Дұрыс тамақтанбау қатерлі ісікке әкеледі – онколог

0
2 408

Дәрігер күнделікті мәзірге міндетті түрде көкөніс пен жемісті енгізуге кеңес береді.


Дұрыс тамақтанбау қатерлі ісікке әкеледі – онколог

ERNUR.KZ. Солтүстікқазақстандық онколог-дәрігер Хабдырахман Беркімбаев ішетін асымыздың қатерлі ісіктің дамуына әсер ететінін ескертеді. Маман обырдан сақтану үшін күніне ең кемінде 5 рет көкөніс пен жеміс жеуге кеңес береді, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығының радиология бөлімшесінің меңгерушісі Хабдырахман Беркімбаевтың айтуынша, қатерлі ісіктің кей түрлерін белгілі бір кезеңде емдеп-жазуға болады. Әлі күнге дейін обырдың нақты неден пайда болатыны анықталған жоқ. Алайда қауіпті дерттің алдын алуға болады.


«Ең бірінші күтіну қажет. Еңбек пен демалыстың ара жігі болуы керек. Әрине, спортпен айналысудың денсаулыққа тиімділігін айтпаса да болады.

Жағымсыз эмоцияларға жол бермеңіз және ішетін тамағыңызды жоспарлап үйреніңіз», - дейді дәрігер.


Маманның айтуынша, қатерлі ісікке әкелетін негізгі факторлардың бірі – дұрыс тамақтанбау. Аурудан аман болу үшін талғап жеу қажет.


«Сүрленген өнімнен, қуырылған, консервіленген, маринадталған, тұздалған және натрий нитриті қосылған тағамдардан барынша бас тартқан дұрыс.

Қатты ыстық шай мен тамақты аса ыстық күйінде ішуге болмайды. Алкогольден бас тартыңыз.

Соңғы кезде сыраны мөлшерден көп ішетіндер көбейген. Қазіргі сыралар обырдың пайда болуына әсер етеді. Сондай-ақ бұл ішімдік семіздікке әкеліп, ағзадағы гормонды тепе-теңдікті бұзады. Чипсы, попкорн, фри картобы денсаулыққа зиян. Ал біз оны тіпті балаларға береміз», - дейді Хабдырахман Беркімбаев.


Дәрігер күнделікті мәзірге міндетті түрде көкөніс пен жемісті енгізуге кеңес береді.


«Көкөніс пен жеміс-жидекті, өсімдіктен жасалған өнімдерді, соның ішінде шырынды күніне ең кемінде бес рет тұтынған жөн. Бұршақ тұқымдастарды, пияз бен сарымсақты, кепкен жемістерді, сүт және балық өнімдерін ас мәзіріне кіргізу керек. Майлы тағамды азайтып, дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға тырысу қажет. Дұрыс тамақтану нәтижесінде ағзаға қажетті дәрумендерді алып қана қоймай, емделеміз де», - дейді онколог-дәрігер.