Елордада лифт ішінде маска үшін төбелескен қыздар видеоға түсіп қалды

0
2 616

Видеода лифтіге үш қыз кіргенін көруге болады.


Елордада лифт ішінде маска үшін төбелескен қыздар видеоға түсіп қалды

ERNUR.KZ. Лифт ішінде маска үшін төбелескен астаналықтар видеоға түсіп қалды. Жанжал видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Елордалық полиция департаменті жағдайға қатысты түсінік берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Видеода лифтіге үш қыз кіргенін көруге болады. Олардың екеуінде бетперде бар. Кейін олар маскасыз қызбен төбелесе бастайды. Желіде қыздардың бірі не болғанын айтып берді.

"2021 жылы 18 ақпанда лифтіде екі белгісіз әйел маған "маскасыз" екенімді айтып шабуыл жасады. Мен олармен сөзге келіп қалмау үшін маскамды алдым. Бірақ бұл оларға жеткіліксіз болды. Жасы үлкенірек әйел бірінші бетімнен ұрды, мен оны итеріп жібермек болдым, сөйтіп олар маған жабылып, бейәдеп сөздер айтып, шашымнан ұстап алды. Олар мойнымнан, басымнан ұрып, шашымды жұлды, есімнен танып қала жаздадым. Тоғызыншы қабатқа дейін қинады. Мен "Көмектесіңдер!" дей бастағанда, көршілердің бірі естіп шыққанда олар мені жібере салып, көршілердің алдында мені нашақор деп, айғайлай бастады. Оларға мен шабуыл жасады деді. Сөйтіп тез үйлеріне қашып кетті", - дейді қыз.

Қыздың айтуынша, ол қазір дәрігерге қаралып, невропатологпен емделіп жатыр.

Полиция департаменті видеодағы үшеуі де табылғанын және олар бір-біріне қарсы мәлімдеме жазғанын айтты. Тәртіп сақшылары тұрғын үй кешенінің лифтіндегі жанжал себебі маска болғанын да растады.

"23 жастағы астаналық қызға лифтіге кірген екі әйел ескерту жасағаны анықталды. Содан кейін жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан.
Сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша, кінәлі адамды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тарту туралы шешім қабылданады", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметіндегілер.

Полиция департаменті өкілдері тұрғындарға карантин режимі жалғасып жатқанын ескертіп, олардан санитар нормаларды сақтауды және қоғамдық тәртіпті бұзбауды сұрады.