет», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Гүлнұр СЕЙТХОЖИНА.

Жалғыз баласына қараспай жүрген әкелер ғана емес, сондай-ақ, қартайған ата-анасына қамқор болғысы келмей жүрген перзенттерге де заңмен бірталай тосқауыл қойылмақ. Мәселен, олардың жеке мүлкі тәркіленіп, жүргізуші куәліктері алынады.

Мысалы жасы 80-ге таянған Айтжамал Әшімованың қызы алимент төлеуден жалтарғаны үшін адвокат лицензиясынан айрылыпты.

«Қызым Зәуреш Әшімова өзіміз тұрып жатқан пәтерді алды да, сатып жіберді. Енді келіп «мен оны сатып алдым» дейді. Жалпы үш пәтерімді екі балам иемденіп отыр. Маған «сізге пәтердің не керегі бар?» деп айтады. Баспананың неге керегі қалай? Мен қазір өлейін деп жатқан жоқпын ғой. Бұл үйлер өзімнің еңбегімнің жемісі емес пе? Балаларымның осындай қылығына ашуланып, алиментке арыз беріп отырмын. Неге десеңіз, мен 60 мың теңге зейнетақы аламын. Ал қызым пәтерімді өзіне аударып алды да, тағы екі кісіні тіркеуге отырғызып қойды. Оның бәріне коммуналдық төлемді мен төлеп жатырмын. Сонда мен тамақ ішпеймін бе? Жүрмеймін бе? Мені мүлдем ойлап тұрған жоқ ол», – дейді қарт кейуана Айтжамал ӘШІМОВА.

Мамандардың айтуынша, заң бойынша балалар алиментті екі жағдайда төлеуге міндетті. Біріншіден, ата-анасы еңбекке қабілетсіз болса және көмекке мұқтаж болған жағдайда.

«Ата-анасы өзінің көмекке мұқтаждығын растауы тиіс. Оған дәлел ретінде зейнетақы куәлігі мен еңбекке қабілетсіздігін растайтын анықтама көрсетіледі. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмекке рецепт, емдеу туралы анықтама, азық-түлік шығыны мен басқа да қажеттіліктерінің шығынын дәлелдейтін құжаттар қажет. Алимент сомасын бекіту үшін баласының да материалдық жағдайын қараймыз. Үйі бар ма, несие төлеп жатыр ма, кәмілеттік жасқа толмаған қанша баласы бар, соның барлығы ескеріледі», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Айгүл МОЛДЫБАЕВА.

Бір қызығы, балаларын туған ата-анасы ғана емес, өгей аналары мен өгей әкелері де сотқа беруде. Қорғаушы Айбек Қазбеков өз тәжірибесінде бірінші рет мұндай істі қарауда. Айтуынша, оның клиенттерін өгей анасы сотқа беріп, ақша өндіруді көздеп отыр.

«Өгей анасы еңбекке жарамсыз болса ғана алимент талап ете алатыны заңда тайға таңба басылғандай жазылған. Бұл ретте сотқа арызданушы азаматша ажырасқан уақытында еңбекке қабілетті болған. Сонымен қатар, оған өзіне және туған қызына пәтер сатып алу үшін қаражат бөлінген. Сондықтан талаптары әділетсіз. Бұдан бөлек, ол алиментті бірінші кезекте, туған қызынан талап етуі тиіс», – дейді қорғаушы Айбек ҚАЗБЕКОВ.

Елімізде бауыр еті балаларынан алимент ала алмай жүрген қарттардың саны 800-ден асып жығылады. Мұндай теріс тенденцияның түбі тәрбие мен балалық шақта жатыр екен. Психолог мамандар осындай тұжырымға келіп отыр. Бұл ретте «Тәрбие – тал бесіктен» екенін ойдан шығармаған абзал болар. Қайткенмен де, жағдайы бола тұра ата-анасына қамқор болмайтындардың сот мүлкін тәркілеп, шетелге шығармайды. Бірақ тағы бір айта кететін жайт, кезінде баласына қарамаған немесе ата-ана құқығынан айырылған қарттарға балаларының да ақша төлемеуге құқы бар.