Елімізде көкөніс пен жеміс-жидек бағасы өсті

0
679

Дайын жылыжайларды сату туралы ұсыныстар өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті.


Елімізде көкөніс пен жеміс-жидек бағасы өсті

ERNUR.KZ. Елімізде былтырғы жылмен салыстырғанда көкөніс пен жеміс-жидек бағасы көтерілді, деп жазады inbusiness.kz.

Егер 2021 жылы 1 кг қарбыз 160 теңге тұрса, биыл оның бағасы 15 теңгеге өсіп отыр. Шиенің бір килограмы – 1 500 теңге, былтырғымен салыстырғанда 240 теңге артық төлейсіз дегенді білдіреді. Қарақат, таңқурай, құлпынай бағалары да 100-300 теңгеге артық. Қымбатшылық көкөністерге де қатысты: қияр – 355 теңге (30 теңгеге артық), қызанақ – 280 теңге (35 теңгеге артық), сәбіз – 225 теңге (20 теңгеге өсті), пияз – 200 теңге (10 теңгеге артық).

Пандемия кезеңінде халықтың көкөністер мен жеміс-жидек түрлерін интернет арқылы сатып алуы да айтарлықтай өсті. Бұл фермерлік тауарларға деген сұраныстың артқанымен түсіндіріледі. Күз-қыс мезгілдерінде көкөністер мен жеміс-жидектерді мұздату арқылы дәрумендерге деген қажеттілік қамтамасыз етіледі.

Статистикалық деректерге сәйкес, қазақстандықтардың құлпынай, шие, таңқурай, өрік көшеттерін сатып алуға деген сұранысы артқан.

Аймақтар бөлінісі бойынша нарықты қарайтын болсақ, мысалы, құлпынайдың бір келісіне Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары 2 700 теңге төлесе, қызылордалықтар оны 700 теңгеге сатып алады. Сұранысқа ие көкөніс түрі – картоп. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Өскемен қалаларында оның бір келісі 350 теңге тұрса, Қызылордада – 210 теңге.

Көкөніс пен жеміс-жидек бағасының жылдам өсуі бау-бақша мен жылыжайларға деген сұранысты да арттырып отыр. Дайын жылыжайларды сату туралы ұсыныстар өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті. Сәйкесінше, жылыжай бағасы да 3 есеге өсіп, орташа құны 225 мың теңгені құрайды.