​Дәрігердің салғырттығынан омырауынан айырылды

0
1 380

Омырауынан айырылған әйелге 6 млн теңге өтемақы төленетін болды.


​Дәрігердің салғырттығынан омырауынан айырылды

Атырау қалалық сотында медицина қызметкерлерінің салғырттығынан әйел адамның денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге қатысты азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Атырау тұрғыны У. №2 қалалық емхана мен облыстық онкологиялық диспансерге қатысты 3 млн 422 мың теңге көлемінде материалдық шығындар мен 20 млн теңге көлемінде моралдық зиянды өтеу туралы сотқа талап-арыз берді. Сот шешімі бойынша ол 6 миллион 130 мың теңге алатын болды. Талапкер 2016 жылы наурыз айында емханаға оң жақ кеудесінің ауыратынын айтып, шағымданып барған. Клиниканың дәрігерлері ауруға дер кезінде диагноз қоя алмаған, соның салдарынан науқастың жағдайы нашарлай берген. Кейінірек ол онкологиялық диспансерге жіберіліп, онда дәрігерлер шұғыл биопсия жасаған. Ал Атырау сот сараптама институтының қызметкерлері әйелдің оң жақ сүт безінен қатерлі ісік болғанын айтып отыр.

«№2 емхана мен облыстық онкологиялық диспансерден 3 млн 130 мың теңге материалдық шығын және 3 млн теңге көлемінде моралдық залал өндірілетін болды. Сот шешімі заңды күшіне енді. Кінәлі дәрігерлерге қатысты қызметтік тергеу жұмыстары жүргізілуде», дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев.