Боранбаевтың адвокаттары судьяны ауыстыруды сұрады

0
615

Қанафиннің айтуынша, кейбір куәгерлер Алматыдан бір күнге ғана келген.


Боранбаевтың адвокаттары судьяны ауыстыруды сұрады

ERNUR.KZ. Қайрат Боранбаевтың адвокаттары Данияр Қанафин мен Вера Войцеховская қазіргі судья Назгүл Бапақованы қылмыстық істі қараудан шеттетуге өтініш білдірді, деп жазады sputnik.kz.

Қанафиннің айтуынша, кейбір куәгерлер Алматыдан бір күнге ғана келген. Ал судья оларға сөз бермей жатыр.
"Біз шақырған куәгерлер қорғалып жатқан адамдардың жеке тұлғасын сипаттап бере алатын жағдайларды айтуға келді. Бұл да іске қатысты маңызды фактілер, оны да қарастыру керек қой. Судья олардың бір күнге ғана келгенін біліп отыр. Олардан жауап алуды кейінге шегеру қисынсыз. Заңда қылмыстық процесті жүргізетін орган, атап айтқанда, судья куәгер ретінде келген адамнан жауап алудан бас тартуға құқысы жоқ. Олар күні бойы күтті, бүгін тағы дәлізде отыр. Сөз бермей жатыр", - дейді адвокат.
Қанафин судьяның аудио мен видеожазба жүргізуге тыйым салуына қарсылық білдірді.
"Заңда ондай тыйым жоқ. Куәгерлер сондай өтініш жасады дейді. Бірақ біз сол куәгерлердің өтінішін көрген емеспіз. Сот өндірісінің ашықтығы мен жариялылық қағидатын шектейтін ондай шара қай заңға негізделгенін түсінбей отырмыз", - деп атап көрсетті заңгер.
Оның сөзіне қарағанда, айыпталушы жағы ештеңе жасырып отырған жоқ. Бәрін ашық айтуға дайын. Ал сотта айыптаушы тарапқа басымдық беріліп отыр.
"Заңда судьяның қаралып жатқан іске мүдделі екенін санауға негіз болатын жағдайдар анықталса, оны шеттетуге болатыны туралы анық жазылған. Біз болсақ, айыпталушы тарапқа неге басымдық беріліп жатқанын түсінбей отырмыз. Сондықтан осындай мәлімдеме жасауға мәжбүрміз. Бұл ұстанымды қорғалушымен келістік. Осы іс ашық әрі әділ қаралады деген сенім жоқ", - дейді Қанафин.
Нахановтың адвокаты Аян Бозабаев та өз әріптесін қолдады. Ол судья Бапақованың куәгерлерді "негізгі топқа" бөлгеніне наразы.
"Сонда айыптаушы жақтың куәгерлері негізгі, ал қорғаушы жақтың куәгерлері "басқалар" санатына жата ма? Неге олай бөліп жатыр? Кеше судья Бапақова сөзімді аяқтауға мүмкіндік бермеді. Мен 10 минут сұрағанмын. Бұл өте маңызды өтініш болды. Бүгін болса, еш маңызы жоқ. Мұның барлығы қорғаушы тараптың құқығын шектеп отыр " - деді Бозабаев.
Оның айтуынша, қорғаушылардың нақты стратегиясы бар. Айыптаушы соны түсініп, кедергі жасауға тырысты. Судья да бәрін түсініп, авдокатты тоқтатқан. Сот қорғаушы тарапты судья Назгүл Бапақованы шеттетуге қатысты өтінішін қабылдамады.
Еске салсақ, Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Оның қызы Әлима 2020 жылдың тамыз айында қайтыс болған Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шықты. "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен Роман Нахановқа, сондай-ақ, "Qazaq Gaz" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзаққа қатысты істі тергеуді аяқтаған болатын.
Олар сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңге ұрлап, қылмыстық кірістерді заңдастырды деген күдікке ілінді. "Qazaq Gaz" компаниясына келген шығын толығымен өтелді. Ақша ұлттық компанияның шоттарына аударылды.