"Басын қайнатып, тісін, тырнағын жұлып алған": Алматыда өлтірілген Аяжанның туыстары сұхбат берді

0
3 621

Күдікті - "Алтын белгі" иегері болған.


ERNUR.KZ. 20 наурызда жоғалып, кейін пәтерлердің бірінен мәйітінің бөлшектері табылған алматылық Аяжан Еділованың туыстары жантүршігерлік оқиға жайлы айтып берді, президентке үндеу жасайтындарын хабарлады, деп жазады stan.kz.

Аяжанның туысқан ағасы Алмат Мүліков полиция пәтерде табылған киімдер мен заттардың Аяжандікі екенін нақты айта алмай отырғанын жеткізді. Қазіргі уақытта егжей-тегжейлі сот медициналық сараптама жасалуы керек, дейді ол.

"Тергеу өте кеш басталды. Қазіргі кезде сараптама жұмыстарын тездетуді сұраймыз. Күдікті жауаптарынан ол бірінші Аяжанды өлтіріп, содан кейін барып денесін бөлшектегендігі айтылды. Тездетіп ДНҚ тестін жасап, ата-аналарымен сәйкес келуін анықтауды сұраймыз. Шын мәнінде мәйіттің Аяжанға тиесілі екенін анықтау керек. Себебі полиция бізге мұны тек ауызша айтты. Біз бұл туралы БАҚ арқылы біліп отырмыз. Пәтердегі заттар одан қалып қалған болуы мүмкін, бұл ештеңені білдірмейді. Аяжанның көп заттары табылмады", - дейді ол.

Күдікті - "Алтын белгі" иегері болған

Алмат Мүліковтің мәліметінше, күдікті 28 жастағы фармацевт. Ол пәтерге полиция басып кіргенде өзінің мойнын тілген.

"Үшінші тұлғалардан Оңтүстік Қазақстан облысында фармацевтке оқығанын білдік. Оның жасы 28-де. Осында пәтер жалдап тұрған. Жақындары әлі хабарласқан жоқ. Ұсталу кезінде біз оны көрдік. Есік ішінен жабылғандықтан, оны ТЖ өкілдері ашқан кезде ол мойнын тіліп үлгерген. Аяжанның дене бөліктерін көрдік. Әрбір тісін, тырнағын жұлып алған. Оларды пакетке салып қоюлы түрде көрдік. Ол мұны арнайы бірнәрсеге жинаған. Басы қайнатылған, тек бас сүйегі ғана қалған. Оның айтуынша, бірінші өлітріп, кейін мәйітін құртпақ болған. Алайда мәйітті мұндай жолмен құрту ақылға қонбайды. Не себепті әр тісті, тырнақты жұлу қажет болды? Біздің ойымызша, бұл нағыз маньяк. Қазір біз оған ең қатал жазаны беруді сұрап отырмыз. Ол жазадан қашып құтылуы мүмкін деген болжам бар. Есі дұрыс емес деген желеумен ауруханаға жатқызып тастауы мүмкін. Қазір біз осы істі президенттің өзі, ҚР ІІМ қолына алуын сұрап отырмыз", - дейді ол.

Белгілі болғандай, Аяжан Талдықорғанда туып-өскен, ата-анасы сонда тұрады. Осында Сымбат сән академиясында 4-курста оқыған. Басқа студенттер сияқты жатақханада тұрған.

"Осы қалада туыстары бар. Бірақ біз алыста тұратын болғандықтан бөлек тұрды. Жұмыс істеп жүріп сабақ оқыған. Өзінің бизнесін жандандырғысы келіп, жанып тұрған еді. Полиция ата-анасын әлі шақыртқан жоқ", - дейді Алмат Мүліков.

Туыстары қыздың өз еркімен пәтерге келгеніне сенбейді

"Қазір қылмыскердің нұсқасы негізі нұсқа болып отыр, алайда біз оны шындық деп есептемейміз. Бізше, ол Аяжанға жұмыс бабымен ұсыныстар жасаған болуы мүмкін: жарнама, тауар алмасу немесе киім тігу үшін өлшем алу үшін шақыртқан болуы мүмкін. Ол кез келген біреуге бара салатын қыз емес, жұмыс деп "жанып" тұрушы еді. Оны алдаған шығар деп ойлаймыз", - дейді ол.

