Биылғы «Алтын домбыра» айтысы Ақ Жайықта өтеді

0
1 385

Жүрсін Ерман сегізінші «Алтын домбыра» айтысының биыл Оралда өтетінін хабарлады.


Биылғы «Алтын домбыра» айтысы Ақ Жайықта өтеді

ERNUR.KZ. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өңірде тұңғыш рет жекпе-жек ақындар айтысы өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Амфитеатрда 1200-ден астам көрермен тамашалаған бірегей өнер кешіне төрт ақын қатысты.

Айтыстың бұл жолғы ерекшелігі, жүлде тігілген жоқ. Ақындар уақытқа қарамай, ашық аспан астында емін-еркін айтысты.

Алдымен қызылордалық азулы ақын, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов пен республикалық айтыстарда жүлде алып, өзін көрсетіп үлгерген оралдық Талғат Мықи сахнаға шықты. Сөз сайысы барысында Мұхтардың тегеурініне Талғат төтеп бере білді. Мұхтар талантты інісін қолдап отырды. Арасында қайым айтысқа да кезек берілді.

Атыраулық танымал айтыскер Шалқарбай Ізбасаров пен жетінші «Алтын домбыра» иегері, батысқазақстандық Жансая Мусинаның тартысы ерекше әсер етіп, елді баурап алды.

Ең бастысы, ақындар жеке басқа тиіспей, ұсақ-түйекке бармай, алуан-алуан маңызды мәселелерді қозғай білді.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев Ақ Жайық өңірінде алғаш рет жекпе-жек ақындар айтысын ұйымдастырған Қадыр орталығының директоры Бауыржан Халиолла мен оның ұжымына ризашылығын білдірді.

Кештің басты қонағы болған белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман сегізінші «Алтын домбыра» айтысының биыл Оралда өтетінін хабарлады.

«Менің көптен іздеп жүргенім осындай жекпе-жек айтыс еді. Біз айтысты телевизияға лайықтап, уақытын шектеп, біраз бұзып алдық. Бұл жолы қазылар алқасы да болған жоқ. Ақындардың ешкім аузынан қаққан жоқ. Олар да елдің аузында жүрген көкейкесті жайларды айта алатынын тағы бір дәлелдеді. Осы сапарымыз барысында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қабылдауында болып, сегізінші «Алтын домбыра» айтысын Оралда өткізу туралы ұсынысымызды білдірдік. Өңір басшысы мұны қолдады. Енді жыл соңында еліміздің ең мықты ақындары Ақ Жайықта бас қосатын болады», - деді Жүрсін Ерман.