Банкроттыққа кімдер үміттене алмайды – заң жобасы

0
648

Сот шешімімен алимент немесе келтірілген шығынды өтеуге міндеттелген азаматтар банкроттық рәсімін қолдана алмайды.


Банкроттыққа кімдер үміттене алмайды – заң жобасы

ERNUR.KZ. Бұл туралы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ол "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасы бойынша қарызы кешірілмейтін бірнеше категория бар екенін атап өтті. Мұндай азаматтарға қатысты банкроттық процедурасын қолданбауға сот шешімі негіз болады.
"Егер белгілі бір адамның пайдасына алимент өндіру туралы сот шешімі болса, онда бұл қарыз кешірілмейді. Бұдан бөлек, адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген залалды өтеу туралы сот шешімі бар. Мысалы біреу жол апатынан зардап шегіп, сот шешімі шықса, кінәлі адам келтірілген шығынды өтеуге міндетті. Қылмыстық істер бойынша шығарылған сот шешімі негізінде өтеуге жататын шығындар да бар. Мәселен, жеке тұлғаға немес мемлекетке келтірілген шығын. Міне, осы санаттағы істер бойынша банкроттық қарастырылмаған, яғни берешек кешірілмейді", - деп түсіндірді Миятов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетері, заң жобасы бойынша банкроттық рәсімінің үш процедурасы көзделген: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соттан тыс банкроттыққа өтелмеген қарызы 4,9 млн теңгеден аспайтын, ал сот арқылы банкроттықққа берешегі 4,9 млн теңгеден асып кеткен азаматтар үміттене алады. Бүгінде Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алып, оны өтей алмай жүрген 1,4 млн адам бар.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл процедура тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын қарастырады.
Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – азамат "банкрот" деген статус алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.