Айтуынша, қоғамдық ұйыммен бірлесе отыра қызды іздеуге кіріскен.

"Полиция үйді 22:00-де таптық деп хабарлады. Біз ол жаққа 23:00-де келдік. Өз күшімізбен қылмыскердің үйін, мекенжайын тауып алдық, полициядан бір сағат қана кеш жеттік. Олар болса барлық мүмкіндіктеріне, камераларға қарамастан, телефон әңгімелерін қарауға мүмкіндіктері бола тұра, телефонды іздеу құрылғылары, базалары болса да, пәтерді бізден бір сағат қана ерте тапты. Іздеуді де кеш бастады, себебі 20 наурызда Медеу ауданында өтінішімізді қабылдамай қойды. Кезекші бөлімде Наурызға байланысты полиция митинг жұмыстарын қатаңдатумен жүргенін, айтқан. "Жігітімен бірге жатқан шығар немесе құрбысымен қыдырып жүр" деп жауап берді", - деп наразылығын білдірді марқұмның ағасы.

Айтуынша, күдікті полицейлерге күліп, ортаңғы саусағын көрсеткен. Бұл фактіден біз оның есі дұрыс адам емес екенін түсінеміз, дейді ол.

"Өзіміз-ақ, табушы едік. Яндек такси бізге 5 минутта жауап берді. Indriver-ге де хабарластық. Мәйітханаға, басқа да жерлерге екі сағаттың ішінде хабарласып шықтық. Indriver прокурордың санкициясын тағы басқа ұзақ уақытта талап ететін құжаттарды сұрады. Соншалықты қиындатып тастаған. Прокурор демалысынан шыққанға дейін біз оларды тосып отыруымыз керек пе?", - дейді туысы Бибігүл Ақжайық.

"Күдіктінің фотосын, аты-жөнін жариялау керек"

НеМолчи қорының жетекшісі Дина Таңсәрі күдіктінің іс-әректі маниякалды, дейді. Айтуынша, ол қылмысты кәсіби түрде жасаған.

"Терісі де бөлек сыпырып алған. Мұндай заттарды фармецевтикалық мақсатта қолданғысы келген болуы мүмкін. Себебі адам мәйітті тыққысы келсе, бұлай бөлек-бөлек бөлшектеп отырмайды. Қазақстанда мұндай жағдай ешқашан болмаған. Бұл бүге-шүгесіне дейін ойланып, толғанып жасалған іс. Меніңше, осы дене бөліктерді фармацевтикалық мақсатта, соның ішінде коммерциялық мақсатта қолданбақ ойы болған. Күдіктінің жоғары білімі бар және бұл қыз оның жалғыз құрбаны емес деген болжам бар болғандықтан, бұл жерде егжей-тегжейлі тергеу керек", - дейді НеМолчи қорының жетекшісі Дина Таңсәрі.

Айтуынша, тексеріс жүргізу үшін шетелден мамандарды шақыртқан жөн. Сүйек, тері, тіс, тырнақтарды бөлек жинаудың не қажеті бар? Бұл - өте кәсіби түрде жасалған іс. Сондықтан басқа құрбандар болуы мүмкін деген болжам орынды.

"Тағы бір шымбайға батары, біздің полиция өкілдері зардап шеккен қыз жайлы толық ақпаратты берді, алайда күдікті жайлы ештеңе айтылған жоқ. Оның түрін, аты-жөнін, фотосын, қайда оқығанынжариялау керек. Осы арқылы оның басқа да құрбандарын анықтауға болады. Кім біледі ол қанша адаммен сөйлескенін? Ол тек өзінің ғана атынан емес, басқа фейк адамдардың атынан желі арқылы сөйлесуі мүмкін еді", - дейді Дина Таңсәрі.

Айта кетейік, марқұм Аяжан Еділова дизайн мамандығында оқыған. Одан бөлек, тігінмен айналысқан өзінің интернет магазині болған. Қосымша, сән салонында тырнақ жасаумен айналысқан.