БҚО-да көлік қатынасы үзілген ауылдардан 11 жүкті әйел шығарылды

0
369

Соңғы тәулікте жағдайды тұрақтандыру мақсатында қауіпті учаскелерде инертті материалдар салынған 3 мыңға жуық қап төселді.


БҚО-да көлік қатынасы үзілген ауылдардан 11 жүкті әйел шығарылды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда, деп жазады ҚазАқпарат.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте жағдайды тұрақтандыру мақсатында қауіпті учаскелерде инертті материалдар салынған 3 мыңға жуық қап төселді.

Жұмыстар Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында жүргізілуде. Сонымен қатар су басқан аудандарда тәулігіне 40 мыңнан астам текше метр су сорылды.

Орал қаласының шетінде Деркөл және Шаған өзендерінің арналарында су деңгейіне мониторинг жүргізу үшін бақылау бекеттері қойылды. Су деңгейі сағат сайын өлшенеді.

Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірге Деркөлдегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Бәйтерек ауданы Зеленый ауылында алты күн бой су тасқынына қарсы күресті. Соның нәтижесінде осы ауылда тұрғын үйлерді су басуға жол берілмеді. Қазіргі таңда өзендегі су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді. Достық ауылында да осындай іс-шаралар атқарылды.

БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев жолды су шайып кетуі салдарынан көлік қатынасынсыз қалған елді мекендердегі ахуал туралы айтып берді.

Оның сөзіне қарағанда, құтқарушылар қауіп-қатер мен болжамдарды ескере отырып, күні жақын жүкті әйелдер мен медициналық көмекке мұқтаж адамдарды су тасқыны басталғанға дейін алып шықты.

«Барлығы 11 жүкті және 2 науқас адам қауіпті жерден шығарылды. Олардың бір бөлігі су баспаған елді мекендердегі аудандық ауруханаларға, қалғаны туыстарының үйлеріне орналастырылды», - деді Қ.Доспаев.

Сонымен қатар департамент бастығының орынбасарлары ол ауылдарда азық-түлік дүкендері бар екендігін айтты. Дүкен иелері қандай өнім қажет екендігі туралы мәліметті әкімдіктерге береді. Әкімдіктер сатып алған азық-түлікті құтқарушылар жүзу құралдарымен және өтімділігі жоғары техникамен жеткізіп береді.

Сондай-ақ елді мекендерде электр қуатына байланысты орын алған ақау тез арада жойылып, жарық берілген.

«Апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды атқаруға Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері және жергілікті атқарушы органдардан 1 мыңға жуық адам, инженерлік техника, мотопомпа, жүзу құралдарын, тікұшақты қоса алғанда 400-ден астам техника қатысуда. Жергілікті атқарушы органдар «Қазсушар», «ҚазАвтоЖол» өкілдерінің қатысуымен республикалық және облыстық жедел штаб тәулік бойы жұмыс жасауда», деп хабарлады ведомстводан.