Биыл Қазақстанға 3 миллионға жуық ресейлік келген

0
344

Комитет басшысының дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға 5 600 000 шетелдік келді.


Биыл Қазақстанға 3 миллионға жуық ресейлік келген

ERNUR.KZ. ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов елдегі көші-қон статистикасын жариялады, деп жазады ulysmedia.kz.

Комитет басшысының дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға 5 600 000 шетелдік келді. Көбі Ресей азаматтары – 2 900 000. Өзбекстан – 2 300 000, Қырғызстан – 730 000, Тәжікстан азаматтары – 330 000.

Қазіргі кезде Қазақстанда 650 000 шетелдік уақытша тұрады.

2020-2021 жылдармен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны артқан. Бірақ ол жылдары пандемия кезі еді. Дұрыс сараптама жасау үшін 2019 жылмен салыстыру керек. Сол жылы Қазақстанға 7 млн-ға жуық шетелдік келді. Ал биыл шет мемлекеттерден 5 600 000 адам келген.

Иммиграциялық ағын тек 11 сәуірден бастап қайта қалпына келді. Карантиндік шектеулер алынып, шекаралар ашылды.

Аталықовтың мәліметінше, жаздың үш айында Қазақстанға 2 300 000 шетелдік кірді. Ең көп келгендер тамыз айында болды – 960 000. Одан соң келушілер саны азая бастады. Қарашада 500 000 дейін түсті. Желтоқсан айындағы 20 күн ішінде 325 000 шетелдік келді.

Біздің елге сырттан жиі келетін қонақтардың ең негізгісі – көрші Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың көп келетін уақыты жаз айлары. Жазғы демалыс кезінде Қазақстанға 1 200 000 аса ресейлік келді. Ең көп көрсеткіш шілде айында – 485 000 адам. Қыркүйек айында Қазақстанға 406 000 Ресей азаматтары келді. Олардың көбі ішінара мобилизацияға байланысты қыркүйектің 21-і мен 30-ы аралығында болды.

Келушілер санының көптігіне қарамастан еліміздің шекара мен көші-қон қызметтері тұрақты жұмыс жасады.

1 қазаннан бастап Ресейден келушілер саны қайта азайды. Қазір бір күнде келетіндердің орташа саны 6-7 мың адамнан аспайды. Тек демалыс күндері ғана келетіндер қатары ішінара көбейеді, сауда-саттық үшін деп ойлаймын. Негізі 21 қыркүйектен бастап Қазақстанға келген ресейліктердің 200 мыңы транзитпен басқа елге шығып кетті. Өзбекстанға – 47 000, Қырғызстанға – 46 000, Түркияға – 37 000, – дейді А.Аталықов.